ӨНЕГЕЛІ ЖАН ЕДІ

Әулиеата өңірінен төбе­міз­ден жай түскендей суық ха­бар жетіп, бәріміз лез­демде есең­гіреп  қалдық. Бар ғұ­мырын елі­міздің ауыл шаруа­шылығы, ор­ман шаруашы­лы­ғы  сала­сына сарп еткен, ар­дақ­ты аға, ел ақ­сақалы, тоқ­санды енші­леген Шамсия  Ильясов  ата­мыз қай­тыс бо­лыпты.

Әр адам – бір әлем десек, Шамсия ақсақалдың адами әлемі біздер, «ақшам­дықтар» үшін үлкен өмір мек­тебі іспетті еді.

Шәкең «Алматы ақшамына» ара­гідік бас сұққан сайын парасаты мен пайымы жарасқан құтты қонағы­мызбен  қуана қауышатынбыз. Ол кіріп кел­генде айналаны  мейірім шуағына бө­леп,  бәрімізді аталы-баталы пәл­са­па­сымен, әдемі әзіл-қалжыңымен бау­рап алатын. Редак­циямыздың тұрақты жанашырына, белсенді  авторына ай­налған, ел ара­сында Агрономия акаде­мигі атанған  ардақты ағамыздың сол күнгі жарқын бейнесі әлі көз алды­мызда.

Тағдырының елу жылға жуық уақы­тын  ауыл шаруашылығына ар­на­ған Шамсия Ильясов ақсақал 1929  жы­лы дүниеге келген. Жас­тайы­нан зерек, білімге құштар, еңбекке бейім  ағамыз 1945 жылы 8-сыныпты бітіріп, Жамбыл қаласындағы Педа­гогикалық учили­щені сырттай оқиды. 1945–1948 жыл­дары Қызыл-Дихан жетіжылдық мектебінде бастауыш сы­ныптарға ұс­таздық етті. 1948–1953 жылдар аралы­ғында Қазақ мемле­кеттік ауыл шаруа­шы­лығы инсти­тутын тәмамдап, «ға­лым-агроном» дипломын алды. Содан кейінгі бүкіл ғұмыры  осы саламен байланысты: Сарысу ауда­нында лауа­зымы учас­келік агроном­нан бастап, Бас агро­номға дейін өсті. Кейіннен  Түркістан совхозының директоры, аудандық партия коми­тетінің нұсқау­шысы, Талас терри­ториялық басқар­масының бөлім мең­герушісі, Калинин совхо­зының партком хатшысы, ау­дандық атқару комитеті төрағасының бірінші орын­басары, аудандық ауыл шаруа­шылығы басқармасының бас­тығы, жергілікті орман шаруашы­лы­ғының директоры қызметтерін ат­қарды. Саналы өмірінің жарты ғасыр­дан астамын туған өл­кесіне арнаған Шәкеңнің  бұл саладағы атқарған ісі  абыройлы, жемісті болды.

Шәкең қай қызметте жүрсе де,  әріптестері мен  ауылдастары арасын­да сый-құрметке бөленіп, көпке сыйлы, өңірдің данагөй ақсақалына айналды. Қалтқысыз табысты еңбек етіп, 1991 жыл­дың қыркүйегінен  зейнеткерлік демалысқа шықты. Ұстазының тәлімін   алған шәкірттері де аз емес, олар бү­гінде мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде ауыл шаруашы­лығының түрлі сала­сында абыроймен еңбек етіп жүр.  Шамсия  ағамыздың осы жылдар ішін­де ауыл шаруашы­лығы  ғылымына бер­гені мол болды. Адал да қажырлы еңбегі үшін бірнеше рет мемлекеттік орден-медальдармен марапатталды. Шәкеңнің ерен еңбегі мен өнегелі өмірі, ұлағатты ісі әлі күнге дейін  ел аузында жүр.

Шамсия Ильясовтың қазасына орай оның отбасына, ұрпақтарына, ағайын-туғандарына қайғыларына ортақтасып,  көңіл айтамыз. «Алматы ақшамын» абзалдық әліппесіндей қадір тұтқан асыл ағамыздың  азамат­тық бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақтала бермек.

Жатқан жеріңіз жайлы болып, жаныңыз пейіште шалқысын, Шәке!

«Ақшамдықтар».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *