ПОРТРЕТТЕР ПАЛИТРАСЫ

немесе қаламгер қолтаңбасы хақында

Қолтаңба… Жо-жоқ, автограф емес, қаламгер Жақау Дәуренбековтің сөз өнеріндегі машық-мәнерін, шығармашылықтағы өзіндік болмыс-бітімін айтамыз. Жақау ағамның жуырда «Қолтаңба» атты кітабы шыққан екен. Осынау эсселер жинағында да автор өзі әңгімесіне өзек етіп алған санаткер һәм зияткер тұлғалардың дәл осындай қолтаңбаларын айшықтап көрсетуді мұрат тұтыпты. Және де сол мұрат-мақсатына жеткен. Міне, бұл арада Жақаңның өзінің де қашаннан бергі, Мұқағали ақын айтқандай, ізденімпаздығы, шығармашылық қолтаңбасы аңдалып, атой салып тұрғандай көрінді бізге.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


 Адам сүйгіш, Өмір сүйгіш мейірімді жүрек

Жақаңды көзбен көріп, сырттай біле бастағанымызға да, міне, төрт мүшелден асыңқырай жығылып, жарты ғасыр жүзі болыңқырапты. Олай дейтінім, 1970 жыл­дың тамызында біз кәдімгі Киров атындағы ҚазМУ-дың Журналистика факультетіне жаңа түсіп, қоңыр күзде аудиторияларға жүрегімізді лүпілдете алғаш қадам басқан кезімізде бұл кісілеріңіз Алматының байта­ғында өздерін судағы балықтай сезініп, тап осында бесінші, яғни соңғы курста оқып жүр екен.

Қызық болғанда, әлі есімде, факультет табалдырығын жаңа аттаған біздің бірінші курстың түбіт мұрттары мен түлеп ұшқалы тұрған бесінші курс тастүлектерінің әдемі кездесуі өтті. Бірінші курстан мен, бесінші курстан осы күні есімі елге танымал Шөміш­бай Сариев ағамыз өлең оқып едік-ау сол салтанатты жиында. Бізге ақжолтай тілек айтқан аға толқынның ішінде Баққожа Мұқай, Смағұл Елубай,Сұлтанәлі Балғабаев сынды қазақ әдебиетінің кейінгі аймаңдай мықтыларының болуы ол курстың қаншалықты мықтылығын да аңғарт­са керек-ті. Сол кезде Баққожа ағамның оқумен қосамжарлай «Білім және Еңбек» журналында істейтінін білемін. Өйткені, менің бір шағын фантастикалық әңгімем осы кісінің қолынан өтіп, ағалық шарапатымен журналда жарияланған-ды.

Негізгі кейіпкерге келер болсақ, Жақаң да осал емес, оқуымен қоса, сол кездегі ел-жұрттың ең сүйікті газеті «Лениншіл жас­тың» білдей бір қызметкері, күн аралатып, кейде күн құрғатпай құлаш-құлаш мақа­лалары шығады да жатады. Қазіргі тілмен айтқанда, жетпісінші жылдардың бас кезіндегі Жақау Дәуренбековтің танымал­дығына қазіргі ақын-жазушылардың қай-қайсысы да қызыққандай еді десек, ақиқаттан әсте алшақ кетпейміз. Бұл аз десеңіз, жәй жөпшеңдінің қолы жете бермес «Жазушы» баспасынан жетеқабыл жүреме­летіп «Бөгенауыл балалары», «Алғашқы сабақ» атты тырнақалды кітаптары да шығып  үлгерген.

«Ленжастың» әдебиет бөліміне, ондағы Оралхан Бөкеев пен Сағат Әшімбаев ағаларымызға  ат басын жиірек бұратын сол бір арманшыл, албырт шақтарда, міне, осындай Жақаңа бетпе-бет келіп сәлем беріп сөйлесуге батпайтынымыз да рас-тын. Бойын тік, кеудесін шалқақтау ұстай­тындай көрінетін. Әйтеуір сырттай қараған­дағы сұсы мен мысы баса беретін-ді. Несі бар, мұндай мықтыға осындай аз-кем тәкаппарлықтың жарасымдығына да іштей ақыр-тақыр келісіп қойғанбыз. Кім білсін, «жүрегімізді ұстап, бір-бір Прометейге ұқсап, Оралхан мен Сағатқа ұшып жететін» біздер үшін бұл мәселенің ол кезде мәні болмаған да шығар, бәлкім…

Ес жиып, ақыл тоқтатып, жақынырақ жұғысқанда білдік емес пе Жақаңнан асқан жаймашуақтың жоқтығын, жаны­ның ағыл-тегіл атымтай-жомарттығын, пейілінің қазақы кеңдігін, көңілінің алғадай алғаусыздығын, адам сүйгіш, өмір сүйгіш мейірімді жүрегін…

Иә, Жақаң осындай болмаса, сонау 1971 жылдың сәуірінде бесінші курс студентіне әйгілі журналист-қаламгер бас­шы Сейдахмет Бердіқұлов жаңа кітабын: «Қадірлі інім Жақау! Өзіңнің іскерлігіңе риза жаман ағаңның ілтипаты деп білгей­сің» деген бейілді қолтаңба жазып берер ме еді, жас өндірді осылай жоғары бағалар ма еді!? Іскерлік дегенде, ізденімпаздығын, журналистік бесаспаптығын, қаламының жүрдектігін, көркем сөзді игерудегі биік өресін айтады ғой. Осындай ізгі ағаның ілтипатына сол жаңа бүр жарған жас күнін­де-ақ, қаламгерлік тырнақалды қадамдарында-ақ лайықты болғаны ғой. Демек, әу басында Жақаңа жақындай алмай жасқаншақтағанымыз бекершілік екенін білсекші…

Міне, енді содан бергі қаншама бел-белестерден өткен белгілі қаламгер-жур­налист, баспагер-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жақау Дәуренбековтің жаңадан шыққан «Қолтаңба» кітабын бір деммен оқып шыққанда автордың жан-дүниесіне, сезім сырларына іштен үңілгендей әдемі әсерге бөліндік. Осындағы көркем жазылған, көбіне-көп көздің жасындай мөлдіреп түскен сан қырлы эсселерден Бюфонның «Стиль – адам» деген сөзінің шындығына тағы бір көз жеткізгендейміз. Айтса айтқан­дай-ақ, «Тұлғатану», «Ағалар мен інілер», «Уақыт және руханият» секілді тарауларға бөлінген кетпектей томдықтың өресі биік. Өзгенің табысына қуануы, жалпы жақсылыққа сүйінуі, қаламынан ізгілік шуағының шалқып төгілуі Жақаң­ның күнделікті өмірдегі өзінің мінезінен, болмыс-бітімінен аумай қалған дерсіз. Кейбір иірімдерде, тіпті, жарқылдап күлгені де көрініп тұратындай. Ж.Дәуренбековтің жазу мәнерінің бір қыры, бір ғажабы деп білейік мұны. Қаламгердің қалыптасқан қолтаңбасы.

Кітапты тұтастырып тұрған бір алтын арқау бар. Ең әуелі оның кейіпкерлері – еліміздің белгілі тұлғалары, қоғам қайрат­керлері һәм замандас-қаламдастар. Осы орайдағы әдеби портреттер әсерлі жазы­луымен, тек Дәуренбековтің ғана стиліне, мәнер-машығына тән өзіндік өзгеше өрнектермен баурап алады. Кітап­тың композициялық түзілімі, желісінің бір кіндікке байлануы алуан тақырыптағы әрқилы эсселерді бір шығарма етіп қоры­тып құйғандай, әдеби эсселер әдеби порт­реттерге ұласады, одан әдеби миниатюралар көркем кестеленеді. Бұлар ой кешудің әдеби жазбаларына жалғасып, соның ізінше сонау бір жылдарда қалған сағы­нышты күндердің қаз-қалпындағы қимас суреттері болып сыр шертеді. Әлбетте, осының бәрі ұлт мүддесін сөз еткен әдеби толғамдармен түйінделгенде оқырманның да айызы қанып, кітаптың өне бойында автормен бірге тебіреніп-толғанып отырары да анық.

Бекзат болмысқа тән бедерлі сӨз

 

Беташар эссе Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень») атты кітабы жайлы ой-пайымдарға құрылыпты. Осынау сараптамалық мақаланың бұдан он жыл бұрын жазылғанына назар ауда­руды сұраймыз. «Тұңғыштар мен тұлғалар» десе дегендей, ол кітапта әлемнің атақ­тылары мен ақылмандары, жаһандық саясаттың сардарлары хақында сарабдал сырлар ағытылыпты. Әлбетте, әуелгі арна Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан тарты­лады. Одан соң әлемдік саясаттың саяха­тына бастайды. Алыстан алдарқатпаған, жақыннан танып білген. Көзбе-көз көрі­ністер, сөзбе-сөз суреттер. Қызмет орайын­да кездескен, кеңескен, терезесі тең отырып сөйлескен. Көбіне-көп сыртқы саясаттың тізгінін ұстаған, елдің болашақ президен­тінің сол кездерде түйген ойлары. Зерделі көкіректің айнасына түскен ақжолтайлар кім десеңіз, АҚШ-тың мемлекеттік хатшы­сы Кондолиза Райс, БҰҰ-ның жетінші бас хатшысы, тегі африкалық ақсүйек Кофи Аннан, көп жылдар Қытай билігінің тізгінін ұстаған Цзян Цзэминь, Ресейдің бұрынғы тұлғалы президенті Борис Ельцин, Синга­пурдың ұлт атасы атанған ұлы реформатор Ли Куан Ю, т.б. болып тізіліп кете барады. Тартымды кітаптың тағылымын Ж.Дәурен­бековтің жеткізе таратып айтқаны сондай, осынау танымдық еңбекті оқып шығуға оқырман құштарлығын оятқандай. Ондағы кенен ойларды, кемел тұлғаларды көз алдына келтіреді. Талдай отырып кітаптың ішкі әлеміне өзіңді жетелеп кіргізіп жібергендей әсерленудің өзі бір ғанибет емес пе. Әне, Жақаң осындай шеберлікті меңгергендігін байқаймыз.

«Шеше» деп аталған келесі дүниеде қазақ еліне танымал қайраткер Қуаныш Сұлтанов өмірінен бір үзік сыр шертіліпті. Дұрысында, негізгі обьектісі – кейіпкерінің «Заман және замандастар» деген кітабы. Бірақ біздің арпа ішінен дәйім бидай іздейтін авторымыз жалпыдан жалқыны айыра білетін, жалқыдан жалпыны таратып әкететін сұңғылалықтан бұл жолы да жаңылмапты. Сұлтановтың қаламгерлік қарымын толғай отырып оның адамдық болмысына бойлапты. Жас кезінде жар дегенде жалғыз шешесінің жанында жүріп қиындық мектебінде шынығып шыңдал­ғанын, ширағанын, кейде ширыққанын, сөйтіп шарықтағанын өз әңгімесінің әдібімен әдемі баяндайды. Осылай қажы­маған ана, қайсар бала, аналық мейірім, балалық мұң бейнелері жасалады. Қазақ­тың Қуаныш Сұлтановының ғұмырна­масына деген ықылас-ынта оянады. Оны оятушы – тағы да Дәуренбеков эссесі.

Бір адамның толыққанды тұрпатын, образын ашып көрсету үшін оның барлық қасиет-қырларын түгел түгендеп, тәптіштей тізбелеудің қажеті жоқ. Азаматтың бір жақсы ісін айтса жеткілікті екен. Нақ осының айғағын да «Қолтаңбадағы» «Мәрт» атты мәнді де мағыналы суреттеме-эсседен көреміз. Кезінде Алаштың айкөл азаматы Иманғали Тасмағамбетов қазақтың өтпелі кезде өгейсітіліп, жабырқап жүрген ақын-жазушыларының жүз кітабының жарық көруіне жанашыр болып, ел аңыз қылып айтса айтқандай қыдырлы жақсылық жасағаны мәлім. Өзі баспагер Жақаң бұл игі істің бастан-аяқ басы-қасында болған, бүге-шігесіне дейін біледі. Жүрегіне иман-ізгілік ұялаған Иманғали-Имекеңнің қасиет-болмысын, мәрт мінезін жан-жақты өрнектеп те, көрнектеп те ашуға осы бір кесек қимылы әбден жетіп тұрыпты. Бүгінде «Тасмағамбетовтің жүз кітабы!» десек, көз алдымызда қыран тұғырлы азамат бейнесі одан сайын биіктей түскендей. Бекзат болмысқа тән бұл бедерлі қолтаңбаны біздің қаламгер сәтімен аңдаған һәм сындарлы айшықтаған.

 

СӨз киесінің

шыңын

тануға ұмтылыс

 

Әдеби портреттер көшін классик жазушы Қалихан Ысқақов бастапты. Бір ғажабы, осыншама үлкен суреткер жайлы жаза отырса да,  Ж.Дәуренбеков пафос пен патетикадан, құрғақ мақтау мен құр тамсанудан аулақ. Қарапайым айтады. Нақты жеткізеді. Қалекеңнің өзінің «Қоңыр күз едісіндей» қоңыр ғана көңіл күйлері. Штрихтармен береді. Ұзақ-сонар баяндап жатпайды. Қоңыр тіршілік. Болған жайлар. Өмір үзіктері. Жұлдызшалармен бөліп, қысқа да нұсқа этюдтер түрінде ұсынады. Әдебиет жайлы әредікте әр жағдайда айтылып қалған кесек ойлар. Қалекең толғамдары. Сөз киесінің шыңын тани түсуге ұмтылдыратын шыншыл да шуақты суреттер. Енді бір қарасақ, осы ой-өрімдер арқылы автордың өз қолтаңбасы да айқындала түскендей.

Жақаңның стилі жаймашуақ. Өне бойынан әсте ешбір қатаң рай байқал­майды. Сонысымен тартымды оқылады. Және бір кереметі, кім жайында қалам тербесе де, сол адамға деген құрмет-сүйіс­пеншілігі аса шынайы көрінеді, сонша­лықты жұмсақ жүрекпен жақсы көріп жазады. Міне, бұл қаламгердің айқын­далған қолтаңбасы, мәнзелді мәнері десек те болар. Нақ осы қасиет қазақтың кәдімгі Қадыр ақыны туралы моншақтап тізілген миниатюралы этюдтерінде де әсем көрініс тапқан.

Әуелі «Сөзжебе» деген тақырыбын қалай дәл тапқан десеңізші! Айтты-айтпа­ды, Қадағаң нағыз тауып айтар сөздің сұрмер­гені еді ғой. Өмірде де, өлеңде де, өзінің про­засында да. Сөзжебе! Ағаның осы сөзже­белігіне, ұшқыр ойлардың туу сәтте­ріне Жақаң көп реттерде көлік ішінде бірге жүргенде куәгер болған. «Машина үстіндегі әңгіме» тақырыпшасы осыны аңғартса керек. Содан да болар, күнбе-күнгі қазақы әңгімелер барысында Қадағаңның мінез сипаттарын да, ойшылдық кенішін де, кейде тіпті, шығармашылық «құпияларын» да әжептәуір ашып тастаған. Әлбетте, байқам­паз­дығының, ізденімпаздығының, ізерлей білуінің арқасында. Қазақтың Қадыр ақыны жайлы көп-көп ғибраттарға қанығамыз.

Бұдан әрі «Шабыт», «Сәкең сөзге сыймайды», «Біздің Нұрағаң», «Парыз бен парасат», «Жырбұлақ», «Сағат», «Орысбай­дың ой тоғысы», «Дің», «Мая мен Мағира», «Самғау» атты эсселік орайдағы дүниелері де осы тақылеттес. Бұлар қазақ рухания­тының, ұлт баспасөзі мен ұлық әдебиетінің көрнекті тұлғалары туралы татымды да тосын ой-тұжырымдарды тарқатады. Аға буыннан алғаны – айтулы қаламгер Оразбек Сәрсенбай, жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұлов, биік рухты баспа­гер-журналист Нұрмахан Оразбеков. Біздің автор үш ағасымен де жақын араласқан, яғни «обьектіні» тонның ішкі бауындай, іштен біледі. Білген соң біліктілікпен жазады. О.Сәрсенбайдың қазіргі жастар біле бермейтін әйгілі «1961 жыл» поэмасын келістіре талдайды, С.Бердіқұловтың «Лениншіл жасты» бас редактор емес, жай редактор болып басқарған кездердегі ақыл-парасат, сырбаздығы мен пайымды-парықтылығын адал сөзімен жайып салады, Н.Оразбектің бас редактор һәм бас баспагер болған уақыттардағы күрескер­лігін ырзалықпен, сүйсіне толғап суреттейді.

 

Журналистиканың

дара толқыны

 

Содан кейінгі бір толымды да тегеурінді топ – Жақаңның өзінің студенттік жастық шақты бірге өткізіп, сөз өнеріне бірге құлаш ұрған құрдас-құралпастары, төл әдебиетіміз бен тума баспасөзімізге олжа салған орта толқын, қазірде ағалықты меңгеріп, ақсақалдыққа бет түзеген буын.

Әттең-ай дейміз, Жарасқан Әбдірашев­тің ақындық ақ бұлағының көзі мезгілсіз бітелді, Сағат Әшімбаевтің салиқалы сынының салауатты ағысы ерте тоқтады. Жақау эссесі Жарасқан ақынның сол алқынған ақ бұлақтарын, ағыл-тегіл жыр бұлақтарын еске оралтып, сағындырады, білімдар да зифа мәдениетті Сағатпен шүйіркелесе сырласқандай күй кештіреді. Сонымен қатар, шүкір Аллаға, қаламдарын әлі де көсіле сілтеп жүрген Қуанышбай Құрманғали, Орысбай Әбділдаев, Нұрлан Оразалин, Мағира Қожахметова, Жанат Елшібек, Қайсар Әлім, тағы басқа дос-жолдас, замандастар шығармашылық­тары­ның шырайлы бір қырын алып, әрқайсы­ның өзіне ғана тән ерекшелік-сипаттарын тамыршыдай тап басатынына таңданбасқа әддің жоқ. Жасырақ достары Қуағаң атандырған ақынжанды Қуанышбайдың қамқоршылдығы, тарғыл түсті тағдыр иесі Орысбайдың балуан­дығы мен жан нәзіктігі, сан қырлы өнерпаздығы, Нұрлан­ның дара бітімді дарынды ақындығына үйле­сіп қоса өрілген өршіл ойлы қай­раткерлігі мен қара сөздегі көсем­дігі, мінбердегі шешендігі, Мағира­ның жігіттерше жарқ-жұрқ еткен батылдығы мен эстетикалық әсем­дікке деген аңсар-махаббаты, сон­дай-ақ, Көкше­нің Гәкку-қаламы және Мая Плисецкая­ның рухтас сіңлісі екендігі, Қайсардың қалам еңбегінен қара терін аямайтын қай­сарлығы мен Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мәйітін 57 жылдан соң Карелиядан туған жері Торғайға әкелудің басы-қасында жүрген тарихи тағылым­шыл­дығы, ұлтжандылығы – міне, осының бәрі автордың ақжолтай көңілінің сүз­гісінен өтіп сараланады, дарала­нады, бағаланады.

Ал енді әдебиетімізге «Өмірзая» сынды өрелі роман берген аяулы дарын Баққожа Мұқайға деген Жақаң көңілінің кестесі де, пейі­лінің дестесі де алабөтен. Себебі, сырлас, мұңдас жан досы. «Шабыт шырағы» эссесінде де, одан бөлек жазбаларында да Бақ­қожа достың шарықтаған шақта­рын ерен шат­тықпен, құдды бір өз қуаны­шын­дай шалқыта сүйінші­леп жыр­лайды. Аз ғана парақ­тарда сой мінезді, ойлы көзді жігіт ағасының бірегей болмыс-келбетін көз алды­мызға келтіріп береді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қыңбаған, арттағыға аманат қал­дырудан тынбаған қайсар жүректі аялап, ардақтап мұңдайды.

Ж.Дәуренбековтің бір ілкімді ерекшелігі сол, кітапқа енген эссе-мақалаларының жанрын одан әрі жеріне жеткізе айқындап, шегелей анықтап қояды. Тақырыпшаларды түйіндеген «ой-пайым», «бір үзік сыр», «ой-баян», «ой-өрім», «әңгі­ме», «эссе-элегия», «әдеби баян», «эссе», «үкілі үзіктер», «ой-сарап», «ретро-лебіз», «сыр-толғам», «рет­ро-хикая», «үшбу-лебіз», «бірер-сөз», «экс­промт-эссе», «ой-лебіз», «әдеби миниатю­ралар», «прагма­тикалық пайым» сынды әдіпті анықтауыштар жазған дүниесінің мән-мазмұнын түсіну орайындағы бағытты һәм қалыпты толық­тауыш, оқырманға көмекші екенін де аңғарып, атап көрсет­кеніміз абзал. Бұған қоса, біздің автор қанаттас қаламгерлердің сөз өнеріндегі, шығармашылық мінез болмысы тұрғысын­дағы даралық-ерекше­лік­терін де тап басып айтары барын байқаймыз. Мысалы, сан сипатты дарын Жанат Елшібек қақында сонау алпысын­шы жылдардағы Балқаш­тың бала толқыны, бүгінгі журналисти­каның дара толқыны… Жанат қабілетін қарымды пайдаланады, асырып айтпайды, шашылып төгілмейді; «Қазақтың қызыл кітабын» жазған Сұлтанәлі Балғабаев туралы: «Автордың күткені де осы екен, ащы әңгімені «Қазақ­ша білмейтін қазақ қай ұлтқа жатады?» деп бастап, қыжылды сауалын қақ маңдайдан қояды; тақыры­бының темірқазығынан айнымайтын журналист қаламгер Жанболат Аупбаев жайлы: «Жанболат сол таңдаудан әлі танбай келеді, оның баспасөз бетінде үздіксіз жарияланған дүниелерінің бәрі қай мекеннен жазылса да алтын арқауынан алшақтамайды… Бұл – бүгінгі біздің қолы­мыздағы үш кітап – «Ашыл­маған аралдар», «Біртуарлар», «Ұлылардың ұрпақтары» болып алдымызда жатыр» деп сүйекті тұжырымдармен айшықтайды.

Ал қазақ баспасөзіндегі белгілі тұлға­лар: Зәкір Асабаевты – «Зиялы», Шәм­шидин Паттеевті – «Өре», Қали Сәрсен­баевты – «Эстеттің әлемі», Самат Ибраим­ды – «Құммінезі» деген бейнелі мағына­лармен мәнерлеуі дәлдігімен де, мәнділі­гімен де жарасымды дер едік.

 

Адам мінезі – ғаламат қазына

 

«Қолтаңбаны» оқыған көзіқарақтылар жалпы шығармашылық, сөз өнерінің қыр-сыры, жазушылықтың азабы мен журна­листік кәсіптің қиындық-қызықтарын түстеп танып біле түсері хақ. Бұл тұрғыдан алғанда, кітаптың танымдық құндылығы айна-қатесіз ақиқат. Сонымен бірге, аза­маттық ұстанымы танылатын, тіптен, атойлап алға шығатын тұстар да баршы­лық. Ж.Дәуренбековті ұлт қамы, ұлт идея­сы, ұлт мінезі, ұлт тілі, ұлттық идео­логия, ұлттық сана, ұлттық мүдде, ұлттық ұста­ным, ұлттық тәрбие мәселелері толған­дырады. Осы жайларды таратып, тарқатып, майлы жіліктей шағып айтады. Қазақтың пассионарлық намысын оятуды көздеген осынау прагматикалық пайым­дар­дың ғибратын көкірекке тоқи білсек, қане…

Одан әрі елімізді жайлаған, қазақ қоға­мының қасіретіне айналған сыбайластық синдромы, сыбайлас жемқорлық туралы да ызалы һәм назалы ой толғамай, кесім-пішім айтпай тұра алмайды. Міне, мұндай тұрғы­дағы жазбалар автордың азаматтық келбетін көз алдымызда зау биікке көтеріп әкеткендей. Ол деректі прозаның дәйекті дүниелері қақында ой толғаса да, Көркем­сөз бен Көсемсөздің көрігін басып, мазда­ғын үрлесе де, Қаламгер мен Кітап және Оқырман арасындағы алтын арқау қайтсе үзілмейді деген көкейкесті проблеманы жан-жақты қаузаса да – осының бәрінде қазақ халқы­ның ұлттық мұратын алға шығарады. Міне, Жақау қаламгерлігінің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік қолтаң­басы осындай.

«Мінез туралы миниатюраларды» «Қолтаңбадағы» өзіміз әңгіме еткен өрнекті де көрнекті дүниелердің алтын тәжіне, кітап ішіндегі кітапқа ұқсатамын. Осы керемет, тағылымы тасқа басқандай бедерлі жазбалардан ойшыл да зерделі қаламгер Ж.Дәуренбеков қолтаңбасы, жазушылық мәнер-машығы, жазушылық-пәлсафалық стилі, азаматтық дүниетанымы айшықтала, ажарлана ашылғандай. Қарап тұрсақ, адам мінезі – ғаламат қазына. Дүниенің кілті – мінезде. Жақаң осы жазбаларында көрнекі мысалдармен тұздықтап алуан-алуан мінездердің керуен-көшін көз алдымыздан көшіреді. Ой мен миға, жүйкеге салмақ та салмайды. Қарапайым да жаймашуақ әңгіме. Бүгінгі қазақ қоғамының мінездер әлеміне қызықтап енеміз де кетеміз. Жәй ермек үшін енбейміз, салиқалы сабақ, өнеге-ғибрат аламыз. Әлбетте, бұл ғибрат­тарды толығырақ ашу үшін оған жеке мақала арнау қажет. Тегінде, әлде де жалғас­тыра жазылу, барынша толығу, мәуелі мөлтек сырлармен молығу үстіндегі «Мінез туралы миниатюралар» келешекте кетпектей жеке кітап болатынына де кәміл сенеміз. Ал әзірге осы тілектестік лебізімді автормен ілкідегі бір әңгімеден кейін жазыл­ған, одан соң ойда жоқта осы кітап­қа енген «Мінез» атты өлеңіммен түйін­дейін. Әлбетте, бұл өлең әдебиет сүйгіш қауымға осындай жақсы кітап ұсынған ізденімпаз Жақау ағатайыма арналады.

Болмаса да оңып тұрған мінезім,

Мінездіні ұнатамын мен өзім.

Кейбіреулер көмекейін ашқанша

Көре қоям мінезінің өңезін.

Әлмисақтан «мінез – адам сауыты»,

Мінез – кейде кесір,

Кейде мақпал, мауыты.

Мінезділер мінсіз емес десек те,

Монтаны көз мінезсіздер қауіпті.

Жайып салған сахараның ғажабын,

Сайып салған Сарыарқаның саз әнін,

Көтермейтін көрінгеннің мазағын –

Қайда менің жылқы мінез қазағым?

Қайда ғажап күйлеріңнің мінезі,

Құсқанатты билеріңнің мінезі?

Кесіп айтқан ер жігіттің мәрттігі,

Кесік айтқан билерімнің мінезі?

Болмаған соң бөрі мінез ірілік,

Неге керек күйбең қаққан тірілік?

Қалмай, сірә, бара ма бұл қазақта

Шалқайғанға – шалқаятын кіділік.

Тек сіз емес,

Түп-тамырдан текті едім.

Кексіз емес,

Махамбеттей кекті едім.

Бетсіз емес,

Жер қорғаған Жұмабек,

Батыр мінез Баукеңдердей бетті едім.

Өткелдері көп болса да – өткенің,

Басып тұрып баба мекен көкбелін,

Көкбөрілік мінезіңнен ажырап,

Қойдан қоңыр қоңсы болған неткенің?!

Уа, налыман!

Күдерімді үзбеймін.

Тек-қасиет маржандарын тіздеймін.

Кендебайша Кер Құламды жебелеп,

Қазағымның қақ мінезін іздеймін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *