СИҚЫРЛЫ ӘУЕН САЛТАНАТ ҚҰРҒАН КЕШ

Рая ЕСКЕНДІР

Күздің қоңыр кешінде Алматының талғампаз тыңдаушылары Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония залында өткен ҚР халық әртісі Айман Мұсаходжаева мен Халықаралық байқаулардың лауреаты Рахат-би Әбдісағинның өнерлеріне тәнті болды. Өнердің құдыретін музыканың тілімен түсінген тыңдармандар үшін бұл кеш нағыз бекзат өнердің биік шыңға шарықтаған күні болды.

Өнердің қос бірдей жүйрігі кезектесе сахнаға шығып, көрерменінің қошеметіне бөленді. Сонау бала кезінен көрерменнің көзайымына айналып, көзінің алдында азамат болып, ат жалын тартқан талантты ұлы Рахат-би Төлегенұлын оқушы кезінен мойындаған көрермен, бұл кеште кемеліне келген кәсіби музыкант ретінде таныды. Бойы ғана емес, ойы да өскен, қазақтың дарынды ұлы Рахат-би Әбдісағиннің күйсандыққа жан бітірген саусақтарына қарап, тіл мен көзден сақтағайсың деп жатты ақ жаулықты аналары. Кеш бойы Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» симфониялық күйі, Сергей Рахманиновтың, Рахат-би Әбдісағиннің, әлемнің танымал композиторларының шығар­малары орындалып, тыңдармандарға рухани күй сыйлады.

Сәтін салса, жас композитор, музыкант Рахат-би Әбдісағин Тұңғыш Президент күніне тарту ретінде өзінің жеке шығармашылық кешін өткізгелі отыр. Алматының өнерді құрметтеген тыңдар­мандары Қазақ Ұлттық өнер университетінің Еуразиялық студенттік симфониялық оркестрінің өнеріне де зор құрмет көрсетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *