Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ОРЫН АЛМАСЫН, ҮКІМЕТ ӘЛЕУМЕТТІК МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ЕШ ҚЫСҚАРТПАЙДЫ

ҚР  Парламенті палаталарының бірлес­кен отырысында бесінші сайланған Парла­менттің төртінші сессиясы ресми түрде ашылды. Сессияның ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Алқалы жиында  Сенаттың барлық 47 депутаты,  Мәжілістің барлық 107  депу­таты, ҚР Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот, Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы төрағалары, ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемле­кеттік органдардың, ұлттық басқарушы компаниялардың басшылары бас қосты.

ҚР Конституциясына сәйкес Парла­мент сессиясын Мемлекет басшысы ашты.

Президент алтыншы шақырылымның депутаттық корпусы жоғары кәсібилік көрсетіп, Үкіметпен өзара үйлесімді ық­палдастық танытқанын атап өтті. Парла­менттің үшінші сессиясының қорытын­дысы бойынша 87 заң қабылданған  екен, соның ішінде Елбасы  жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманың» тиісті нормативтік құқықтық негізі қалыптасқан. Бұл алты миллионнан астам қазақстандықтың әл-ауқатын арттырып, өсіп-өркендеуіміздің басты шарты сан­алатын халқымыздың бірлігін нығайтуға мүмкіндік беретіні тұжырым­далды. «Жұмыс­қа тұруға, шет елге шығуға, жүр­гізуші куәлігін алуға қажет анықтама­ны «бір терезе» қағидатымен беруді қарастыру қажеттігі» де айтылды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету депутаттардың айрықша міндеті екендігіне тоқталып, қазіргі таңда еліміз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жүзеге асырып жатқанын, бұл құжатты заңнама­лық тұрғыда қамтамасыз ету депутаттардың  айрықша міндеті  болып табылатынын,  сондай-ақ, жаңа буын кодекстерін – Кәсіпкерлік және Азаматтық процестік кодекстерді қабылдау барысын аяқтау қажеттігін   қадап айтты.

Елбасы,   сонымен бірге,   еліміздің эко­но­ми­калық жетістіктеріне арнайы тоқ­талды.

– Қазақстандағы  ішкі  жалпы  өнім 4 пайыз­ға артты, инфляция 5,9 пайызға төмендеді, инвестиция көлемі 24 пайызға өсті. Экономика мен қоғамның тиімді жаңғыруына қажетті жағдайлар жасалуда. Біз былтырдан бастап экономиканың әлемдегі орташа даму қарқынынан оза бастадық. Өңдеу өнеркәсібі, көлік және қызмет көрсету салалары сияқты шикізаттық емес секторлар экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналды, –  деген  Мемлекет басшы­сы  әрі қарай дәйекті әлеуметтік-экноми­калық даму үшін сапалы заң шығару жұмысын жалғастыру қажет екенін айтты: «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ зейнетақымен қамту жүйесіне тарту – маңызды мәселелердің бірі. Тиісті өзгерістерді осы жылдың соңына дейін қабылдау қажет. Бұл, әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу, қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелерін және медициналық мекеме­лерде корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру жұмыстарына байланысты болғандықтан аса өзекті саналып отыр».

Елбасы сондай-ақ  орта және шағын бизнесті дамыту барысындағы оң үрдістерге тоқталып, туризм саласының кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беруі қажет екендігін атап өтті.

– Үкіметке Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл құжат жыл соңына дейін қарастырылып, қаржылық тұрғыдан қажетті заңнамалық база арқылы бекітілуге тиіс. Сонымен қатар, Парла­ментте мемле­кеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор үшін сатып алу мәселелеріне қатысты заң жобасы бар. Осы құжат аталған процесті жеңілдетуге, оның тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқор­лық қатерін төмендетуге, басым бағыттарды іске асыру үшін қаржы бөлуге және бизнес ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Н.Назарбаев.

– Қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының маңызды міндеттерінің бірі тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен танытуды қамтамасыз ету болып саналады. Тиісті заң жобасын қабылдау үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес тарихи әрі киелі нысандарды тиімді дамытуға, қорғауға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Елбасы жаңа сена­тор­ларды сайлау мерзімі биылғы жылдың 1 қа­занына белгіленіп отырғанын,  еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына 16 өңірден бір-бірден депутат сайланатынын, Парламент Сенатына сайлауға дайындық ашық, жария түрде өтіп жатқандығын және қоғамда шынайы қызығушылық туғызып отырғанын  да айтып өтті: «Халық арасында саяси белсенділік пен құқықтық мәдениет артып келеді. Сондықтан біздің алдымызда ашық та, әділ сайлау өткізу міндеті тұр. Азаматтардың құқықтары мен бостандық­тарын құрметтеу, Конституцияның норма­лары мен қағидат­тарын сақтау Қазақстан Республикасының тұрақты демократиялық дамуының кепілі  болып табылатындығы сөзсіз. Осыны естен шығармағанымыз абзал», –  деді Мемлекет  басшысы.

Президент атап өткендей, «тұтқиылдан пайда болатын тәуекелдерді, геосаясаттың өзгеруін, сонымен бірге туындайтын жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, экономи­калық саясатты қалыптастыруға тиіспіз. Ең бастысы, қол жеткен даму деңгейін сақтап қалу, өндірістік құлдыруды болдырмау, жұртшылықтың әлеуметтік көңіл-күйін түсіруге жол бермеу маңызды. Бұл орталық органдардың ғана емес, барлық деңгейдегі әкімдіктердің маңызды міндеті болмақ».

Мемлекет  басшысының  айтуынша, «Ресейге қатысты және Ресейдің батысқа қарсы санкциялары да Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Біз ондай қысымдардан айналып өте алмаймыз. Дегенмен, Үкімет бүгінгі күні бұл мәселемен барынша айна­лысуда. Орын алуы  ықтимал оқиғалардың бірнеше нұсқасы, біздің «жауаптарымыз» болуы шарт. Дегенмен, Қазақстан үшін «қорқынышты» ешнәрсе жоқ, бізде орнық­тылық бар, мүмкіндігіміз, тиісті резервтер жеткілікті. Үкімет эконо­мика дамуының оптимистік және песси­мистік сценарий­лерін, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тетіктер әзірлеп жатыр. Жалпы, дамудың қандай сценарийі орын алмасын, Үкіметке мемлекеттің әлеуметтік міндетте­мелерін қаржыландыруды еш қысқартпау туралы тапсырма жүктелді. Бұл үшін, халықтың  орнықты әл-ауқатын қамтамасыз етуде бізде қажетті  ресурстар баршылық». Осыған  орай  «Қандай жағдай орын алмасын, Үкімет әлеуметтік міндетте­мелерді еш қысқарт­пайды» деп мәлімдеді  Мемлекет басшысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *