ШЕКАРАЛАС АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Бата­лов­тың қатысуымен Алматының шеті мен Алматы облысының жақын орналасқан аймақтарын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Кездесудің мақсаты – мегаполистің шет және облыстың шекаралас елді-мекендері тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін өзара ақылдаса отырып шешу. Атап айт­қан­да, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу, көлік-жол инфрақұрылымын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және туристік әлеуетті дамыту. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықты еңбекпен қамту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударылды.

Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев халыққа  қолжетімді үй салу үшін қалада бос жердің тапшылығын мәлімдеді. Тұрғын үйге деген сұраныс құрылыс қарқынынан басым. Үй кезегіндегілер саны жыл сайын 10 пайызға артып, 2400 мың адамды құрайды. Мәселені шешудің бір жолы 2015 жылғы тәжірибе бойынша облыс аумағында тұрғын үй салу. Сол кезде Алматы қаласының 900-ден астам үй кезе­гінде тұрғандары Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен пәтер алған болатын.

Ал көлік қатынасын дамыту үшін қала әкімінің тапсырмасы бойынша қала маңына тасымалдаумен қалалық муници­пиалды және жеке автопарктер айналыса­тын болады. Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін тасымалдау ережесі күшей­тіл­мек екен. Білім басқармасы тасымал­даушылармен және колледждермен бірге жүргізушілер мен сервистік қызметшілер құрамын оқыту мен қайта даярлауды қолға алады. Мұндағы міндет – жалпы жүргізушілік мәдениетті арттыру.

Айта кетерлігі, көлік өткізу қабілетін арттыру үшін қалада жолайрықтар салы­нып, үңгілеу жұмыстары жүруде. «Алтын Орда» базары маңындағы жолды тез арада кеңейту қажет. Радиалды жолдарды жылдамдатқан жөн. Жаңа жол құбырлары мен инженерлік желілерді салу келісіп атқарылмақ.

Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз ету – үйлескен іс-қимылды қажет ететін маңызды мәселенің бірі. Алматы – еліміздің ірі тұтыну нарығы. Соңғы 5 жылдың ішінде қала тұрғындарының саны 20 пайызға өсіп, 1,8 млн. адамнан асты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді – көкөніс, ет пен сүт өнім­дерін, жеміс-жидекті,түрлі жармаларды тұты­нудың жыл сайынғы көлемі 1,1 млн. тонна.

Алматы облысы қалаға ауылшаруа­шылық өнімдерін басты жеткізуші бола алады. Алайда, қазір тұтыну көлемінің жартысынан азы ғана жеткізілуде екен. Ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдау мен жеткізу жүйесін арадағы дел­далсыз дұрыс жолға қою тұрғындарға қолже­тімді өнімдер сатып алуға мүмкіндік береді.

Мегаполис басшысы еңбекпен қамту және жұмыс орындарын ашу мәселесіне ерекше назар аударды. Ол үшін шет аймақтар мен қалаға жақын орналасқан елді-мекендерде тұрғындар қажеттілігі мен еңбек нарығын ескере отырып, шағын және орта бизнесті дамыту қажет.

Жаңа жұмыс орындарын ашудың драйвері туристік әлеуетті дамыту болып табылады. Мамандардың мәліметі бо­йынша, Алматыға келген шетелдік турис­тердің 80 пайызы облыс­тың туробъекті­лерінде болуды қалайды екен.

Қолжетімділік пен жайлы жағдайды қалыптастыру үшін көлік және жолжиегі инфрақұрылымдарын дамыту қажет. Алматы­дан ыңғайлы автобустармен шығатын туристердің Алматы облысында орналасқан ұлттық парктерде болуын ұйымдастырған жөн.

–       Бүгінгі әңгіменің Алматы мен Алма­ты облысының шекаралас аймақтарында жаңа игілікті істердің пайда болуына ықпал ететініне сенімдімін. Бұл – біздің бірігіп атқаратын ауқымды жұмыстарымыздың бастауы болады, –  деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *