СДУ ІТ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ САНАЛАДЫ

Давронжон ГАИПОВ, Сүлейман Демирел атындағы университеттің Академиялық істер және ғылыми зерттеулер жөніндегі проректоры, PhD докторы:

СДУ ІТ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ САНАЛАДЫ

 

Онлайн сабақ беру қиындық тудырмайды

Қазір әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты барлық ЖОО-лар қашықтықтан жұмыс істеуге көшіп жатыр. Бұған қаншалықты дайынсыздар? Студенттерге онлайн сабақ беру қиындық тудырмай ма?

– Елімізде қашықтықтан білім беру 16 наурыздан басталды. Бірақ біз бұл тәжірибені екі жыл бұрын бастап қойғанбыз. Webex онлайн білім беру платформасы арқылы магистратура мен докторантура дәріскерлеріне қашықтықтан білім беруді кеңінен қолданып келдік. Қазіргі елдегі жаппай карантин жағдайына байланысты білім ордасы Webex платформасына бакалавриат бағдарламасындағы білімгерлерді де толықтай қосып, қашықтықтан оқыту форматын жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Бұл ретте онлайн оқыту бізге ешқандай қиындық туғызбайды. Керісінше, біздің университет отандық жоғары оқу орындарына қашықтықтан оқыту форматы бойынша бірқатар практикалық нұсқаулықтар беруге дайын.

2019 жылдың қыркүйек айынан бастап оқу-әдістемелік кешенін оңтайландыру мақсатында СДУ Moodle платформасын студенттер мен оқытушылар арасында оқу-материалдарымен бөлісу үшін қолданып келеді. Егер бұрын оқу процесі барысында семестр сайын 150-200 бет материал қағаз жүзінде жазылатын болса, Moodle платформасы сол жұмысты онлайн форматта ыңғайлы, кез-келген уақытта, қажетті жерде қолжетімді жүзеге асырып, әрі студенттер мен оқытушылар арасында материалды бөлісуге жол ашқан болатын.

Елімізде қашықтықтан оқытуға көшудің қажеттілігі туындаған кезде біз оқытушылардың барлығына Moodle платформасын  қолдану бойынша трениниг өткізіп, әрі қарай әр пән оқытушысына платформаны қолдана отырып, өз саласы бойынша нақты бағыт-бағдар бердік. Сондай-ақ, Coursera платформасы үстіміздегі жағдайға байланысты ақысыз қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде кез-келген ЖОО бұл платформаны тегін қолдана отырып, платформада жеке парақшасын аша алады. Ол үшін Coursera сайтына кіріп арнайы форманы толтыру қажет. Университет туралы мәлімет, қанша қолданушы бар, қанша оқытушы бар сынды ақпарат талап етіледі. 1-2 күннің ішінде платформа қалдырған сұранымға жауап беріп, тегін кіруге мүмкіндік береді. Мысалы, қазір біздің университетке берген тегін кіруде 3600-ге жуық пән бар. Оларды оқытушылар мен студенттер ақысыз пайдалана алады. Екіншіден, ол платформаға пән немесе бағдарлама ретінде курстарды алуға болады және де студенттердің үлгерімі бойынша статистикалық-сараптамалық ақпаратты алуға болады.

Қазірде СДУ оқытушылары 100 пайыз Moodle платформасын қолдануға мүмкіндігі бар. Одан бөлек өз таңдаулары бойынша синхронды, Webex арқылы сабақты жүргізіп, студенттермен байланыс орната алады. Егер студент саны көп болса, мысалы бір топта 100-ден көп тыңдаушы болса, онда сабақтардың көшірмесін Moodle арқылы бөлісіп, кейін жазбаша пікір алмасып, білімгерлер жеке байланыс арқылы сұрай алады.

Сонымен бірге факультеттер тарапынан қажеттіліктер анықталды. Кімге қандай жабдық керектігі: құлаққаптар, веб-камера, планшеттер университет әкімшілігі тарапынан сатып алынды және факультет оқытушыларына таратылды. Одан бөлек, университетімізде видео-сабақты таспаға жазып алатын студия бар, онда бірнеше оқытушы сабақтарын видео форматына түсіріп, тарата алады.

Көпшілік СДУ-ды белді ІТ университет ретінде таниды

– Қазір әлемде, тіпті елімізде ІТ саласына деген қызыушылық, ынта артып келеді. Жалпы «Үш тілде білім беру», «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруда университет тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?

– «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы елімізде 2007 жылы қабылданса, біз университетте 1996 жылдан бері ағылшын тілінде дәріс беріп келеміз. Оқушылар мектепті қазақша-орысша бітіріп келсе, олар осында ағылшын тілін толық меңгеріп шығады. Өйткені, біздегі берілетін дәрістердің 85 пайызы ағылшын тілінде өткізіледі. СДУ-дың химия-биология, физика-математика, информатика бағытында оқитын студенттер мектептерде сол пәндерден ағылшын тілінде сабақ беретін болады. Біз осылайша, мектептерге оқытушылар дайындап отырмыз.

Ал ІТ саласына келетін болсақ, оның қоғамға қажеттігін нарықтың өзі көрсетуде. Бұл ретте Қазақстан бойынша бөлінетін гранттардың төрттен бірі біздің университетке тиесілі десек артық айтқандық емес. Мәселен 2 мың грант бөлінсе, соның 500 бізге түседі. СДУ Қазақстанда да, шетелде де өзінің сапалы білім беру жүйесімен танымал. Көпшілік СДУ-ды белді ІТ университет ретінде таниды. Яғни біздің университет ІТ мамандарын даярлау бойынша көшбасшы болып табылады.

Сондай-ақ біз республикалық гранттарды пайдаланып қана қоймай, гранттарды тарту үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас жасадық. Алматы облысының әкімдігі де техникалық мамандарды даярлауға бірнеше грант бөлді.

 

Шетелдік университеттермен байланыс жолға қойылған

– Университеттегі халықаралық байланыс, алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен ғылыми-техникалық қарым-қатынас жайы қалай шешімін табуда? Шетелдің беделді білім ордаларымен байланыстарыңыз қалай?

– Бізде студенттерге бір уақытта СДУ-да білім алуға және шетелде білім алу арқылы қосымша құзіреттілік тәжірибесін алуға мүмкіндік беріледі. СДУ студенттері «Erasmus+» халықаралық жобасы аясында білім алады. Бұл – Еуропалық одақ елдерінің университеттері арасында студенттер мен оқытушылар алмасу бойынша Еуропалық одақтың коммерциялық емес бағдарламасы. Ол басқа елде оқуға, тағылымдамадан өтуге және сабақ беруге мүмкіндік береді. СДУ 2015 жылдан бастап оның қатысушысы болып табылады. Қазіргі уақытта 20 астам студент «Erasmus+» бағдарламасына қатысып, Франция мен Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алды. Сонымен бірге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Корея, Қытай, Балтық жағалауы, Малайзия университетінде 80-ге жуық студент оқыды.

Бұл бағытта профессор-оқытушылар құрамы да маңызды рөл атқарады. Білім саласына оң әсер ететін басты басымдықтардың бірі – шетелдік профессорларды шақыру. Бұл ретте біз әр факультетке қонақ спикерлерін тарту міндетін қойдық. Қай бір жылдары университеттің топ-менеджментіне Бирменгем университетінің мамандары шақырылды.

 

Студенттердің жұмыспен қамтылуы қажетті деңгейде

– Жалпы университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы қай деңгейде?

– Біз жыл сайын студенттердің жұмысқа орналасуына байланысты мониторинг жүргізіп отырамыз. Біздің түлектер оқу бітіргеннен кейін өте қысқа мерзімде шамамен 85 пайызы жұмысқа орналасады. Ал қалған 15 пайызы магистратураға түседі немесе кейбір жігіттер әскерге кетіп, қыздарымыз тұрмыс құрып, жанұялы болып жатады. Сондықтан түлектердің жұмыспен қамтылу мәселесі қажетті деңгейде деп айтуға болады. Тіпті біздің түлектеріміз отандық ірі компанияларда, әлемдік еңбек нарығында жұмыс істейді. СДУ түлектері Amazon, Booking, ERAM, Google, Яндекс секілді ірі халықаралық компанияларда қызмет етеді. Бұл біз үшін зор мақтаныш.

 

Мамандық пен жар таңдаудан қателеспеу керек

–Жастарға мамандық таңдауда қандай кеңес берер едіңіз? ХХІ ғасырда қандай мамандыққа сұраныс көп?

– Негізі мамандық таңдау мектеп қабырғасынан басталады. Кейде баланың мамандық таңдауына әке-шешесі ықпал етіп жатады. Бұл ретте мен бір-ақ нәрсені айтамын. Мектеп бітіруші түлек мамандық таңдарда қарапайым үш сұраққа жауап беруі керек. Біріншісі, маған қандай мамандық ұнайды? Екінші, сол ұнаған жұмысты істей аламын ба, оған қабілетім жете ме? Үшіншісі, бұл мамандық қоғамда, нарықта сұранысқа ие ме? Осы үш сұраққа дұрыс жауап бере алса, онда ол мамандық таңдаудан қателеспейді. Ал егер осы қарапайым үш сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда оның кері салдары болады. Өзіне ұнағанымен оны істей алмаса, онда ол мамандық арманға айналып кетеді. Ал егер істей алғанымен, оған ұнамайтын, қызықпайтын болса, онда оқығанның бәрі бір тиын болады. Өзіне ұнамаған мамандықта істеу – біреу зорлап істеткенмен бірдей. Сондықтан адам баласы мамандық пен жар таңдаудан шатаспауы керек. Мектеп бітіруші жоғары оқу орнына түспес бұрын өзіне қарапайым үш сұрақты қойып, оған дұрыстап жауап беруі тиіс.

 

СДУ-дың ішкі гранты мен жеңілдігі бар

– Кейбір ЖОО-ларда талантты жастарды тартуға арналған арнайы ректордың гранттары беріліп жатады. Мұндай үрдіс сіздерде бар ма?

– Сүлейман Демирел университеті жыл сайын мектеп түлектері арасында SPT республикалық зияткерлік олимпиадасын өткізіп тұрады. Оның шарты бойынша қатысушылар жалпы білім деңгейін анықтау мақсатында алты кластерлік бағыттар: физика, география, химия-биология, ағылшын тілі, әдебиет, тарих пәндері бойынша бақ сынайды.  Әр кластерде қатысушылар үш пән бойынша тест тапсырады. Барлық гранттар мен жеңілдіктер қатал түрде тек таңдаған бағыт бойынша теңдей бөлінеді. Осылайша алғашқы орындар мен төрт жылға арналған 100 пайыз гранттар 6 бағыт бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан жеңімпаздарға бұйырады.

Айта кеткен жөн, грант иегерлері ҰБТ-дан босатылмайды. Алайда жоғары оқу орнына қабылдану үшін оларға тек 50 ұпай жарамды. Бұл жобаның басты мақсаты – ҚР Президентінің адами капиталды жаңғыртуға бағытталған халыққа Жолдауын жүзеге асыруға негізделген, сонымен бірге талапкерлерге емтихан алдында болашақ мамандығын таңдап, білім деңгейі мен қабілетін тексеруге қолдау көрсету. Жазғы мезгілде емтиханнан соң талапкерлердің басым көпшілігін мамандықты дұрыс таңдау мәселесі алаңдатады. Жобаға қатысу арқылы түлектер алдын ала таңдау жасап, өзіне қажетті 6 кластерлік бағыт бойынша мүмкіндігін сынап, дұрыс шешім қабылдауға дайын болады. Осылайша әрбір оқушы таңдаған бағыты бойынша өз білімін көрсете отырып, СДУ-дың ішкі грантына немесе жеңілдігіне ие бола алады.

Қазір мектеп бітірушілердің жобаға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Бұл олимпиадаға 2015 жылы 80 грант бөлінсе, 2016 жылы – 200 грант, 2017 жылы – 250 грант, ал 2018-2019 жылдары 300 грант пен жеңілдіктер бөлінді. Үздік нәтиже көрсеткен 300 талапкер төрт жылға жарамды 100 пайыз грант пен оқу ақысын 50 және 30 пайыз төмендетуге арналған арнайы жеңілдіктерге ие болды.

Әңгімелескен — Серік ЖҰМАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *