«МАХАМБЕТТЕН ҚАЛҒАН ШОҚТЫ ҚОЛАМТАСЫНДА ҚОЗДАТҚАН»

  • Текті туған

45Темірхан Медетбектің поэзиясы – қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Ұлттық кітапхананың Көрмелер залында  көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың, Бейбарыс атындағы және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының иегері, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің 70 жылдығына арналған шығармашылық кеш болып өтті. Кеш мо­дераторы,  белгілі ақын,  Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лықтарының, «Құрмет» орденінің иегері, «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов ақын шығармашылығына шолу жасап, бұл кештің алдағы үлкен мерейтойдың басы екеніне, оңтүстік өңірі мен Маңғыстау топырағында жалғасып, күзде Алматыда қорытын­дылана­тынына   тоқталды. Темірхан Медет­бектің ұлттық өлең өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасы, қазақ поэзиясындағы реформатор ақындығы мен азаматтық ұстанымы туралы әріптес ақын-жазушылар, ғалымдар мен әдебиет сыншылары өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Ақынның өзі өлеңдерін оқып,   қойылған сауалдарға жауап берді.      

 

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Дулат ИСАБЕКОВ:

– Темірхан – мен сыйлайтын, намысты азамат деп есептеймін. Оның өлеңдерінен азаматтық ұстанымы айқын аңғарылып тұрады. Ұзақ жыл Маңғыстауда жүргендіктен, Оңтүстіктің жігіті деп ойламаппын. Кейіннен Алматыға оралған кезінде Түркістанда туғанын білдім. Темірхан кейбір алғыр мінезімен Махамбеттің бүгінгі көрінісі сияқты болып көрінеді де тұрады. Қиын кездерде аса лауазымды адамдардың алдында тайсалмай ойын еркін жеткізгенінің куәсі болғаным бар. Жетпіске біз ғана келдік пе десек, бұлар да келеді екен. Темірханның түріне қарасаң, алпысқа енді ғана аяқ басқан сияқты. Өлеңдерін оқысаң, отыздың ішіндегі жігіттің жырындай. Әрбір адамның, әрбір жазушының, ақынның арманы бар. Шәмші Қалдаяқов қанша ән жазса да Естайдың «Қорланындай» ән жазбай кеткенін арман етеді. Шопен өзін ұлы композитор деп санамай, Бетховенді айтқан. Наполеон Шыңғысхан сияқты қолбасшы бола алмағанын мойындаған. Бұл да ұлылықтың белгісі. Темірханның «Шекарадағы торғайлар» атты өлеңі мені үлкен әсерге бөледі. Торғайларда шекара болмайды, бүкіл әлем – оның отаны мен жері.

 

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Жұлдыз» журналының редакторы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТОВ:

– Темірхан аға біздің буынның көшбасшысы. Темекең жетпіске келіп отыр. Дала, ауылдың айналасынан шыға алмай жүрген емес, жаңа заманның, урбанизацияның жетістігін көзбен көріп, соны поэзиясына арқау ете білген ақын. Көшбасшы ағаға деген ойымды өлеңмен жеткізгенім жөн болар.

 

Қазақстанның халық әртісі Сәбит ОРАЗБАЕВ:

– Баяғыда біреу: «Елуімнен 49-ым жақсы екен» деген екен. Темірхан маған бүкіл адами қасиеттерді бойына жиған азамат болып көрінеді де тұрады. 1998 жылы жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда комиссия мүшесі ретінде ойымды айтқанмын. Ол жылы Мемлекеттік сыйлықты алмағанымен, кейіннен алды. Темірханның өлеңдерінің ішінде менің де әртістік еңбегіме әсері тигені бар. Шығыс драматургінің спектаклінде қайыршының рөлінде ойнадым. Қайыр сұрап тұрған қайыршының алақанына тиын-тебен салғанда қолымды еріксіз төмен түсіремін. Төңірегіндегілерге жалтақ-жалтақ қараған қайыршының ішкі ойын білдіретін сезімге толы өлеңнің мен үшін әсері мол болды.

 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ:

– Мен бүгін Темірханмен кездесуге сөйлеу үшін емес, өлеңін тыңдау үшін келдім. Темірханның өлеңдерінен ерекше ләззат алатынымды айтуға тиіспін. Оның өлеңдері оқырманға өзгеше күш-қуат береді, әруақ­тандырып, рухтандырып жіберетін қасиеті бар. Қазақтың бай тілдік қорын орнымен құлпыртып қолданатын Темірхан сияқты ақын сирек. Қазақ тілінің қасиетін, киесін керемет сезіне біледі.

Жетпістің белесіне шығып отырған Темірхан Медетбек Абай атындағы   педа­гогикалық институттың филология факуль­тетін  бітіріп, туған ауылында тіркеуші, аудандық газетте корректор, Қазақ теле­видение­сінде редактор,  Маңғыстау облысының «Ком­мунистік жол» газетінде тілші, бөлім меңгеру­шісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі,  Республикалық мәдени ескерт­кіштерді қорғау қоғамының бөлім меңгерушісі,   Маңғыстау облысы  «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, «Социалистік Қазақ­стан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, Маңғыстау облыстық телерадио комитетінің төрағасы, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редак­торы қызметтерін атқарды.

1970 жылы «Жанымның жас құрағы» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді. «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Эфирдегі толқындар», «Көгершін қауыр­сындары», «Дауыс», «Сырым бар саған айтатын», «Тынышыңды алам дүние», «Абай әлемі», «Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар», «Көк түріктер сарыны», т.б. жыр жинақтарының, «Махамбет рухының монологы», «Күлтегін», «Тоныкөк» дастандарының авторы. Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылған. Пушкин, Лермонтов, Якуб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Загович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Эркин Вахидов, Кулаковский сияқты ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ, Генрих Бельдің «Иесіз үй» романы мен В.Набоковтың бірнеше шығар­маларын қазақ тіліне тәржімалаған.

 

Темірханға!

Бошалап барып,

Бота-жырын  боздатқан,

Махамбеттен қалған шоқты

қоламтасында қоздатқан,

 

Маңғыстауда маңайын танып,

Алматыда түлеген.

Қаршадайынан  «қазағым» деп,

ой құшағында түнеген,

 

Қанағатын қорған қылып,

Арын алға ұстаған

Мәңгілігі –

Туған  Елі,

Байтақ Жері,

ана Халқы – үштаған..

 

Амандығын үштағанның

Алласынан тілеген,

Солар үшін арыстан боп,

Айға азуын  білеген.

Түріктің ұлы сарынымен

байтақ даласын кернеген,

Арғы заман абызындай

бүгінгінің бесігін тербеген,

 

Темірханым, батыр інім,

әрқашанда   есен жүр!

Көпшіліктің көзін ашсын,

күн сәулелі  көсем жыр. 

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close