ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла­ның атымен бастаймын!

Құрметті қауым!

Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл бол­сын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілей­мін!

Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейра­мы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-бірі­не: «Айт қабыл болсын!» айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жауды­рады. Осы ретте сіздерге ізгі ниетпен Жарат­қанның жақсылығын тілеймін.

Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен бата­сын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жас­тарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын!

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақын­дау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмыт­паңдар, олардың еті де, қаны да ешқа­шан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұяла­ған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Ардақты ағайын!

Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпба­лалы отбасыларға таратып, сауап алуға тыры­сады. Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі.

Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдарыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай! Қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-апала­рымыздың, бауырларымыздың тілегі қабыл болғай!

Алла Тағала баршамызды айттан айтқа аман-есен жеткізіп, ізгі істер мен қуаныш­ты сәттерде басқосуымызды нәсіп еткей! Әмин!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close