Қозы Көрпеш – Баян сұлу ескерткіші бой көтерді

 

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді екен бұрынғы бабаларымыз. Бес саусақтың бірдей еместігі сияқты әкімдер де әр түрлі. Қарапайым халыққа олардың жағатыны да, жақпайтыны бар. Әкім бола салып арыстандай айбат шегіп ел пікірімен санаспай, халықтан гөрі өз қамын көп күйттеп кететін әкімдерді де көріп жүрміз. Халықпен біте қайнасып, оның қамын жеген, ауылды көркейтуге жан-тәнін салып жүрген әкімнен айналасың ғой. Оның жасы немереңнен кіші болса да, ісіне қарап ақсақалдай сыйлайсың, құрметтейсің.

«Ауылына қарап – азаматын таны» демекші, біздің Байқадам ауылдық округі­нің әкімі Ержан Көлбаев жұмысына кіріскен сәттен бастап халықпен тығыз байланыста болып, ауылды көркейтуге жанын сала кірісті. Сөйтіп, жас әкім аз ғана уақыт ішінде тұрғындардың алғысына, құрметіне бөленді.

 

***

Ұлы Жібек жолының бойында орна­ласқан Саудакент (орталығы Байқадам) мыңжылдық тарихы бар қасиетті ауыл. Бұдан сан ғасырлар бұрын мәдениеті, сән-салтанаты өсіп-өркендеген, шығысы Қы­таймен, батысы Еуропамен сауда қаты­насын жасаған Саудакенттің көрмегені жоқ. Алдымен Шыңғысханның, одан кейін жоңғарлардың, қоқандықтардың шапқын­шы­лығына ұшырады. Қазақстанда «Кіші революция» жасамақ болған теке сақал Голощекиннің билік құрған кезінде халқы азып-тозды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қолдағы малды тартып алып, халықты ашаршылық­қа ұшыратты. Елім деп еңіреген ерлер жазықсыз айдалып, көбісі атылып кетті. Аман қалғандары шілдің боғындай тозып жат жұртқа ауып кетті.

Ұлы Отан соғысы да халыққа көп қасірет, қаяғы-мұң әкелді. Жүздеген ер-азамат майданға аттанды. Соғыс жылда­рында аудандық әскери комиссар қызметін атқарған Махмұт Шоқалақов ақсақалдың айтуы бойынша соғысқа кеткендердің он-ақ пайызы елге оралған. Олардың да көбісі мүгедек, жарымжан болып келген. Ал басқалары Мәскеу, Сталинград, Ленинград қалаларын қорғау және Еуропа елдерін азат ету ұрыстарында шаһит болған. Олар­дың ішінде даңқты актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің әкесі – Әшім де бар. Ол кісі басқа майдандастарымен бірге Вермахтың ең қуатты әскерін талқан­дап, тұтқынға түскен фельдмаршал Пау­люс­ті үш жүз мың солдатымен қосақтап Сталинград көшелерімен малша айдаған. Жалындырып, сауға сұратып халықтың кегін қайтарған. Жауды Чех жеріне дейін өкшелеп қуып барған. Онымен бірге Жарылқасын, Сембі деген жерлес жігіттер болған. Олар елге мүгедек болып оралды. Ал Әшім чех жерінде соғыс аяқталған 8 мамыр күні ерлікпен қаза тапқан. Оның жалғыз ұлы Асанәлі осыдан сегіз жыл бұрын, тура 8 мамыр күні дүниеге келген екен.

Осындай зобалаң кезінде Саудакент халқы Жұбан Молдағалиев ақын жырла­ғандай, «мың өліп, мың тірілген». Орталық­тан шалғайдағы Саудакент ауылы тарихқа тұнып тұр. Шыңғысхан қалдырған Күлтөбе, таңбалы тасы бар Маятас, оның төбесіндегі балбал тастар көне тарихтан сыр шертіп тұр. Бұл жерде атақты айтыс ақыны Майкөт туып-өскен. Күлтөбенің түбінде жас ақынның дарынын танып, оған қамқорлық жасап, оқытып, тәрбиелеп жыр додасына қосқан Шоқай датқаның сағана мавзолейі тұр. Шабақты өзенінің сол жағалауында ұлы абыз, күй құдіреті Ықыластың мәрмәр тастан тұрғызылған қобыз пішіндес еңселі, әдемі кесенесі бар. Бұл қасиетті орындарға мектеп бітірушілер, жаңа шаңырақ көтерген жастар келіп тәу етеді.

Ауыл орталығында Ы.Дүкенов атын­дағы саз мектебі бар. Бұл мектепте жүзде­ген балалар мен жасөспірімдер қобыз, дом­быра, басқа да ондаған аспаптарда ойнауға үйренеді, ән салу өнеріне машықтанады. Атақты дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева осы мектептің түлектері.

 

***

Кейінгі жылдары «Әулие Валентин күні» деген бір пәле шықты. Мұны кейбір жастар «Махаббат күні» деп дәріптеп, батысқа еліктеп, мерекеге айналдырып алды. Көп жастар Ромео-Джулетта оқиғасын біледі. Бірақ Валентин деген қандай әулие, ол қайдан шыққан махаббат құдайы, оны ешқайсысы білмейді.

Япыр-ай, десеңізші, өзімізде де мәңгілік махаббат иелері Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік-Кебек, Төлеген мен Жібек сияқты тарихи тұлғалар бар емес пе? Солардың махаббатына бас имей, айдаладағы «сайда саны, құмда ізі жоқ» Валентин деген біреуге табыну нағыз білместік, өрескелдік, тіпті дымбілмес мәңгүрттік деп білемін. Алысқа бармай-ақ, соғыстың кесірінен бір-бір баламен жастай жесір қалған талай әжелеріміз бар екенін білеміз. Халық әртісі Асанәлінің анасы – Тәжіхан, «халық жауы­ның» әйелі, атақты айтыс ақыны Бағи, кезінде колхоз бастығы болған Молда апа­лар­дан үлгі алуға болады. Олар өз махаб­баттарына өле-өлгенше берік болды.

Аққайыңдай солқылдаған сұлу жас жесірлерге құмартып көз тіккен, қырын­даған атқамінерлер аз болмаған. Азғыр­ғанына, қорқытқанына көнбеген Тәжіхан мен Бағиды балаларын шырылдатып жалғыз қалдырып, Алтайдағы «Қатын қарағайға» ағаш кесуге күштеп жіберген. Ерегісіп бірнеше рет айдаған. Бірақ аштық та, қабырғаны қаусататын ауыр жұмыс та олардың сағын сындыра алмаған. Небір тозаққа төзіп, өз махаббаттарына мәңгілік адал болып қалды.

Әне, шынайы махаббат құдіреті деген сол, тек тірі қалғандары болмаса, нағыз Қыз Жібек, Баян сұлу, Еңліктер солар емес пе? Сол қасиетті аналар көз жасы құрғамай жылап жүріп, белі қайысып, ауыр жұмыс істеп жүріп балаларын ешкімге «көзтүрткі» қылмай өсірді, ел қатарына қосты.

 

***

Ауылдың көркеюі, халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайының жақсаруы тікелей әкімге байланысты. Сондықтан оған көп үміт артылады. Ауыл әкімі Ержан Көлбаев сондай үмітті ақтап жүрген азаматтардың бірі. Ол көпшіліктің көкейінде қордаланып қалған біраз мәселелерді бірден қолға алып, тиянақты тындырып жүр. Саудакент ауылы күн санап көркейіп, гүлденіп келеді. Халықтың тұрмыстық жағдайы да жақсара түскен.

Кезінде ауыл азаматы Қырықбай Асанов Ұлы Отан соғысында қаза тапқан азаматтарға арнап мемориалдық тақта орнатуға, мәңгілік алау жағу жұмысын қолға алған еді. Бірақ ол кісі қайтыс бол­ған­нан кейін бұл игілікті іс аяқсыз қалды. Е.Көлбаев ауыл ақсақалдарымен ақылда­сып, жұрттың көмегіне сүйеніп, осы жұмысты аяғына жеткізді. Қазір аттары ұмытыла бастаған соғыста ерлікпен қаза тапқан 92 жауынгердің есімдерін мәрмәр тасқа ойдырып жаздырып, ауыл орталы­ғына орнатты. Ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін белгісіз болып келген жауынгер жерлестерімен қауышты. Көпте­ген жастар қанды шайқастарда қаза тап­қан өз аталарының атын біліп, мақтаныш сезіміне бөленді.

Жас ұрпақты Отанды, елін сүюге тәрбиелейтін бұл шара көпшілікті риза етті. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан кейін Отан үшін опат болған ерлерге арналып ас берілді.

Жас әкімнің игілікті жұмысы тағы жалға­сын тапты. Ауылға кірер қақпаға «Саудакент» деп алтын әріптермен жазды­рып, ұзын көшені самаладай жарықтан­дырды. Ауыл орталығында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ескерткіші бой көтерді. Оның жан-жағы жасыл желек, гүлзармен көмкерілді. Ескерткішті жасауға қаржы берген ауылдан шыққан кәсіпкер Асау Майлыбайұлының еңбегі зор.

Енді ауыл жастары Валентин деген аңыздан, қияли ұғымнан құтылып, Қозы Көрпеш – Баян сұлу ескерткішіне келіп бас иетін болды.

 

Амандос РАҚЫШЕВ,

Республиклық баспа-полиграфия ісінің ардагері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *