«Құпия құжаттар мен архив деректері ашылу керек»

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Соған орай біз тарихшылардың осы мәселеге қатысты көзқарасы қандай екенін білу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Қозыбақова Фатимамен шағын сұхбат жазған едік.

– Фатима Ақынбайқызы, Мемлекет басшысы тарапынан репрессия жылдарына қатысты комиссия құрылсын деген тапсырма берілді. Ашығын айтқанда репрессия жылдарының тарихы толық ашылып, зерттелді ме?

– Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тікелей Жарлығымен 1997 жыл – «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланды. Ол – өткен тарихымыздың көлеңкелі тұстарын қайта саралап, зерттеп-зерделеуге, бұқаралық сана мен жастар арасындағы патриоттық тәрбиеге негіз қалауға септігін тигізді. Сол жылдан бері 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп аталды. Сөйтіп бұл азалы күн жаңа мәртебесімен бүкілхалықтық мойындауға ие болды. Ашаршылық пен жойқын саяси жазалауларды жүргізген сталинизм саясатының салдары екенін түсінген жұрт бұл күнді жақсы қабылдады. Содан бері саяси репрессия құрбандарын еске алатын күн ретінде мамыр айының соңғы жұлдызы – күнтізбедегі өкіметтік биліктің барша буыны тарапынан назарда ұсталатын ерекше күндердің бірі болып табылады. Бұл күні мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар, жұртшылық өкілдері репрессия құрбандарына орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, тағзым етуі үрдіске айналған. Дегенмен, сонау қаралы нәубеттің атын атап, түсін түстеу мен мән беру деңгейі жеткіліксіз дәрежеде дер едім. Себебі, қылмысты саясат туғызған алапат аштық халқымыздың өсіп-өнуіне сандық та, сапалық та тұрғыдан ойсырата зиянын тигізді.
Бұл кезең жайлы жарияланған деректерге қарағанда әлі жарияланбаған деректер, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі архив құжаттары, құпия құжаттар әлі толық ашылған жоқ. Барлық құпия құжаттар мен деректерге зерттеушілердің қолдары жете бермейді. Бұларды зерттеу үшін «Жабық», «Құпия», «Өте құпия» деп сақталып келген архив қорлары бәрі бірдей ашылған жоқ. Өркениетті елдерде құпия қорлар (30-50 жылда) ашылып, еш кедергісіз беріледі. Сондықтан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі 20-30-40 жылдардағы архив қорлары ашылып, мемлекеттік архивтерге өткізілуі керек.
Репрессия жылдарының ауыр салдары айтып жеткізгісіз, тірі қалған ел-жұрттың басына салған ауыртпалығы ұшан-теңіз. Соларды біз ешқашан ұмытпауға тиістіміз. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасалған Үндеуіндегі тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру туралы мәлімдемесін тарихшы ретінде толығымен құптаймын. Бұл болашақ үшін және тәуелсіздік тұғырын одан әрі нығайта түсу үшін қажет маңызды қадам.
Бұл кезең жайында жарияланған жантүршігерлік естеліктер, құжаттар мол, оның әлі жиналмағаны, ел ішінде жатқаны қаншама. Дәлірек айтқанда, халықты үш есеге жуық кемітті. Яғни тікелей төрт миллиондай жанға өлім құштырды.
«АЛЖИР» лагеріндегі әйелдер тағдырлары түгелімен дерлік зерттелген жоқ. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың көпшілігінің тағдыры әлі белгісіз. Себебі, зерттеуге негіз болатын архив құжаттарына әлі қолымыз жетпейді. Алыс шетелді қойғанда өзіміздегі ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің және көрші республикалар мен Ресейдегі архивтерді қарауға мүмкіндік болмай отыр. Тарихшылар үшін осыған жол ашылса деймін. Себебі, тарихтың діңгегі – дерек, оның ішінде архивтік құжаттар. Сондықтан осы қаралы нәубеттің зерттелуі әлі де жеткіліксіз.

– Аталған мемлекеттік комиссияның құрамына кімдер кіруі керек? Тарихшы ретінде сол комиссияның жұмысына қандай ұсыныныстар айтар едіңіз?

– Мемлекеттік комиссия құрамына белгілі зерттеуші ғалымдар, тарихшылар, мұрағат қызметкерлері, естелік жинаушылар кіру керек. Аштан қырылған адамдардың аты-жөндерін қалпына келтіруге бүкіл халық атсалысуы тиіс. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіндегі құпия құжаттар ашылу керек. Ұлттық апат құрбандары туралы көркем фильмдер көбірек түсірілуі тиіс. Ресей архивтеріндегі құжаттар әкелініп, ғалымдар мен комиссия мүшелері үшін қолжетімді болуы тиіс. Ұлттық апат құрбандарының есімдерін атап, қаралы тізім жасау үшін арнайы акция жасалуы қажет. 3 миллионнан астам қаза тапқан жандардың аты тіркелген «Есімдер залы» ашылса, апат құрбаны болғандардың аты-жөндері экранға түсірілсе деймін.
Қуғын-сүргін жылдары мен аштықты «Ұлттық апат» деп атаған жөн деп есептеймін. 1917-1938 жылдар бойы большевиктік геноцид тоқтамады. Кеңес үкіметінің бұл тоталитарлық саясатының Қазақстанға жасаған эксперименті ежелден қалыптасқан далалық экономикалық жүйені тас-талқан етіп, жергілікті ұлтты қынадай қырып, ұлтымыздың жойылып кету қаупін тудырды. Сондықтан да бұл мәселенің тарихына ерекше мән беріп қарау ләзім. Келешекте де қайталануы мүмкін мұндай апаттардан сақтандыру, жастар бойында шынайы демократиялық құндылықтар, еліміздің, тәуелсіздігіміздің туын ұстар болашақ азаматтарды тарихпен тәрбиелеу үшін жасалуы тиіс.
Үндеудің маңыздылығы – жұртшылық арасынан шыққан бастамалардың ұлттық-мемлекеттік мүдделерге жауап беретіндігі айқын тұстарда Үкіметіміздің қарап қалмайтындығының шынайы дәлелі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *