ПАСТОР БРАНСОННЫҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫ…

АҚШ пен Түркияны біраз уақыт жанжалдастырды

Ол абақтыдан  босатылды,  бірақ ақталған жоқ

Екі елдің қатынасында жылымық пайда болуы  ықтимал

«Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген сөз рас. Алыстан орағытқан аяр саясаттың әсері ме екен, кейінгі кездері  жеке бір адамға қатысты келеңсіз істер ел мен елді дауластырған құбылысқа айналып барады.

Көпшілік хабардар, «Скрипаль дауына» байланысты  Англия мен Ресейдің  арасында жанжал туып, ол шөпке тиген өрттей қаулап, өршіп кетті.  Британ билігі Ресей БББ (Бас барлау басқармасының) бұрынғы полковнигі Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны  Мәскеу әдейі барлаушы жансыздар  жіберіп, уландырды деп айыптайды. Және бұл орайда жалаң сөзге жол бермей, бірнеше дәлелдер келтіріп, Александр Петров  пен  Руслан Боширов деген екі күдіктінің аттарын атап, фотосуреттерін  жариялады.  Ал Кремль мұның бәрін  теріске  шығарып, өзіне шаң жуытпауда. Мұның арты немен тынары әзірге белгісіз.

 Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Соңғы бір жайсыз жаңалық, Сауд Арабиясының Стамбұлдағы  консуль­дығында   саудиялық журналист Жамал Хашкаджидің із-түзсіз жоғалып кетуі  бірқатар елдердің  мазасыздығын тудырды. Англия, Германия және Францияның сыртқы істер министрліктері  Эр-Риядқа орын алған оқиғаны мұқият зерттеп-тергеу талабын қойған бірлескен мәлімдеме таратты. Түркияның арнаулы қызметінің  дерегінше оппозициялық журналист  консульдықта өлтірілген. Дональд Трамп  Саудия билігіне  егер  де  Жамал Хашкаджи шынымен өлтірілген болса, қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.

Жұрт білетіндей, американдық про­тестанттық  пастор  Эндрю Брансонның ісі  АҚШ–Түркия қатынасында екі жылға жуық  дау тудырып келген мәселе. Нақ­тырақ айтқанда,  2016 жылдың  9 желтоқ­санында  құқық қорғау қызметкерлерінің тергеу амалдарының негізінде соңғы жиырма жылдан астам Түркияда тұрып, протестантық христиан дінін уағыздап келген американдық пастор Э.Брансон  қамауға алынып, оған  «тыңшылықпен айналысты, терроршыл ұйымдармен байланысып,  қылмыстық  әрекеттерге барды» деп айып тағылған еді.

АҚШ әкімшілігі  мұны  «жеке адамның  құқығы шектелді, жала жабылды, дәлелсіз айыпталды» деп жалаулатып ала жөнелді. Екі елдің қарым-қатынасына көлеңке түсіріп,  нұқсан келтіретін жәйт десті. Олардың айтуларынша, Эндрю Брансон «сүттен – ақ, судан – таза». Бар болғаны діни уағыз жүргізумен айналысқан.

Бұл ретте американдық заң және құқық орталығының аға заң кеңесшісі Сиси Хил: «Түркия  христиан дінін уазғыздауды  терроризм деп бағалайды. Пастор Брансонның  қандай да бір қылмыстық әрекет жасағаны жөнінде ешбір  нақты айғақ-дәлел жоқ деген пікірде. Оны христиан және христиандық пастор болғаны үшін ғана терроризммен байланыстырады. Бұған дейін  оған билік тарапынан ешқандай күдік келтірілмеген. 2016 жылғы сәтсіз төңкеріс оқиғасынан кейін Түркия президенті Ержеп Ердоған өзінің мыңдаған  саяси қарсыластарынан осылай құтылудың жолына көшті. Пастор Брансон да сондай «тазалаудың құрбаны» болып отырған христиандардың бірі. Көптеген христиан пасторлары  елден шығарылып, тек Брансонның ғана қамауға алынғаны түсініксіз», –  дейді.

Бұл іске, тіпті АҚ үй басшысы Дона­льд Трамптың өзі  тікелей араласып, жеке Twіtter   парақшасында: «Біз Брансонды Америкаға қайтаруға бар күшімізді саламыз»,  – деп жазды.

Мұндай даулы іске түрік жағының да жеңіл-желпі қарамайтыны анық. Қай­шылықты объективті талқылау және диалог арқылы шешу мақсатында  биылғы 2018 жылдың тамыз айында  Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Оналдың басқаруымен  әділет, қаржы және сыртқы істер министрлік­терінің өкілдерінен құралған  арнайы делегация  Вашингтонға барды. Мәселе  АҚШ мемлекеттік хатшысының орынба­сары Джон Салливанның қатысуымен  жабық есік жағдайында бір сағатқа жуық  талқыланғанымен, айтарлықтай нәтиже шықпады.

Түрік делегациясы осы кездесуде Иранға қарсы санкция талаптарының бұзылуына  байланысты  АҚШ тарапынан  Түркияның  Halkbank-іне  ірі көлемде айыппұл салу  жайын да қозғады. Амери­кандықтар  Брансон қамаудан босатылмай  бұл тақырыптың талқыланбайтынын кесіп айтты. Түріктер де  есе жібермей ондай жағдайда пастордың  босатылмайтынын жеткізді.

Халықаралық қатынаста тәжірибелі түріктің құқық қорғау органдарының  біреуге  орынсыз жала  жауып, жәйдан-жәй қылмыстық іс қозғамайтыны белгілі. Жан-жақты зерттеу мен тергеу амаладары нәтижесінде бас-аяғы 62 беттен тұратын айыптау қорытындысы  жасалды. Онда: «Брансон дін қайраткерінің атын жамылып, Гүлен қозғалысы және Күрдістан жұмыс­шы партиясының террористерімен байла­нысып, заңға қайшы келетін жұмыстар жүргізді. Ол  Фетхуллах Гулен­нің басшы­лығындағы FETО қозғалысы жетекші­лерімен бірнеше рет кездескен және  олардың шақыру координаттарын жақсы білген» деп  көрсетілді. Осының бәрін  негізге ала отырып,  Измир қаласының прокуратурасы  Түркия Қылмыстық  заңының тиісті бабына сәйкес, соттан Брансонды 35 жылға абақтыға қамауға үкім шығаруды сұрады.

Вашингтон  тарабы «Брансон дауын» келісіммен шешудің орнына оны одан әрі ушықтырып, Түркияның  ішкі істер және әділет министрлері: Сүлеймен Сайлу мен Абдулхамит Гулдің шет  елдегі активтерін  бұғаттау туралы санкциялық шешім шығарды.

Бұған қатысты  Түркия Әділет министрі  Сүлеймен Сайлу:  «Мен әрқашан да өз елімде өмір кешіп, өз жерімде көз жұмуды армандайтын адаммын. Менің АҚШ-та немесе басқа бір елде  ешқандай да тыққан-пыққан ақшам не дүние-мүлкім жоқ. Егер де  артық қаражатым болса өзімнің туған қалам Газиантепте кішігірім зәйтүн бауын сатып алар едім» деген мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ,  Ішкі істер министрі  Абдул­хамит Гул де  үнсіз қалмай: «Дүние-мүлікті қайдам, бізде  АҚШ-тағы FETО терро­ристік ұйымының басшысы ғана бар. Біз оны онда қалдырмаймыз. Елге қайтара­мыз» деген кекесінді жауап қатты.

Қосымша шара ретінде Құрама Штат­тар Түркиядан тасымалданатын  болат пен алюминий материалдарына  кедендік салықты екі есеге арттырды.  Өз кезегінде Анкара да қарап қалмай,  Америкадан әкелінетін  жеңіл автокөлік, алкоголь мен темекі өнімдерінің тасымалдау алым-салығын көбейтті.

Бірқатар дереккөздеріне қарағанда, Ердоған  АҚШ әкімшілігіне  пастор Брансонды  Фетхуллах Гүленмен ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған. Алайда, ондай ұсынысқа  Ақ үй басшылығы үзілді-кесілді қарсы болып, көнбеген.

Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің сарапшысы Тимур Ахметовтың  пайымдауынша  Вашингтонның  мұндай келісімге бармағаны  түсінікті. Өйткені,  біріншіден, Ф.Гүлен ұйымы  АҚШ-та айтарлықтай беделі бар. Екіншіден,  олар 50 млрд. доллар шамасында  активке ие. Үшіншіден,  Гүлен  Американың  ешқан­дай заңын бұзған емес. Әрі оның  Түркия­дағы төңкеріске қатыстылығы ешқандай дәлел таппаған. Демек, оны Түркияға қайтарудың  қоғамда үлкен қарсылық қозғалысын тудырары хақ. Сондықтан  Ақ үйдің мұндай қадамға барамауы   қисынды.

Дегенмен, әлгі сарапшы Тимур Ахметов  пастор Брансонды  саяси салмағы ауыр Гүленге болмағанымен,  Иранға қарсы американдық санкцияны бұзғаны үшін  АҚШ-та 2 жыл сегіз айлық жазасын өтеп жатқан түркиялық Halkbank-і басшысының орынбасарына ауыстыруы ықтимал деген пікір айтып қалған.

Әлдебір саясаттанушылар:  «Брансон дауы жәй сыныққа сылтау. Мұны жалау­латып,  яғни «түймедей істі түйедей етіп» көрсетуде  Вашингтонның да, Анкараның да  астарлы саясаттары, ішкі есеп пен мүдделері бар» дегенді айтады.

Әйтеуір  АҚШ-Түркия қатынасында  «Брансон дауының»  екі жылға таяу уақыт ішінде шиеленісіп бірталай жерге барғаны ақиқат. Десе де,  «заманына, уақытына  қарай амалы» демекші, саясат та қатып-семіп қалған  нәрсе емес, сәт сайын өзгеріп, құбылып тұрады.

Сол айтқандай, базбіреулер:  «шамасы Вашингтон мен Анкара  Брансон мәсе­лесінде  ортақ мәмілеге келген сыңайлы» дегенді сыбырлап айтады. Олай дейтіні өткен жұмада  Түркияның Измир қалалық соты  американдық пастор Эндрю Бран­сонды  үш жыл және он бес күн мерзімге жаза кесті. Бірақ та оның  осыған дейін қамауда отырған мерзімін  ескеріп, сот залында босатты.  Және де одан  Түркия­дан шығармау шектеуін де алып тастады.

Сырт көзге бәрі заңды сияқты. Ал  шын мәнісінде  саясаткерлер, журналистердің болжауларынша,  АҚШ пен Түркия  арасында қандай да бір келісім жасалған. Бұдан кейін  екі елдің қатынасында жылымық  пайда болып, санкциялардың  босаңсуы ықтимал.

Пастор Брансон  тұтқыннан босатылған бойда Германия арқылы  өз еліне  ұшып кетті. Ол мінген әскери  ұшақ  Вашинг­тонға жақын маңдағы Эндрюс авиаба­засына барып қонды. Әрі қарай пасторды арнаулы адамдар жеделдете   Ақ үйге жеткізіп, онда оны Дональд Трамптың өзі қабылдады. Брансон  президенттің аяғына жығылып,  дұға жасады.

Осының бәрі  Дональд Трамптың өзін қарапайым етіп көрсетудің, беделі мен абыройын, американдықтар арасында төмендеп бара жатқан имиджін  көтерудің амалы  болуы мүмкін. Өйткені, Д.Трамп пен зайыбы Меланья биылғы жылдың көктемінде түн жарымында Солтүстік Корея түрмесінен босатылған тегі корея­лық,  үш АҚШ азаматы:  Ким Дон Чхол, Ким Сан Док  және Ким Хак Сонды  күтіп алып, осылай құрмет көрсеткен  болатын.

Еске сала кетсек,  фамилиялас  Ким­дердің ең үлкені 65 жастағы Ким Дон Чхол  2015 жылы КХДР солтүстік-шығысын­дағы  Расон сауда-экономикалық аймағын­да шпиондық әрекеті үшін ұсталып, өмір-бақи  қамауда отыру жазасына кесілген.  Қалған екеуі Ким Сан Док пен Ким Хак Сон   Пхеньяндағы  ғылым және техноло­гиялар  универси­тетінде сабақ берген.  Бұлар да  «жаулық  іс-әрекетері»  үшін ұзақ мерзімге сотталған-тын.

Дейтұрғанмен, қазіргідей геосаясатта келіспеушілік белең алып, экономикада дағдарыс қысып тұрған  алмағайып заманда жеке адамдардың  ісінің  қоғамдық, мемлектаралық дау мен қайшылыққа ұласпағаны жөн.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *