Су мәселесі – өмірлік мәселе

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еңбек

Су ресурстарын қорғау, су қауіпсіздігі, оны тиімді пайдалану – адамзат үшін өмірлік маңызды мәселе. Су тапшылығы қоршаған орта мен адамзаттың дамуына, соның ішінде демографиялық, әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына кері әсерін тигізетіні белгілі. Қазіргі кезде тұщы су көздерінің мәселесі, әсіресе халықты таза сумен қамтамасыз ету адамзаттың ортақ мәселесіне айналуда. Ресми ұйымдардың деректеріне сүйенсек, әлем халқының үштен бірі ауызсуға зәру, сонымен қатар сапасыз ауыз судың кесірінен 3 миллиардтан астам адам түрлі ауруларға ұшырауда.

Көптеген елдердің ең басты мәсе­лесіне айналған ауызсу тапшылығы ұлан-ғайыр даласы шөлейттеніп бара жатқан Қазақстан үшін де өзекті мәселе. Республи­камыздағы негізгі су артериялары болып саналатын Ертіс пен Іле өзендері көрші жатқан алпауыт Қытай елінен бастау алса, оңтүстігіміздегі Сырдария, Шу, Талас өзендері Қырғыз және Өзбек еліне тәуелді, ал Батыс өңіріндегі Ақжайығымыз Ресейге байланысты болып отыр. Себебі, еліміздегі су қорының 40 %-дан астамы шекаралас елдердің аумағында қалыптасып, су артериялары арқылы ағып келетін­діктен, ғаламдық климаттың өзгеруі мен шаруашылық іс-әрекеттің қарқынды даму барысында су иелері өз тараптарынан жіберетін су көлемін азайтпасына сенім жоқ.

Тіршілік көзі – су мәселесін зерттеумен айналысушы сарапшы­лардың пікіріне қарағанда, қазіргі кезде су ресурстарына байланысты өзекті мәселенің бірі – халықаралық су ағысын пайдалануды реттеу. Себебі аймақтық және ғаламдық гидрологиялық циклдерді құрайтын өзен жүйелерінің шекарасы болмайды: әлемде 261 су алабы – халықаралық болып табылады; олар жер бетінің 45 %-н алып жатыр. Соңғы 50 жыл ішінде халықаралық алаптарда су проблемаларынан туындаған 500-ден аса қақтығыс жағдайлары қалыптасып, кейбір жерлерде әскери іс-қимылдарға дейін баруына мәжбүр етті. Бұл мәселені шешу жолдарын зерттеген еліміздің ғалымдарының жұмыстары туралы атап айтпасқа болмайды.

Осы орайда халықаралық өзен­дердің су ресурстарын пайдалану және қорғау бағытында жүргізіліп жатқан ғалымдардың жұмыстарына тоқталатын болсақ, қазіргі таңда ҚР мен ҚХР арасындағы келіссөз процесі шеңберінде екі ел ара­сындағы халық­аралық өзендердің су ресурстарын бөлу туралы келісім­дердің бірнеше нұсқасы әзірленіп, ол мемлекетаралық су бөлудің маңыз­ды мәселелерін шешуде тарап­тардың позициясын айтарлықтай жақындатуға мүмкіндік берді. Қазақстан мен Қытай арасын­дағы халықаралық өзендер бойынша шарттық-құқықтық дерекқор бүгінгі күні қолданыстағы 10 келісімді құрайды, оның ішінде 4 үкімет­аралық, 3 ұжымаралық және 3 өңір­аралық. Қытай елінен бөлек Ресей­мен де жүргізілген келіссөздер, яғни Омбы облысына келетін Ертіс ағындысының азаюын өтеу үшін және суды лақтыру жолы бойымен гидроэнергетикалық ресурстарды тиімді игеруге қатысу мақсатында Жоғарғы Қатын бағыты бойынша Ресей өзендерінің өзара тиімді жаңартылған сызбасы дайындалып, түйінді мәселелер оң шешімін тапты.

Халықаралық су бөлісу келісімі бойынша, кез-келген мемлекет өзінің аумағынан өтетін жаңғырмалы су ресурстарынан өз үлесін алуға қауқарлы. Ғалымдар ХХІ ғасырдағы ең көкейтесті қиындықтардың біріне айналатын су мәселесі қарулы қақтығыстарға себеп болуы мүмкін деген болжам айтады. Яғни 2050 жылға қарай Жер шарындағы халықтардың шамамен 70 пайызы таза ауыз су тапшылығының зардабын тартуы мүмкін.

Қазақстан өз тарапынан бұл мәселені шешу үшін түрлі шараларды іске асырып жатқаны белгілі. Атап айтатын болсақ, «Қазақстан–2050» Стратегиясында қарастырылған төртінші сын-қатер судың тапшылығы болды, яғни алға қойылған міндеттерге сәйкес 2050 жылға қарай сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілуі тиіс. Үкіметке бірінші кезеңде 2020 жылға қарай – тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару мәселесін шешетін ұзақ мерзімді бағдарлама жасау тапсы­рылған болатын. Яғни осы орайда республика деңгейінде 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы, «Өңірлерді дамыту–2020» бағдарла­масы, 2001–2030 жылдарға арналған «Ауызсу» мемлекеттік бағдарлама­лары арқылы бұл мәселе түйіні біртіндеп шешіліп келеді.

Еліміздегі су саласындағы жетек­ші ұйым мамандары мен беделді ғалымдар ой түйістіре отырып, Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшы­лығын жою бойынша біршеше ірі ғылыми жұмыстарды сәтті жүзеге асыруда. Мәселен, Қазақстан Рес­публикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Секретариатының тапсырмасымен География институтында «Климат­тың және антропогендік өзгерістер әсері жағдайында Қазақстанның табиғи су ресурстарын бағалау және болжау» тақырыбында арнайы ғылыми-техникалық бағдарлама дайындалып, оны орындау нәти­желері бойынша «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау, басқару» атты 30 томдық моно­графия жарыққа шықты. Моногра­фия өткен ғасырдың 60–70 жыл­дарынан кейінгі, қазіргі кездегі заманауи ауыз толтырып айтар­лықтай осы саладағы тың ғылыми еңбек деп санауға болады. Монографияда су ресурстарының қазіргі жағдайы, пайдалануы, климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен өзгеруі, қолда бар су ресурстарын басқару мен тиімді пайдалану, сондай-ақ, алғаш рет су ресурстарын келешек­ке әр түрлі әдістерді қолдана отырып ұзақ мерзімді болжамдар жасалды.

Ғалымдардың толассыз еңбектері мұнымен шектеліп қана қоймай, еліміздегі көкейтесті су мәселелерінде өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Сырдарияның өзен ағындысының реттелген ресурстарын ұлғайту мәселелерін шешетін, Сырдария өзенінің ағындысын Көксарай су қоймасымен реттейтін ғылыми-техникалық негіздеме және тұрақты дамудың ұлттық және аймақтық мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін Ертіс өзені ағындысының бір бөлігін келешекте суы тапшы Есіл, Нұра, Тобыл, Сырдария және Іле өзендері алабына жалғау үшін Трансқазақ­стандық канал жолының ғылыми-техникалық негіздемесін дайын­дады.

Әрине, Қазақстан тарапы су тапшылығының алдын алу, суды үнемдеп пайдалану мәселесінде осылайша ауқымды еңбектер атқарып отыр. Бірақ көршілес орналасқан мемлекеттер, суы ортақ өзге ағайындар күннен-күнге күшейіп келе жатқан ғасыр мәселесіне үн қосып, ауызбіршілік танытса, бұл мәселе ушығуға бармайтыны анық.

Ауызсу – кез-келген тірі жан үшін ең қымбат және қалпына келтіре алмайтын табиғи қор болғандықтан, «Судың да сурауы бар» демекші, су сарқылмасын, тоқтамасын десек, қарашығымыздай сақтағанымыз жөн. Суды тиімді және таза қолданғымыз келсе, көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болып, әлемдегі тың ашылулар мен ғылы­ми-техникалық үдерістен қалмай, су біздің құнды байлығымыз екенін ұмытпауымыз керек.

Қазақстан Республикасы су қауіп­сіздігінің аса маңызды мәселесі – таза ауызсудың тапшылығын шешу жолында География институтының бастамасымен дүниеге келген ғалымдардың (авторлар ұжымы: А.Р.Медеу – ғылыми жетекші, Т.И.Есполов, С.Қ.Әлімқұлов, Ж.Д.Достай, И.М.Мальковский, И.В.Северский, Л.С.Төлеубаева, А.А.Тұрсынова) «Қазақстан Респуб­ликасы табиғи-шаруашылық жүйе­лерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклы» атты еңбегін әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік сыйлығына лайық деп санауға болады.

Әмірхан КЕНШІМОВ, т. ғ.к., доцент,

Аралды құтқару Халықаралық қорының атқарушы дирекциясының

Су ресурстарын басқару департаментінің басшысы,

ҚР Су ресурстары комитеті төрағасының экс-орынбасары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *