Ризамыз саған, «Ризашылық»!

ҚАЛАДАҒЫ ҚОҢЫР КЕШТЕР

11Рая ЕСКЕНДIР

Осымен бесiншi мәрте елiмiздегi балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi «Ризашылық» мерекесiн зор құрметпен тойлап отыр. Биылғы жылы аталмыш мереке «Бар мейiрiм – балаларға» деген ұранмен Алматыдағы №1, №2 Балалар үйлерiнде, «Үмiт», «Жанұя», «SOS деревняда» өте мазмұнды әрi зор ұйымшылдықпен өткiзiлдi.

Аталмыш мерекенi қаламыздағы №2 «Алтын ұя» балалар үйiндегi 94 тәрбиеленушi бала көтерiңкi көңiл-күймен қызықты етiп атап өттi. Қашанда тосын сыймен бала бiткендi қуанышқа бөлейтiн «Ризашылық» күнi балалар тағы да ерекше сыйлықтың куәсi болды. Таң атысымен ұйқыдан оянған балалар тура ертегi әлемiне кез келгендей күй кештi. «Алтын ұя» бұрынғыдан да көркемденiп, мерекелiк безендiрулер оны одан сайын абаттандырып жiбергендей. Балалар туған үйлерiне ертегi кейiпкерлерiнiң де келiп қалғанын көрiп, қуанышқа кенелдi.

Ал қабырғадағы адамгершiлiк, сүйiспеншiлiк, достық пен мейiрiмге толы сөздер балаларды ұлы достыққа, бауырмашылдыққа, кiшiпейiлдiлiкке үндеп, таным дүниелерiн кеңейттi. Осыдан соң, балалар қонақжай шаңырақтарында – «Ризашылықты» бастап та кеттi. Мерекенiң негiзгi қазығы – денсаулық пен спортқа арналғандықтан балалардың шаттық шеңберiнен басталған шеруi спорттық сайысқа арналды.

№2 Балалар үйiнiң басшысы Ақмарал Баубекқызы барша балаларды аталмыш мерекемен құттықтап, елiмiздегi барша балалардың қамқоры, «Бөбек» қорының төрайымы Сара Алпысқызының құттықтауын жеткiзiп, балалар үйiне жiберген сыйлықты табыс еттi. Үлкен экраннан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Алпысқызының мейiрiмдi бейнелерi көрiндi. Осы кезде балалар өздерiне зор қолдау көрсетiп, қамқорлық танытып отырған мемлекет басшысына деген алғыс сезiмдерiн өлеңмен жеткiздi.

Балалар өз қолдарымен Сара Алпысқызына арнап сыйлықтар жасап, iзгi тiлектерiн жазды. Бұл күнi ғарыш кейiпкерлерi де «Алтын ұяға» келiп, балалармен бiрге «Салауатты өмiр салтын қолдаймыз, бiз спортты сүйемiз» атты «Азиада» композициясына қатысса, тәрбиешi апайлар «Чемпиондар әнiн» орындады. Осынау қуанышты сәт балалардың жұдырықтай жүректерiне рух сыйлады. Әсiресе, балалар кеш қонағы болған спорт шеберi Василий Пивсовтың әсерлi әңгiмесiнен мол мағлұмат алды.

Балалар өздерiнiң осы бастан спортпен дос екендiктерiн көрсетiп, спорттың бiрнеше түрi бойынша өзара сайыс ұйымдастырды. Осындай қызыққа толы сәтте балалар келген қонақтарды «Өзiн-өзi тану» кабинетiне бастады. Осы пән арқылы өмiрдiң мәнiн түсiнiп, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренiп, қоршаған ортаны танып, өмiр сүруге талпынғандарын жарыса айтқан балалар көп нәрсенi оқып үйренгендерiн жеткiздi. Ендi бiр сәт балалар Сара Алпысқызы өздерiне тарту еткен теннис үстелiн, спорттық киiм-кешектер мен басқа да қажеттi спорттық заттарға ие болып, қызу ойынға кiрiстi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *