«Менің өмір сүргім келеді»

287Рая ЕСКЕНДІР. 

Өмірге адам шыр етіп келген күннен бастап-ақ оның тәттілігін, қайталанбас сәттілігін, қатар ұсынған қатал­дығы мен қуанышын сезініп өседі. Сол қымбат өмірдің өлшеусіз бағасын көбіміз кейде бағамдай алмай жатамыз. Тіпті, тәтті өмірдің тым көп бөлігін бос әуреге, ұйқыға арнап жататындарға қарап жаның ашиды.

Ал біздің кішкентай кейіпкеріміз Ербол Болатбекұлы қаламыздағы №59 мектеп-гимназияның 6 «ә» сыныбында оқиды. Жасы – 12-де. Денсаулығына байланысты мұғалімдер оны үйіне барып оқытады. Оған дәрігерлердің қойған диагнозы – 4-сатыдағы мойын омыртқа бөлшегінің ісігі. Осындай қатерлі дертке қарамастан Ерболдың өмірге деген құштарлығы ерекше. Мынау өмірдің алтынға бергісіз сәттерін құр босқа өткізгісі келмейді. Ешқашан еңсесін түсірмей, тағдырының осылай тоғысқанына еш налымайды. Ерболдың мына өмірді жырлау үшін келген жан екендігіне ешкімнің де дауасы жоқ.

Ерболдың кішкентай ғана жүрегінің дүрсілінен-ақ оның өмірді соншалықты сүйетінін көруге болады. Өйткені, ол сурет салғанды өте жақсы көреді. Оның салған суреттеріне қарап отырып, бұл туындыларды кішкентай баланың емес, құдды үлкен адамның салған салиқалы суреті дерсің. Ерболдың салған суреттеріне зер сала отырып көз салсаңыз, ең алдымен, оның өмірді жақсы көретінін, сосын адамдарға деген, қоршаған ортаға деген құштарлығын сезінесің.

Дүниенің кеңдігін, табиғаттың көркемдігін, аспан мен жер, барлық сұлулық атаулыны кіп-кішкентай ғана көзінің қарашығына сыйдырған балғын бояу шеберінің бойынан қазақтың Қастеевінің қасиеттерін көресіз. Өзінің топтама суреттері арқылы Ербол «Өмір сүргім келеді» жобасының бас кейіпкеріне айналды. Жақында «Здоровая Азия» ісік ауруына шалдыққандарды қолдау қорының  демеулігімен Ерболдың «Менің жарқын болашағыма саяхат» деп аталатын жеке сурет көрмесі өткен еді. Көрмені тамашалаған жандардың барлығының бір ғана ойды түйіп қайтқандары шындық.

Ол – адамның басты құндылығы – өмір екендігі. Осын­дайда өзіміздің кей-кейде пендешілікке бой алдырып, адами қасиеттерді мойындай алмайтын әлсіздігіміз үшін қынжылатынымыз да шындық. Тағдардың қиын сынына төтеп беріп, өмірді сүюдің озық үлгісін көрсетіп жүрген жандарға қолымыздан келгенше қолдау білдіріп, дем беріп, демеп жатсақ, бұл да бір асыл қасиет болар еді.

Осынау балғын бояу иесінің сурет көрмесінде Бақыт­гүл Әбішева бастаған №59 мектептің мұғалімдері елу мың теңгеге Ерболдың «В джунглях» атты туындысын сатып алды. Осы мектептің Гүлжауњар Күншібаева жетек­шілік ететін 7 «г» сыныбында оқитын оқушылар Ерболдың «Ақ желкен» атты туындысын 25 мың теңгеге, Күлләззат Бөл­шекбаева жетекшілік ететін 6 «ә» сыныптың ата-аналары 15 мың теңгеге «Төрт мезгіл» топтамасын сатып алды.

Әрине, бұл түскен қаржының теңізге тамған тамшыдай екендігі анық. Дегенмен, «көп түкірсе көл» деген емес пе? Ең бастысы, әрбір атсалысқан адамдардың Ерболдың сауығып кетуіне білдірген ыстық ықыласы дер едік. Өмірдің қаншалықты қымбат екендігін Ербол осы көрмеде талайларға ұғындыра білді. Өмірді мәнсіз, мағынасыз, ешбір ойсыз өткізіп, оның бір-ақ рет берілетін мүмкіндік екендігін сезінбей өткізіп жатқандарға Ерболдың көрмесі ой салары сөзсіз.

Ерболын алақандарына салып, әрбір сәтте жанына демеу болып отырған ата-анасы Зина мен Болатбек үміт­терін үзбей, келер күннен жақсылық күткен жандар. Олар әрбір арайлап атқан таңнан құлыншақтарының есендігін тілейді. Жақында Ербол Корей мемлекетіне емделуге аттан­ғалы отыр. Дертіне ем қонып, құлын-тайдай ойнақ­тап оралғайсың!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close