Омыртқа және буын ауруларын отасыз емдеуге болады

 

Алматыда омыртқа және буын ауруларын ешбір отасыз емдейтін Корей дәстүрлі медицина орталығы ашылды.  Қала тұрғындары мен еліміздің өзге аймақтарын­дағы омыртқа аралық грыжа, бұлшық ет тонусы, протрузия, остеохондроз сияқты аурудың зардабын тартып келе жатқан науқастар шетелге шықпай-ақ, медицина саласы бойынша оқ бойы озық тұрған Корей Республикасы дәрігерлерінің еміне жүгіне алады.

Корей елінің бірнеше қаласында негізін қалаған Чонг-Ен деп аталатын клиника көктемнің алғашқы күні Алматы қаласын­да ресми түрде есігін айқара ашты. Бұл медициналық орталықтың ерекшелігі — ауруды хирургиялық араласудан бас тартып емдеу әдісінде. Шығыс және батыс медицинасын біріктіріп, корей дәстүрлі медицинасы мен заманауи батыс зерттеу­лерін үйлестіру арқылы жасалған методика инемен емдеу арқылы жүзеге асады.

Алматыдағы орталықтың ашылуына дейін 2017 жылы Чонг-Ен клиникасының дәрігерлері Қазақстанның бірнеше қала­ларында, атап айтсақ, Астана, Өскемен, Семейде омыртқа және буын ауруларына шалдыққан бірнеше науқасты тегін емдеген болатын. «Жасалған емдік шаралардың барлығы оң нәтиже беріп, елді қуантты», — дейді Чонг-Ен клиникасының бас дәрігері Пак Джонсон мырза. Оның айтуынша, елімізде омыртқа және буын ауруларына шалдыққан 60 пайыз халық­тың арасында егде жасқа келгендер ғана емес, жастар да бар. Мәселен, Қазақ­станда протрузия ауруының емі тек хирургиялық арала­су­мен ғана жүзеге асса, енді корей дәрігерлері ешбір отасыз иненің көмегімен науқастың қысқа уақыт аралығында айығуына септі­гін тигізбек.

Аурудың асқынуына қарай емдік шаралар 1 апта­дан 3 аптаға дейін созы­лады. Одан соң табиғи компонент­тердің негізінде жасалған дәрілердің көмегімен емді бекітеді. Сондай-ақ,  атал­мыш клиника семіздік ауруларын, бала­лардың бойының өсуіндегі кемшіліктерді түзетуді қолға алып  және косметологиялық қызмет түрін де ұсынады.  Емдік шаралар­дың бар­лығын корей елінің білікті дәрі­герлері жүр­гізеді. «Алдағы уақытта жаңа методиканы қазақ дәрігерлеріне үйретіп, тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз», — деді Пак мырза.

Медициналық орталықтың ашылу салтанатында Корей елінен келген денсау­лық сақтау саласының үздіктері құттық­тауларын жеткізді.

 

Аида  БОРАНБАЙ.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *