САУДА ОРЫНДАРЫ СӘУЛЕТКЕ САЙ БОЛУЫ КЕРЕК

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин арнайы брифинг өткізді.

Рая ЕСКЕНДІР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға енгізілген түзетулерді мақұлдағаны белгілі. Осы жылдың 10 қаңтарынан бастап күшіне енген заңда 28 өзгеріс бар. Олардың басым бөлігі қаланың сәулетіне, қала құрылысы, жер қатынастары, көлік, әлеуметтік сала, сонымен қатар кәсіпкерлікке қатысты.

Жалпы, Алматының әдемі қалпын сақтай отырып, оның аумағындағы сауда орындарының негізгі талап­тары мен өлшемдерін бірыңғай дизайн, кәсіп­керлерге орын бөлу тетігін қарастыру да жоспарланып отыр.

Басқарма басшысы Еркебұлан Нұрланұлының айтуынша, арнайы әзірленген ережелер аясында «Атамекен» ҰКП ұсынып отырған 250 жер учаскесінен бірінші кезеңде 85-і іріктелді.

Ендігі жерде іріктелген жер телімдерін аукцион арқылы отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ететін өндірушілермен тікелей шартқа өткізу арқылы шешетін болады. Бұдан басқа, фуд-трактарды орналастыру үшін 50 шақты орын анықталатын болады.

Брифинг барысында стационарлық емес объекті­лерге жататын жәрмеңкелер туралы да айтылды. Әзірге мұндай жәрмеңкелер қаламыздың 5 ауданында жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап тағы да 5 жәрмеңке ашу жоспарланып отыр.

– Жеке жер телімдеріндегі стационарлық емес сауда объектілері бойынша көшедегі сауда ережелеріне байланысты бірыңғай талаптарды сақтау қажет, – деді басқарма басшысы.

Әзірленіп жатқан құжатқа сәйкес маусымдық алаңдар тек стационарлық тамақтану объектілері жанына ғана орналасуы тиіс. Бұл талаптар мемлекеттік қор аумағындағы, сондай-ақ жеке жер учаскелеріндегі объектілерге қатысты. Маусымдық алаңның аумағы өзі орналасқан стационарлық қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының алаңынан аспауы тиіс.

«Сонымен қатар, маусымдық алаңдарды қалалық жерүсті жолаушылар көлігінің аялдама пункттерінде; жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің аймағында; метрополитеннің техникалық ғимараттары­ның 25 метрлік аймағында, ғимараттардың аркаларын­да, гүлзарларда, алаңдарда (балалар, спорт, қалалық көлік тұрақтарында); тұрғын үйлердің шатырларында және олардың жапсарлас салынған үй-жайларында орна­ластыруға жол берілмейді», – деп түсіндірді Е.Оразалин.

2019 жылдың мәліметтері бойынша, қалада 270 жазғы алаң бар, оның 10% жеке аумақтарда, 90% мемлекеттік қор аумағында орналасқан.

Жаңа ережелерге сәйкес, мемлекеттік қордың жерлері аумақтарына орналасқан маусымдық алаң­дарды тек жеңіл құрылымдар мен уақытша құрылыс­тардан ғана орнату ұсынылады.

Е.Оразалин жекеменшік аумақтардағы жазғы алаңдарға қойылатын талаптар тек жаңа ашылған нысандарға ғана қойылатынын және бұрын орнатылған күрделі құрылыстар өзгеріссіз қалатынын айтып, өзінің сөзін қорытындылады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *