Өнер майталманының өсиеті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кез-келген халықты шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі екендігін тұжырымдап берді: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизм­нің маңызды көріністерінің бірі». Әшірбек Төребайұлы Сығай қазақ руханиятына, мәдениеті мен өнеріне бар болмысымен, таза іңкәрлікпен берілген осындай тұлға еді.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы жанын­дағы колледждің салтанат залында  қазақ театр сыны­ның саңлақ тұлғасы, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекет­тік сыйлығы­ның лауреаты, профес­сор Әшірбек Төребайұлы Сығайдың артында қалған мәдени мұрасын зерделеуге арналған тағы­лымды тәрбие сағаты өтті. Кештің құрметті қонағы болып Әшірбек ағамыздың өмірлік жұбайы Күләш апай келді.  Аталмыш іс-шараға колледж ди­рек­торы Зура Жұмах­метова, ұстаз­дар және де «Актерлік өнер» циклінің барлық шәкірттері қатысты.

Есімі туған еліне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танылған, қазақ руханияты мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің өмір жолы, өнер жолы, шығармашылық кеңістігі кеңінен сөз болып, сахна сыны сардарының жиырмаға жуық кітаптарында қамтылған театр өнеріне қатысты құнарлы ойлары қайтадан жаң­ғырды. Сын сардарының кітаптары сан алуан тақырыптарға арналып, сахна өнерінің өмір­шең де өзекті мәселелері туралы толғаныс­тарға толы екендігіне тағы да бір көзіміз жетті.

Шұғылалы шараның жаңалығы деп колледж студенттерінің көңіл қылын шертерліктей көркем ойлармен кестеленген ілтипатты эсселерін көпшілік көрерменнің алдында шынайы да ашық оқып берген­діктерін атасақ, артық айтқандық емес. Студенттердің көбісі сын сардарына арнап өздерінің жүрек сөздерін қағаз бетіне түсіріпті. Солардың бірімен таныстырып өтсек дейміз: «…Сығайдың Әшірбегінің кітаптарын қолыма алып оқи салысымен, дастархандағы тәттінің бірінен соң бірін сұрап, қол созған баладай күй кештім. Себебі, кітаптың алғашқы беттерін оқи сала, өзіңді түпсіз терең сөздерімен баурап алғандығы соншалық, әшейінде тақылдақ тілім, болдырған жорғадай сенделектеп, сүрініп, тұтығып, тоқтап қалды. Иә, сөз құдіретінің кереметтілігі осы шығар, бәлкім! Оқыған кітаптарымдағы ойды бөлісіп, қағаз бетіне түсірейін деп, жазарға сөз табылып, қаламым дайын тұрғанымен, ойымды ақ қағазға түсірерде БАТЫЛДЫҚ табылмай сасқалақтадым. Осыншалықты көгершін тобына тақау келіп, қалбаң етіп қонған, жалғыз қарға тәрізденіп күй кешетіндей сезімге бөлеген сиқырлы да, қайталанбас асыл сөздеріне еріксіз басыңды иесің! Тіп­ті, Алатаудың етегінің ең төбесіне шырқа­тып бір-ақ шығарып мақтаса да аздық етер! Барлық ҚАЗАҚ жұрты «Көктөбе» синдро­мына ұқсап, Әш-ағаның өр есімін асқақтап айтып жүреді! Мен бұған кәміл сенемін! Өйткені, ол асқақтап айтушылардың алғаш­қыларының қатарында өзімнің де есімім қатар жүреті­ніне уәде беремін. «Сахнаны – пірім, өнерді – өмірім» деп білген Сығайдың Әшірбегіне деген ерекше құрметім ол кісінің «Сахна әлемі» атты кітабын оқыған сәттен бастал­ған. Қолыңа кездейсоқ түскен жақ­сы кітап, тағды­рыңды түбегейлі өзгертуі мүмкін. Және тек кітап қана алға жыл­жуды, адамдықтың шыңына шығуды үйретеді. Әшірбек ағамыздың сол кіта­бында ерекше сөз cаптауымен ішкі әлемімді баурап алған бірнеше афоризмдер болды. Ол сөздер  менің жадымда әрдайым сақталады! Алатаудың етегіне, Көктөбенің көкжиегі, өнер мен мәдениет­тің мекені – арман қала Алматыға, қараңғыда жау пулеметінің қай жерден от шашарын аңдыған түлкі барлаушы ұқсап, жан-жағыма ентелеп «актриса» боламын деген – жалпы актер әлемі атты  қызғы­лықты һәм күрделі, қас-қағым сәттік еліктіргіш сиқырлы өнерге келудегі нақты шешіміме Сығайдың Әшірбегі түрткі боларын кім білген. Өйткені, ол кісінің әрбір кітапта­рындағы ой сараланып, қабылдап алар жүрекке жететіндей. Ол кісінің «Сахна әлемі» атты кітабын оқи отыра менің жиғаным мен түйгенім, өнерге деген ішкі жан-дүниемдегі сансыз сауалдарым өз жауабын тапқан сияқты. Өнердің не екенін, актер әлемінің не нәтижеге жеткізетінін және қалай жетістікке жету керек екенін ұқтыра білген өзіңіздей дара тұлғаға мың алғыс. Адам баласы сын айтуда қашан да алдына жан салмайды. Бірақ айтылар сын­ның да жүйелісі, ұғар санаға ұғымдысы болады. Сондай жүйелі, саналы сыңдардың сардары – Әшірбек аға! Театр, актер әлемі, жалпы ҚАЗАҚ өнері деп соғып кеткен кең­пейіл жүрегінен, үлгі алуға тұрарлық қасиет­тері қаншама десеңші?! «Сахнада ешқашан, ешбір уақытта өзіңді, мендігіңді, меніңді жоғалтпа» деген Станиславский тұжырымы бар. Өнерде де, кез-келген жерде де өзінің мендігін, менін жоғалтпа­ған ерекше талант иесінің есімі ешқашан ел есінен өшпек емес!».

Бұл  Әшірбек Сығай жайлы Шералының Айкерімі айтқан тұжырым. Шәкірт өзінің шығармашылық жолын таңдау себебін Әшірбек Төребайұлының өнегелі кітап­тарындағы өрелі сөздердің әсерімен байланыстырады. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дегеніміз осы емес пе? Бұл да жалпы өнер жолын мұрат еткен жас талаптарға таптырмас үлгі боларлықтай құбылыс. Кітаппен дос болғанның көп жетістікке жетерін, шешім қабылдар тұстарда кітаптың ғана кеңесіне жүгіну керектігін дәлелдеп тұр емес пе?

Ендігі кезекте сын сардарының «Толғам» атты кітабына тоқталып өткім келеді. Сығайдың Әшірбегінің «Толға­мында» тол­ған­баған дүние жоқ. Оқыған асыл кітап­тарым­ның ішінде жан-дүниемді тебіренткен, тұла-бойымды жігерлендірген, нағыз әрі шынайы, яғни профессионал актерді таныта білген, осынау теңселмелі қоғамда сана-сезімімді шабыттандыра түскен дәл осы құндылық. Сөз, осынша құдіретті болар­мысың! Есесіне ол  Сығай­дың Әшірбегінің асыл маржаны болса! Алғашқы рет,  иә-иә, алғаш рет осынау баға жетпес асыл мұраға ғашық болдым. Шын мәнінде КІТАП атты қазынаға ес-түссіз ғашық болуың неткен ғажайып сезім.

«Толғамда» толғандырған басты мәсе­леге тоқтала кетсек. Қазіргі таңда кездей­соқ актерлер жиі кездесіп жатады. Иә, шалыс естімедіңіз, КЕЗДЕЙСОҚ актерлер. Өздері енгезердей, екі иығына екі кісі мінгендей, кең маңдай, кесек мінезді актер жігіттерді аңсаудамыз. Әсем үнді, сұлу өңді, сұңғақ бойлы, тоқ балтыр бойжеткендер  де саусақ­пен санаулы ғана. Ал сахна дегеніміз, түптің-түбінде келгенде, сұлулық, әдемілік! Қисықты, қыңырды сомдау шын актерге ешуақытта қиынға түспейді. Көп сахнада сөз рөлі солғын. Дүдәмал дикция, тұтықпа тіл қазіргі жас актерлердің осал тұстары. Ал сахнаға тазалық керек. Фактура керек. Тұлға керек. Ал оларды тәрбиелеуде арнайы академиямыз да бар. Жер-жерден, театр біткеннің бас-басына студия ашып алып, білім беруінен шала-пұла актерлар пайда болды. Актерлік өнердің сыры тереңде. Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Актер болып ешкім тумайды. Ол тәрбиеленуі тиіс. Талант – Жаратушыдан. 1% – талант, 99% – еңбек деп те өте орынды айтқан.

Сын сардары құрметіне ұйымдас­ты­рылған мәдени-тағылымды шара бары­сында қайраткер кітаптары туралы естеліктерге, шәкірттердің шуақты лебіздеріне куә болған­дығымызбен қатар, Әшірбек Төребайұлының шығармашылық жолы жайында түсірілген деректі фильмді де тамашалауға да мүмкіндік туды. Деректі фильм желісінде жазушы-драматург Әкім Тарази,  ақын-драматург Нұрлан Оразалин секілді майталман тұлға­лардың парасатты пікірлерін де тыңдадық.

Әшірбек ағамыздың жұбайы Күләш апай көзіне жас ала көп естеліктерімен бөлісті. Әшірбек ағамызды сағынғандығын, асқар таудай азаматының орны ойсырап тұрған­дығын тебірене тілге тиек етті. Көрермен қауымның да көздеріне еріксіз жас ұялап, жүректері езілді. Күләш апай Әшірбек ағаның тек жазудан жалықпағандығын, жазу арқылы абыройға бөленгендігін, кітаптары жарық көрсе, балаша қуанған сәттерін есіне алды. Қазақ театрының тынысына қашанда жаны ашып, жүрегіне тым жақын қабылдап, қолындағы қаламын сондай бір ерекше іңкәрлікпен, сонша бір ізгі ниетпен серік еткендігін де баса айтты,

Бұл айтылған естеліктердің баршасы біздің өркен жайып өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін үлгі, өміршең өнеге. Келелі кеш жас ұрпақты отансүйгіштік, ұлтжандылық, мемлекетшілдік рухта тәрбиелеу мақсатында колледж директоры Зура Жұмахметованың   тікелей қолдауымен, бастамасымен студент­тердің басын ортақ игі жұмысқа жұмыл­дырып, қазақ мәдени өмірінің дамуына үлес қосу жолында өте жоғары деңгейде өткізілді. «Театр — сымбат­ты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деп Мұхтар Әуезов баға берген өнегелі өнердің көсегесін көгертудегі біздің колледжіміздің үлесі ерекше. Себебі, біздің колледжімізден түлеп ұшқан шәкірттер республикамыздың түкпір-түкпірлерінде табысты оқу және еңбек жолдарын жетілдіруде.

Өнер жолындағы ізденімпаз болашақ сахна саласы мамандарына айтарымыз бір: «…Үлкен өнер жасау үшін көтеріңкі көңіл-күй, биік сезім, таза жүрек керек. Әнің, үнің, сөзің, сезімің, сәнің, салтанатың бір арнада тоғысып, белгілі нүктеде табысқан шабытты шақта ғана сіз мамандық сырын меңгерген жеңімпаз, жасампаз өнер иесі атанбақсыз». Бұл – театр сыншысы, ұлағатты ұстаз Әшірбек Сығайдың сөзі. ӨНЕР МАЙТАЛ­МАНЫНЫҢ ӨСИЕТІ – ОСЫ.

 

Гүлмира ӨМІРЗАҚова,

Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА колледж оқытушысы.

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *