Ұлттық Банк халық зейнетақысы қалай салынғанын айтты

Қазақстанның Ұлттық Банкі 2019 жылғы қыркүйек айының БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық қызметіне қысқаша шолуды ұсынып отыр.

Онда 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелі 10 426,3 млрд. теңгені құрағаны келтірілген. Сондай-ақ, теңгемен көрсетілген қолма-қол ақша мен қаржы құралдары 6850,6 млрд. теңгені немесе 65,7 пайызды, шет ел валютасымен көрсетілген – 3575,7 млрд. теңгені немесе 34,3 пайызды құраған екен.

Сонымен қатар, 2019 жылғы қыркүйекте теңгемен көрсетілген зейнетақы активтерінің инвестициялар көлемі 55,3 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде, орташа кірістілігі жылдық 8,9 пайыз болатын 20,3 млрд. теңгеге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынған; сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК АҚ облигациялары жылдық 11,5 пайыз кірістілікпен 20 млрд. теңгеге сатып алынды; сосын «Bank RBK Bank» АҚ-ның облигациялары ҚР-ның екінші деңгейдегі банктері арқылы 600 млрд. теңге сомасына басымдық беретін жобаларды несиелеу тетіктері аясында жылдық 10,95 пайыз кірістілікпен 15 млрд. теңгеге сатып алынғанын айтты.

Бұдан басқа, шет ел валютасымен көрсетілген зейнетақы активтерін инвестициялау көлемі 211,4 млрд. теңгені құраған екен. Аталған көлем үшін АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары орташа алынған кірістілігі жылына 1,9 пайыз құрайтын көлемде сатып алынған көрінеді.

Сөйтіп, аталған есепті кезеңдегі (6 айдан 9 айға дейін) USD / EUR валюталық своп операциялары 440 млн. аса АҚШ доллары сомасына жасалған дейді. Нәтижесінде осы аталған транзакциялар аясында БЖЗҚ зейнетақы активтері портфеліне жалпы құны 398,2 млн. еуро түскен екен.

Қорыта айтқанда, 2019 жылдың басынан есептелген инвестициялық кірістің сомасы 525,2 млрд. теңгені құраған көрінеді. Биылғы жыл басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген зейнетақы активтері бойынша кірістілік 4,98 пайызды құраған екен. Сонымен бірге, 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларына (алушыларына) соңғы 12 айдағы (2018 жылғы қазаннан 2019 жылғы қыркүйекке дейін) зейнетақы активтерінің кірістілігі 8,3 пайызды құрап, ал инфляция көлемі 5,3 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Осылайша соңғы 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 3,1 пайызды құрады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *