Мақаланың ұлт алдына қойып отырған МІНДЕТІ ӨТЕ ЗОР

Мәншүк БЕКБОСЫН

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің кітапханасында  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы БАҚ пен қоғам әріптестіктерінің жаңа форматы» атты тақырыпта ғылыми-прак­тикалық конференция өтті. Алматы қала­сының Ішкі саясат басқармасы мен қала­дағы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйым­дастырған жиынға мерзімді баспасөз, сайт, портал, телеарна басшы­лары мен қаладағы жоғарғы оқу орында­рының про­фессор­лары, тарихшылар қатыс­ты. Басқо­суды «Жастар үні» жастар қоғам­дық бір­лесті­гінің жетекшісі Дәурен Баба­мұратов ашып, жүргізіп отырды. «Елбасы Н.Назар­баевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­сының жарық көргеніне бір ай болды. Осы уақыт ішінде мақаладан туын­дайтын мәсе­лелер қалың жұртқа түсін­діріліп, қолдау тауып, оның жүйелі жүзеге асуы үшін бірқатар қадамдардың алғы­шарт­­тары да белгілі болды, – деген Д.Ба­бамұратов сөз кезегін баяндамашыларға берді.

Мемлекет басшысының мақаласы –  жалпылама сөзбен айтылатын, жәй ғана пікір білдіріп қоятын мақала емес. Мақа­ланың ұлт алдына қойып отырған міндеті өте зор. Сондықтан оны терең түсініп талдау керек, талқылау керек.

XXІ ғасыр – ақпарат ғасы­­ры. Мемлекеттік маңызды бағдарла­маларды халыққа дұрыс насихаттай білген­де ғана нәтиже болмақ. Жиында Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласын БАҚ өкілдері жан-жақты талдап, халыққа керегін жазып беріп жүр ме? Бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында қалай көрініс тауып, қалай айтылып жатыр? Басқосуда осыған көңіл бөлінді. Бір ғана мақсатты көздеген басқосудағы пікірлер, әр түрлі ойлар, ұсыныстар журна­листердің самарқаулықтан арылатын кез келгенін арқау етті. Сөз сөз жүзінде қал­мауы тиіс. Сөз бен істің арасында алшақ­тық болғаннан кейін жұмыс та өнбейтіні белгілі.

Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы да насихат ұлғайып келеді. Ақпарат тасқыны өте жылдам. Бұл орайда ақпараттар қысқа-нұсқа, тиянақты жазылса ғана халық қызығып оқиды. Жалған қызыл сөздер мен жалған ұраннан арылу қажет. Басқосуда мақа­ланы насихаттаудың форматын өзгер­ту керек деген пікірлер де айтылды. БАҚ өкілдері қазір уақыт жылдам жүйткитін, үдемелі заманда өмір сүріп жатыр. Олай болса, заманның, уақыттың, мерзімнің сындарына сай бола білу керектігі тілге тиек етілді.

Отырыста өзге де сөз сөйлеген азамат­тар тақырыпқа орай өздерін толған­дырған мәселелерін айтуға мүмкіндік алды. Көп пікірінің көмегі қашанда зор десек, аталған басқосуда айтылған түрлі толғамды пікір­лер мен оралымды ойлар легі де ешкімді бейжай қалдырмады. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, Елбасының мақаласы аясында қоғамда қозғау салатын ой-пікірлердің халыққа түсінікті болуы үшін БАҚ-қа үлкен миссия жүктелмек. Сонымен қатар, ол елде жүзеге асырылып жатқан мәселелерді стандартты түрде емес, шығармашылық тәсілдермен, креативті үлгілермен жеткізу жолдарын қарастыру керектігін қаперге салды.

–       Қазақстанда журналистерді дайын­дайтын 29 кафедра жұмыс істейді. 2017 жылы ҚР БҒМ жоғары оқу орындарының журналистика кафедраларының бастама­сымен «Alma-Mater of Journalіsm» журна­листика клубы құрылды. Журналистика түлектерінің сапасы қоғам дамуына ықпал етер басты талап саналады, – деді Г.Сұлтанбаева.

Бұдан өзге жиында медиа менеджер Нұр­жан Мұхамеджанова, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисы­қов сөз сөйлеп, уақыт талабына сай кез-кел­ген ақпарат саласының маманы әмбе­бап болуы тиіс екенін айтты.

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің Бас редакторы:

МЕМЛЕКЕТТІ НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҚАЛА

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын бәріміз оқып шықтық. Ұлтымызға пайдасы тиер тұстары өте көп. Бұл мақала, ең алдымен, бізбен қатар өмір сүріп жатқан, алайда бізді онша мойындай бергісі келмейтін көршілеріміздің назарына қазақ мемлекетін нығайтуға бағытталған қадамдарыменен құнды. Жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ екені, қазақ жерінде металлур­гия кәсібінің өте ерте заманда пайда болғаны әр қазақ­қа белгілі. Ал осының барлығы Елбасының аузынан айтылуы осы мәселеге ерекше салмақтылық, реңк береді. Сондай-ақ, бұл – бізбен отандас басқа ұлт өкіл­дері­нің, диаспо­раның мемлекет құраушы ұлтқа деген құрметін арттырады деп ойлаймын. Бұл мақала­ның негізгі қызметі –  қоғамның барлық топтарын, барлық ұлттардың өкілдерін біріктіріп, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға мүмкіндік береді деп есептей­мін. Қазақ қаламгері ретінде біздің ұлтымызды насихат­тауға, ұлттық мемлекеттігімізді нығайтып, қалып­тастыруға көмектесетін, соған қызмет ететін кез-келген ерікті, жігерді барынша пайдалануымыз керек. Бұл конфе­ренцияда маған берілген  тақырып «Билік пен БАҚ ара­сын­дағы серіктестік» деп аталады. Осы мәселені Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала аясында алып қарайтын болсақ, бүгінгі билік пен БАҚ арасында жетілдіретін, кемелденді­ретін тұстар өте көп. Билік пен БАҚ арасындағы серіктестік  екі жақтың бір-бірін тыңдауға алып келуі керек. Әдетте, адам  естігенін әрекетке айнал­дыруы үшін төрт түрлі сатыдан өтеді екен. Ол есту, түсіну, түсін­генді қабылдау, қабылдағанды әрекетке айнал­дыру, яғни жүзеге асыру. Біздер бір-бірімізді естімей жатамыз. Естісек те, түсінбейміз. Түсінсек те,  қабыл­дамаймыз. Әсіресе, БАҚ-тың жанайқайы кейде билік­ке жете бермей­ді.  Тәуелсіздік – қазақ үшін ең үлкен ұлық мереке, ең ұлы құндылық. Оны басқа ешқандай мереке­лердің көлеңкесінде қалдыруға болмайды.

Тәуелсіздік мерекесі біз үшін ең қастерлі, ең қасиетті мереке. Қазақтілді БАҚ бұл мере­кенің жаңа жылдың көлеңкесінде, тасасында қалмауын мақсат етіп, шырылдап айтып та, жазып та келеді. Жалпы БАҚ туралы Заңға қосымша өзгерістер енгізе отырып, ақпарат құралдарында көтерілген мәселеге атқарушы органдар жауап беруге міндетті деген бап енгізілу керек деп ойлай­мын. Бұл – тіл мәселесіне де қатысты. 1988 жылы Колбин­нің кезінде Тілдер туралы Заң қабылданған еді. 30 жыл болды сол тілді мемлекеттік тұғы­рына қондыра алмай келе­міз. Бұдан шығатын қоры­тынды – билік пен БАҚ арасында шынайы серік­тестік орнауы үшін, ол нәтижелі даму үшін тек мони­торинг жасаумен шектелмей, сондағы айтылып жатқан мәселелерді басшылыққа алып, оны орындау мәселесі бірінші орынға шығуы керек. Билік пен БАҚ арасын жақындастыратын – ортақ мақсаттар мен ортақ құндылық.

Ол құндылық — қазақтың ұлттық мемлекеттілігі. Қазақ­­тың ұлттық мемлекеттілігі дамымай, ұлтаралық қатынастың дамуы да, Қазақстанды дамыту да  мүмкін емес. Қазақ­стан­ның тағдырын қазақ халқы шешеді. Қазақтың БАҚ-ы ұлттық мемлекетті дамытуға қызмет етеді.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:

Еуроцентризм кӨп жыл біздің санамызды жаулады

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласы бізге ерекше әсер етті. Біздің институт мақалада айтылған тұжырымдарға толықтай қолдау білді­реді. Себебі, біз ежелден тарихты құрметтеген, ежелден өзіміз­­дің шежіремізді түзеп келе жатқан халықпыз. Біз тарих­ты  тану, білу арқылы  ата-бабаларымыздың шыққан жерін, тегін ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатқан халық­пыз. Сондықтан мұндай мақаланың жарық көруі бізді жігерлендірді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған жәйттарды «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының заңды жалғасы деп түсінеміз.

Еуроцентризм көп жыл біздің санамызды жаулады. Әлемде бізді адамзаттың бір өркениеті емес, бір шетте жатқан, дамымай қалған, жабайы халық сияқты көрсетті. Сондықтан Елбасының осыған тойтарыс беру керек, осындай көзқарастан бас тарту керек деген пайымдарына өте ризамыз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақала­сында қасиетті жеті санын қолдана отырып, Ұлы даланың жеті қырын ерекше сипаттады.  Киелі жеті санға жиылған түйіндер – осыған дейінгі Ұлы даланың әр қиырында ашылған сенсациялық жаңа­лықтар, жылдар бойғы зерт­теулер көрсеткен нәти­желер, ұлт санасында ұялаған ұлағат­тар, ата-бабала­рымыз қастерлеген берекелі ұғымдар, біз басып жүрген жерде туып, әлемге озық ойларын олжа еткен ұлыларды атаған бұл ғылыми еңбек еліміздің қадір-қасиетінің, ұлылығының айқын көрінісі.

Елбасы Қазақстанның мүмкіндігін паш етіп, туризмді дамытуды қолға алу керектігін міндеттеп отыр. Бұл ретте ашық аспан астындағы мұражайлар желісін құру айтылды. Мысалы, елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған мұра­жайы бар инсти­тутты неге құрмасқа?! Қазір әлемде мұндай екі мұра­жай бар. Бірі – Қытайда, екіншісі Солтүс­тік Поль­шаның Гданьск қаласында орналасқан. Бұл мұражай­дың ашылғанына бір жыл болды. Мұражайды тама­шалауға миллионнан астам адам келеді екен. Мұра­жайға кіру құны 50 еуро тұрады. Кішігірім мұражай­дың өзі Польша экономика­сына қандай пайда әкеліп отыр. Не болмаса, шетелде тұратын қазақ диаспора­ла­рын зерттеуге арналған мұражай ашса артық болмайды. Қазақстаннан тыс жерде әлемнің елуден астам елінде отандаста­рымыздың 40 пайызы мекендейді екен.

Сәуле БАРЛЫБАЕВА,  тарих ғылымының докторы:

ҚАЗІР – АҚПАРАТ ҒАСЫРЫ

Бүгінгі таңда әлемдік өркениетте болып жатқан шаралардың көбісі жалпы халыққа, әлемге журналис­тер арқылы тарайды. Олай болатын болса, пікір тудырушы, төртінші билік ретінде журна­лис­тердің қолында үлкен құрал, үлкен қару бар. Ол қару – сөз. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе, ол медиа мәдениет.

2018 жылдың қаңтар айында әлем бойынша ғалам­торды пайдаланушылардың саны 4 млрд. адамды құрапты. Мамандардың айтуынша, 2020 жылға қарай бұл сан екі есе артады. Ғаламторға деген сұраныс біздің елде де аз емес. 2017 жылы ғаламторды пайда­лану бойынша әлем бойынша 137 елдің ішінен 36-орын­ға тұрақтаппыз. Оның үстіне әлеуметтік желілер ақпа­ратты ең жылдам тарататын құралға айналып отыр. Мәселен, ел тұрғындарының 13 миллионға жуығы ғалам­тор қызметін тұтынады. Зерттеу бойынша «ВКонтакте» желісіне 6 млн., «Іnstagram» 5 млн., «Facebook» 1 млн., «Twіtter» желісіне 0,3 отандасымыз тіркел­ген. Ал мессенджерлер ішінде «WhatsApp» пен «Telegram» көш бастап тұр. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде жүйелі жүзеге асып келе жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ел тұрғындарының сандық технологияларды сауатты меңгеруіне зор ықпалын тигізген. Аталған бағдарлама негізінде алдағы екі жылда ғаламторды сауатты қолданушылар саны 81,5 пайызға жетеді деп күтілуде.

Қазір – ақпарат ғасыры. Сіз бен біз ақпараттар ағыны толас­сыз заманда өмір сүріп жатырмыз. Еліміз­де адамдар ақпаратты интернет арқылы алады. Жаңа ақпараттық кеңістіктің кеңге қанат жаюы көп жұмыстарды жеңілдеткенімен, адамзат алдына ақпараттық қауіп, компьютерлік қылмыс, қоғамдық сананы шатастыру, кибер­шабуыл, жалған мәлімет беру сынды жаңа кедер­гілерді әкелуі мүмкін. Бұл қауіптердің алдын алу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен академиялық ортаның байланысы берік болуы шарт.

Бүгінде жаңа медианың да, дәстүрлі медианың да көздейтіні бір-ақ мүдде – ұлттық, мемлекеттік мүдденің төңірегінде болу керек.

Срайыл Смайыл, «Жас қазақ» газетінің Бас редакторы:

АЛМАТЫДА баспасӨз үйін салу КЕРЕК

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының негізгі салмағы ең бірінші тарихшыларға түседі. Ал журналистер қауымы не істей алады? Меніңше, бүгінгі журналистикада кенжелеп қалған дәстүрлі жанр­ларды қайта жаңғырту керек сияқты. Журналистер қауы­мы очерк, эссе жанрларын тың форматта түрлендіріп, тағылымы мол тарихи мақала­ларға көбірек қалам тербесе деген ұсынысым бар. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына байланысты мазмұнды журналистік зерттеулер жасалса, құба-құп.

Бұл мақаланы насихаттаудың басқа да тың форма­ларын іздестіру керек пе деген ойдамын. Осы тұста бір мәселені айтсам деймін. Осыдан біраз жыл бұрын венгр журналистері бір зерттеу жүргізіпті. Еділ патшаның жауынгерлері атпен шауып келе жатқанда артқа бұрылмай-ақ садақты тартып атқанда, көздеген жеріне дәл тиетін болыпты. Мұның қыр-сырын білмек болған венгрлер журна­листік зерттеу жүргізуге кіріседі. Сөйтіп, көнекөз ақсақалды тауып алып, сұхбат құрады. Қарияның айтуы бойын­ша, жылқы төрт тұяғын бірдей көтергенде, тепе-теңдік орнайды екен. Осы сәтті пайдалана білген жауын­гердің садағы көздеген жеріне дәл тиетін болған. Міне, жаңалық деген осы. Біз де мақаланың маңызын айта бермей, әрірек зерттеулер жүргізіп, архивтерді ақтарып, тың зерттеулер жүргізіп, үлес қоссақ деген ұсыныс бар.

Алматы алып мегаполис. Рухани орталық. Осы шаһардан журналистерге арнап баспасөз үйін салсақ, ол біздің қай ісімізге де зор серпін берер еді.

Қазір жастар кітап оқымайды. Оқымаған сайын олардың дүниетанымы да тарылады екен. Осыны зерт­теген жапондар бүгінде газеттердің тиражын артты­рыпты. Қазір жапон жастары газет, кітап оқуға көшті. Бізде де кітап, газет оқуды насихаттау керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *