Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генарал-полковнигі, І, ІІ дәрежелі «Барыс» және І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері АЛМАТЫ ӘР АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ЖҮРЕТІН ҚАЛА

Алматының іргесіндегі ауылда туып өсіп, кейіннен осы қаладағы №22 мектепте, оны бітірген соң Қазақстанның жоғары мектебінің қара шаңырағының бірі қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетінде оқыған мен үшін бұл қала маған бала күнімнен таныс және жаныма жақын, қайда жүрсем де жүрегімде жүретін қала.

Біздің жас кезімізде қала қазіргі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайымен аяқталатын. Абай көшесі Арычная деп аталатын-ды. Арычная десе дегендей, су деген көше бойларындағы арықтарда сылдырап ағып жатушы еді.
Алматының атауының өзі де алмаға байланысты болғандықтан, Алматының бой тұмары — оның алмасының дәмімен әлемді жаулап алған апорты екенін жақсы білеміз. Алғашқы қызмет жолым да, оның ішінде еліміздің Ұлттық қауіпсіздігі мен барлау қызметі саласында, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған қауіпсіздік құрылымдарының алғашқы қалыптастырушы ретіндегі қызметтерім де осы алып Алатау бабамыздың баурайындағы әсем қала Алматымен тығыз байланысты. Бір сөзбен айтқанда, Алматының қала ретінде негізі қаланған күнінен бастап, қазіргі күнгі көрнісінің куәгерімін десем, артық болмас. Ең бастысы, Тәуелсіздігіміздің анасы да әкесі де Алматы қаласы. Сол үшін де Алматы әр қазақтың жүрегінде, жанында жүретін қала.
Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев бастап, Қауіпсіздік қызметін басқара жүріп, сол кісімен қаншама мемлекеттерде болдым, бірақ дәл осы Алматыдай көк майсалы, жасыл жайлаулы қала көрген емеспін. Көрген күнде, оның көше тазалығына, тәртібіне тәнті болғаным болмаса, сұлулығын Алматыммен теңдестірген емеспін. Сыртқа шықсам, Алматыны бала-шағамды сағынғандай қатты сағынып кететінмін. Ел астанасы Ақмола, бүгінгі Астана қаласына қоныс аударған кезде де қатты қимастық сезімде жүретінмін, дейтұрғанмен Қазақстанның жаңа астанасының іргесін қалауға үлес қосып, Тәуелсіз еліміздің келешегінің келісті болу жолында қызмет етуіміз сағынышымызға сабыр беретін. Қазір Алматыда тұрамын. Алматының күн санап көркейіп, жаңаша, адамға жақын, тұрғындарына қолайлы қала болып қалыптасып, өркендеп келе жатқанына, іргесін ұлғайтып, Наурызбай, Алатау атты жаңа аудандар құрып, қала орталығынан алыстау сол аудан тұрғындарының да қала тіршілігінен тыс қалмай өмір сүрулеріне жағдай жасап жатқанынан хабардармыз.
Енді Жаратушы иеміз елімізді мына аты жаман індеттен тезірек арылтып, арқа-жарқа жарқын күндерімізбен қайта қауыштырып, жақсы күндеріміз көп болсын. Алматымыз өсіп-өркендесін! Ал оған әрқайсымыз үлес қосайық. Өйткені, Алматының тағдыры оны басқарып отырған басшыларға ғана емес, осы қаланың тұрғындары, біз – алматылықтарға көп байланысты. Олай болса, Алматымыздың баурайына бір түп ағаш, бір тал гүл ексек те, өз үлесімізді қоса білейік. Қала күні тойлана берсін. Тарихы мың жылдықтардан тұратын Алматымыз жасай берсін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close