ОЙЫНЫ ТАМАША ТАҢДАУЛЫ ТӨРТТІК

Жанкүйер қауымды түнгі ұйқыдан айырып, күллі назарын өзіне аударған әлемдік футбол чемпионаты да өз мәресіне таяп келеді. Енді дүниедегі ең үздік төрт дүлдүл жүлделерді өзара сарапқа салады.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Табарес кетті, Дешамның

әлі үміті бар

Ұлттық құрама командаға жетекшілік ету жөнінен әлемде рекорд жасаған уругвайлық ардагер жаттықтырушы Оскар Табарестің алаң жиегінде балдаққа сүйеніп тұрғаны – сырт көзге тосын-ақ көрініс. Гийен-Барре синдромымен ауырып, өздігінен жүріп-тұрудан қалған футбол ақсақалы сонда да команда тізгінін берік ұстады. Луис Суарес, Эдинсон Кавани, Диего Годин секілді әрқайсысының өз пікірі бар жарық жұлдыздарды ортақ мәмі­леге келтіріп, ұйымшыл ұжымның уығына айналдыру – оңай шаруа емес. Уругвай ойыншыларының да бапкерді айрықша құрметтейтіні байқалады: айтқа­нын екі етпейтін елгезек шәкірт секілді әр сөзіне ізетпен бас изейді, сұхбат бергенде «ол жағын біздің бапкеріміз біледі», «сеньор Оскар айтты, демек, солай…», «ұстазы­мыздың тапсырмасын бұлжытпай орын­дай­­мыз» деп, жаттықтырушы есімін ауыздарынан тастамайды.

Табарес аталмыш дертке осыдан бес жыл бұрын шалдықты. Сонда да ұлттық құрама тізгінін ешкімге бермей, жасыл алаңдағы қарсыластарымен қоса, тұла бойын дендеген дертпен де күресіп бақты. Биылғы әлем чемпионатында Уругвай – топтағы үш бәсекелесінен де басым түскен үш команданың бірі болды (қалған екеуі – Бельгия мен Хорватия). 1/8 финалда Португалияны да айқын жеңді. Сол ойын­дағы екі голдың авторы Кавани жарақаты­нан айыға алмай, ширек финалға қатыс­қан жоқ. Сондықтан ба, команданың шабуылы бұрынғы өткірлігінен айрылды. Жалпы, соңғы 20 минуттағы гол соғуға аянбай ұмтылған жанкештілігін есептеме­генде, бұл кездесуде Уругвайдың ойыны солғындау болды.

Мұның себебі – қарсыласта еді. Француздар осыған дейін ресми ойындарда Уругвайды ешқашан ұтпаған еді. 1966 жылы 1:2 есебімен жеңілсе, 2002 және 2010 жылдардағы кездесулерде қақпа құлпы сол күйі ашылмаған-ды. Кешегі ойында Фран­ция құрамасы қарсыласын едәуір басым ойнады. Дидье Дешам шәкірттерінің бойынан жеңіске деген құлшыныс та, шешуші сәттердегі салқындылық та, жеке шебер­лік те табылды. Рас, екінші гол уруг­вайлық қақпашының өрескел қателігінен соғылды. Дегенмен, жалпы алғанда, жылдам да жігерлі қимыл көрсеткен Фран­цияның жартылай финалға шығуы әділ еді. Мұны Табарес те мойындап: «Менің жігіттерім қолдарынан келгенін жасады, жасыл алаңда жан аямай айқасты. Бірақ француздар бізден де жақсы ойнады», – деп ашығын айтты. 71 жастағы маман ұлттық құрамамен қош айтысқанын да мәлімдеді. Ал француз бапкері ойыншы кезінде алған алтын медаліне бапкер ретінде қол жеткізер чемпиондығын қоса алса, әйгілі Марио Загалло (Бразилия) мен Франц Беккен­бауэрдің (Германия) рекордын қайталамақ.

Бразилияны «Қызыл сайтандар» тоқтатты

Әдетте қақпашы мен қорғаушылардың олақтығынан опық жейтін команданың бірі Бразилия болатын. Биыл, керісінше, «Романың» шебер қақпашысы Алиссон Беккер мен Тиаго Силва («Пари Сен-Жермен»), Жоау Миранда («Интер») сынды шеберлер бастаған қорғаныс шебі «Селе­сао­ның» ширек финалға шығуына алдың­ғы лек ойыншыларынан көбірек еңбек сіңіргендей көрінді. Осыған дейін бір-ақ гол жіберген Бразилия алғы шепте біраз қиын­дыққа душар болды. Швейцарияны ұта алмаған, Коста-Риканың тегеурінді қарсылығын төреші қосқан уақытта ғана әрең еңсерген Титенің шәкірттері, рас, Сербия мен Мексиканы сәл еркіндеу жеңді. Алайда, ширек финалда бес дүркін әлем чемпиондарының қазіргі толқыны «теңбіл доптың теңдессіз шеберлері» деген атаққа лайықты екенін дәлелдей алған жоқ. Ара-тұра Неймардың тосын әрекет, оқыс амал ойластыруға тырысқаны болмаса, жалпы биылғы Бразилияның алғы шебі ұшқыр қиялға аса бай емес екені байқалып қалды.

Ал Бельгия құрамасы Ресей жасыл алаңдарындағы ең үздік ойынын ширек финалда көрсетті. Бұған дейін Жапо­ниядан 0:2 есебімен ұтылып жатып, жеңіп кеткен, ерік-жігер дегеннің ерен үлгісін көрсеткен бельгиялықтар бұл ойында белсенді әрекетке бірден кірісті. Құраманы жаттықтыратын испан бапкері Роберто Мартинес өз шәкірттеріне: «Бразилиядан қорқатын ештеңе жоқ! Қаймықпай, батыл ойнаңдар!» деп тапсырыпты. Ә дегеннен алға ұмтылған «Қызыл сайтандар» сол күйі жоғары қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Екінші таймда Неймар мен оның серіктері тайлы-таяғымен шабуылға кеткенде, селдіреп ашық қалған Бразилия тылына Ромелу Лукаку мен Эден Азар жиі қауіп төндіріп отырды. Аяғына доп тиген бойда-ақ алдағы осы қос серігін іздеп тауып, қарсы қақпаға кезек жұмсаған Кевин де Брюйненің диспетчерлік дарыны керемет ашылды. Бельгия қазіргі футболда жылдам қарсы шабуыл тактикасын мінсіз меңгеріп, мүлтіксіз атқаратын «машинаға» айналып келе жатқан болашағы зор ұжым екенін көрсетті.

20 жылдан кейінгі табыс

Баспен шебер ойнайтын ағылшындар шведтерді айқын басымдықпен жеңді, ал чемпионат қожайындары хорваттармен соңғы минутқа дейін айқасты. Доп додасы басталмай тұрып сынға ұшыраған, келеке-мазақтан көз ашпаған бас бапкер Станислав Черчесов бейпіл сөзге еш мән берместен, команда ойынын шыңдаумен болды. Ақыры Ресей футболының тарихын­да тұңғыш рет осы елдің ұлттық құрамасы әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Шығып қана қоймай, турнирдегі шебер ұжымның бірі – Хорватиямен 120 минут бойы тіресті. Тек пенальти сериясы­нан ғана Лука Модрич пен оның команда­сы жартылай финалға шықты. Бұл – Хор­ва­тияның сонау 1998 жылғы қола жүл­десінен кейінгі тұңғыш табысы. Бір қызығы, биылғы доп додасында төрт пенальти серия­сы болса, соның бәрінде де серияны бірінші болып бастаған команданың жолы болмапты.

Жартылай финал ойындары бүгін және ертең өтеді. Биыл бұл кезеңге жанкүйер жанын рахатқа бөлеген, тамаша ойын көр­сеткен командалар шығып отыр. Таңдаулы төрттіктің екеуі бұрын бір реттен әлем чем­пионы атанған (ағылшындар 1966 жылы, француздар 1998 жылы). Бельгия мен Хорватия жеңімпаз болмақ түгілі, әлі финалға да шығып көрмеген. Ендігі қызық – осылардың қайсысы 15 шілдеде шешуші матчта ойнайды? Кім чемпион болады? Ағылшын шабуылшысы Харри Кейн сұрмерген атана ма, әлде оны басқа біреу (Лукаку ма? Гризманн ба? Мбаппе ме?) қуып жете ме? Жанкүйер қауымның жүре­гін толқытқан сауалдардың жауабын алуға да көп уақыт қалған жоқ.

 

ШИРЕК ФИНАЛ

Уругвай – Франция – 0:2 (гол соққандар: Варан, 40-минутта, Гризманн, 61).

Бразилия – Бельгия – 1:2 (Ренато Аугусто, 76 – Фернандиньо, 13, өз қақпасына, Де Брюйне, 31).

Швеция – Англия – 0:2 (Магуайр, 30, Алли, 59).

Ресей – Хорватия – 2:2, пенальти бойынша 3:4(Черышев, 31, Фернандес, 115 – Крамарич, 39, Вида, 101).

 

Сұрмергендер: Харри Кейн (Англия) – 6 доп, Ромелу Лукаку (Бельгия), Криштиану Роналду (Португалия), Денис Черышев (Ресей) – 4 доптан, Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе (екеуі де – Франция), Диего Коста (Испания), Артем Дзюба (Ресей), Эдинсон Кавани (Уругвай) және Йерри Мина (Колумбия) – 3 голдан.

 

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

10 шілде. Франция – Бельгия (00.00)

11 шілде. Хорватия – Англия (00.00)

 

3-орын үшін матч 14 шілде күні 20.00-де, ал финал 15 шілдеде 21.00-де болады.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *