САУАЛ – СІЗДЕН, ЖАУАП – ПОЛИЦИЯДАН

қаламызда ай сайын өткізіліп тұратын кезекті «Жол үстіндегі қабылдау» іс-шарасы ұйымдастырылды

Тәулік бойы қалғымайтын Алматы полициясының тірлігі  қашан да қарбалас.  Олар тұрғындардың  қауіпсіздігін қамтамасыз  етумен қатар, азаматтардың өздеріне тиесілі  құқықтарын, заңдар мен  қоғамдық тәртіп, ережелерді де жетік  білулерін қамтамасыз  ету жұмыстарымен де айналысады. Сондай шаралардың бірі – соңғы жылдары игі дәстүрге айналып, ай сайын ұйымдастырылып тұратын «Жол үстіндегі қабылдау»  акциясы.

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

Өзінің жұмыс форматын  жаңаша өзгертіп, халыққа етене жақындай түскен  полиция қызметкерлерінің 19-20 шілде аралығында өткізген «Жол үстіндегі қабылдау» акциясында қала жұртына   жеке куәлік,  төлқұжат, жүр­гізуші куәлігін алу, ауыстыру, авто­көлікті есепке қою, шығару, жол жүру ережелеріне байланысты салы­натын айыппұлдарды төлеу тәртібі мәселелеріне қатысты  көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері бойынша  ақыл-кеңес берілді.   Бірінші Прези­дент саябағы, Астана алаңы мен Республика алаңдарын бетке алған «Жол үстіндегі қабылдау» іс-шара­сына қатысқан  мамандар  тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға    жан-жақты жауап беріп, бағыт-бағдар, ақыл-кеңес берді. Полиция қызмет­керлерінің айтуынша,  алматылық­тарды жүргізуші куәлігін алудың жаңа тәртібі,  электросамокат, мопед, велосипед  жүргізушілерінің жол жүру ережелерін сақтамайтындығы, соның салдарынан жол ережелерін бұзу, жол апатына ұшырау сияқты жағдайлар­дың  жиі орын алатыны мазалайтын көрінеді. Олардың қоғамдық көлік қозғалысына да едәуір  кедергі келті­ретіндігін, онсыз да тар қала көшеле­рінде оларға арналып арнайы жол  бөлінуіне де тұрғындар көңілдері толмай­тын  көрінеді. Егер де сол арнайы велосипед жолымен жүре қалсаңыз, олардың  қағып кетуден де тайсалмайтындарын  жеткізген тұр­ғындар оларға шұғыл түрде тиісті шара­лар қолдануды өтінді. Бұл мәсе­лені полицейлер тұрғындарға  жақын­да электрокөліктерге қатысты арнайы жол ережесі қабылданатындығымен және оларды тәртіпке келтіру шара­ларының қарастырылып  жатқан­дығымен  түсіндірді.  Сауалдарына қарай тиісті жауап алған тұрғындар «Жол үстіндегі қабылдауға» оң бағала­рын берді.  Бір сауалға жауап алу үшін  бірнеше мекеменің табал­дырығын тоздырғанша, бұл тәсіл өте тиімді, жедел әрі нақты, дейді тұрғындар. «Жол үстіндегі  қабылдау» өз жұмысын жалғастыра береді. Ал оған алдын-ала сауал жолдағыңыз келсе, полицияның  жедел желісіндегі   8-747-080-01-56 телефонына хабарласуға болады.

– Бұл  іс-шараның ең басты мақсаты – халықтың қоғамдық тәртіп сақшыларына деген сенімі мен құрметін  артыру, полиция қызметкер­лерінің  мәртебесін көтеру. Сонымен қатар,  тұрғындарға құқықтық  көмек көрсетіп,  жол және қоғамдық қауіп­сіздік мәселелеріне қатысты сауал­дарына жауап беру. Өткен маусым айында өткізілген «Жол үстіндегі қабылдау» кезінде қала тұрғын­дары­нан  797 сауал келіп түскен, ал аула­ларда жүргізілген қабылдаулар бойынша 435 сауал түсіп, тұрғындар  өз сауалдарына тиісті жауап алды. Осының өзі  алматылықтардың поли­ция қызметіне деген сенімінің артып келе жатқанының дәлелі, – дейді Алматы полициясы департаменті басшысының  бірінші  орынбасары, поли­ция полковнигі Ізбасар Бектұр­ғанов. Бүгінгі қоғамның ең басты міндеті – сонау кеңес дәуіріндегі «Полиция сенің қорғаның» деген қағиданы қалпына келтіріп, осы сала қызметкерлерінің мәртебесін арттыру болып отыр десек, алматылық поли­цейлердің сол талапқа сай қызмет етіп жүргені анық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *