ЛИВИЯ ҚАНДАЙ ЕЛ ЕДІ…

Енді оның басын қайта біріктіру қиын болып тұр

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Жұрт әлі күнге: «Қайран Ливия! Кешегі Муаммар Каддафидің тұсында қандай дәулеті мен сәулеті шалқыған ел еді. Халқы нағыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды бастан кешіп еді», – дегенді жиі айтады.

Жәй жалаң сөзге бой алдырмай, ол кезде қатардағы мейірбике мен мұғалім жалақысының – 1000 және 3000 $ болғанын, жұмыссыз жүргендерге ай сайын 730 $ жәрдемақы, жас отбасына пәтер алуға 64000 $ көмек берілгенін, жаңадан туылған сәбиге 7000 $ жөргекпұл төленгенін, жеке кәсіпкерлік ашуға 20000 $ жәрдем жасалғанын, жылына жанұяның әрбір мүшесіне 1000 $ демеу қаржы беріліп тұрғанын дәлелге келтіреді.

Тіпті, дәрігерлік көмек, білім алу, электр энергиясының ақысыз болғанын, «көпбалалы отбасыларына арзан бағамен азық-түлік сататын дүкендер, тегін дәрі-дәрмек беретін дәріханалар болғанын, бір литр бензин 0,14 $ сатылған, кез-келген ливиялық жеңіл көлік сатып алғанда оның жарты бағасын өкімет төлегенін тамсана айтады.

Әлемдік тарихтан білетініміздей, әдетте бірлігі кеткен ел әуелі іштен бүлінеді және оны сырттан қоздырып, қолдаушылар табыла кетеді.

Ливиядағы соғыс пен төңкерістің қалай тұтанып, қалай өршігені туралы бұған дейін де талай рет жазылды. Сонда да еске түсіре кетсек, мұндағы бүлінушілік оқиғасы 2011 жылдың 15 ақпанында елдің шығысындағы портты қала Бенгазиде (Триполидегі «Әбу-Слим» түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмған тұтқындардың туыстарының) наразылық акциясынан бастау алды. Олардың адвокат Фетхи Тарбелді босату жөніндегі талабы орындалғанымен, бәрібір қарсылық шеруі тоқтамады. Тіпті, демонстранттар мен қауіпсіздік органдары адамдарының арасында қақтығыс туды. Шерушілерді тарату үшін үкіметтің күштік құрылымдары мен шет елден шақырылған жалдамалы жасақтар жұмылдырылды. Бәрібір жұрт тыншымады. Жағдай одан ушыға түсті.

Ел басшысы Муаммар Каддафи мемлекеттік телеарна арқылы сөз сөйлеп: «Оппозиция менің биліктен кетуімді талап етуде. Ал ақиқатында, менде ешқандай билік жоқ, президент те, премьер де емеспін. Бар болғаны револю­цияның көшбасшысымын… Есірткіге еліккен ессіз жастар полиция бөлімдеріне шабуыл жасап, қаруларды тартып алуда. Бұл олардың өз елдерін сыйламауы, Египет пен Тунистегі сияқты елге бүлік салуы. Олар Ливияны ислам мемлекетіне айналдырғылары келеді. Бұл сайып келгенде, Ауғанстанның кебін кию. Ол «желөкпелерді» шетелдік күштер, оның ішінде «әл-Каида» дем беріп, қоздырып отыр. Біз әзірше оларға қарсы күш қолданбай отырмыз. Қажет болса, Ливия заңдарына сәйкес ондай қатаң шара­ларға бара аламыз!» дегенді айтты. Алайда, оның «керек болса, күш қолданамыз» дегені шенеуніктер мен дипло­маттарға, көптеген шет мемлекеттердің басшыларына ұнамады.

Уақыт өткен сайын көтерілісшілер қатары көбейіп, оппозициялық тарап елдің шығыс бөлігін өзіне қаратып алды. Онда дереу Өтпелі ұлттық кеңес құрылып, билік соның құзырына берілді.

2011 жылдың 17 наурызында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ливия ұшақтарының әуеде ұшуына тыйым салған санкция жариялады. Осы санкция жарияланысымен 19 наурызда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, т.б. елдердің біріккен қарулы құрамалары Ливия жеріне басып кірді. Артынша оны басқару НАТО басшылығының қолына өтті. Елдің шығыс өңірінде Жерорта теңізіндегі айлақты қала Бенгазиден басталған көтеріліс ұлғайып, азамат соғысына ұласты. Оқиғаның осылай өрбігенін негізге алған Гаадағы Халықаралық қылмыстық істер жөніндегі сот 27 маусымда Муаммар Каддафиге «өз халқына қару қолданды» деген айып тағып, оны тұтқындауға ордер берді.

Ливия президенттігінен үміткер, ұлттық армияның бас қолбасшысы,

фельдмаршал Халифа Хафтар

Тамыз айының аяғына қарай оппозиялық тарап НАТО авиациясы және бірқатар Батыс елдері мен Парсы шығана­ғындағы Катар, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттер арнайы жіберген қарулы күштердің көмегімен Ливияның астанасы Триполиді иемденді. Жоғарыда аталған ӨҰК (Өтпелі ұлттық кеңес) елдің заңды билік органы деп танылып, көптеген мемлекеттер оны мойындады. ӨҰК елдің бұрынғы «Ливия» атауын қайтарып, 1951–1969 ж.ж. король Ыдырыстың тұсындағы жалауды қайта желбіретті.

2011 жылдың 20 қазанында Муаммар Каддафиге ең соңғы тірек болған Сирт қаласы басып алынды. Шабуыл барысында Муаммар Каддафи мен оның ұлы Муттазим және халықтық қорғаныс комитетінің басшысы Абу Бакр Юнис Джабер қоршауға алынып, өлтірілді.

Өтпелі ұлттық кеңес елде азаматтық соғысының аяқталғанын жариялады.

2012 жылғы 8 тамызда ел билігі ӨҰК-тен жаңадан сайланған Жалпы ұлттық конгреске беріліп, оның төрағалығына Мухаммед әл-Макриф сайланды. Ол әрі мемлекет басшысы болып саналды.

2014 жылдың 20 ақпанында конституциялық Ливия Ассамблеясына сайлау өткізіліп, оның құрамына 60 мүше сайланды. Ассамблеяға елдің жаңа Конституциясының жобасын жасау, басқару қағидаттарын және билік органдары жүйесін белгілеу, тайпалар мәртебесін айқындау және шариғат заңдарын нақтылау міндеттері жүктелді. Ол құжаттарды бүкіл халықтық референдумға ұсынылатын болып келісілді.

Осы жылдың мамыр айында Ливия ұлттық армиясының қолбасшысы Халифа Хафтар бастаған еріктілер Бенгазидегі исламшылар базасына шабуыл жасады. Бұл елдегі әскери қақтығыс пен тұрақсыздың басталуына түрткі болды.

2014 жылғы 25 тамызда Жалпы ұлттық конгресс бұған дейін Абдалла Абдуррахман үкіметінің жұмыс істеп келгеніне қарамастан Омар әл-Хасиді премьер-министр етіп тағайындады. А.Абдуррахман үкіметі амалсыз отставкаға кетті. Қараша айының басында исламшылардың күштеуімен Конституциялық сот парламентті таратты. Бірақ Парламент Конституциялық соттың шешімін қабылдамады.

2015 жылдың аяғында Ливияда екі үкімет пайда болып, біріншісі Тобурукте, ал екіншісі Триполиде жұмыс істеуге көшті. Триполидегі үкіметтің билігі осы қала мен оның төңірегіндегі елді мекендерге ғана жүрді. Елдің оңтүстік-батысындағы негізінен көшпенділер тұратын Феццан аймағы 2013 жылы өздерін автономия деп жариялаған болатын. Бұған қоса, орталығы Зинтан саналатын Батыс­тық таулы өңір де өз билігін өздері қолдарына алды. Триполидің шығысында жатқан Мисурата қаласы басқа ливиялықтар үшін жабық қалаға айналды. Қаланы ауқатты кәсіпкерлерден сайланған тұрақты кеңес басқарды.

Сондай-ақ, Каддафиді қолдағаны үшін көп қирап, бүлінген Бани–Валд пен Сирт қалалары да орталық билікке бағынбады. Бүліктің ошағы болған Бенгази де автономиялық басқаруға өтті. Оның басқару ат төбеліндей киренаикиліктерден құралған кеңестің қолына берілді.

Былайша айтқанда Ливияның бүгінгі жағдайы алауыздық жайлаған, «бас-басына билік құрған», бір-біріне бағынбайтын квазимемлекеттерді еске түсіреді.

Ливия жұртының мұндай күйге ұшырауы жөнінде сарапшы мамандар әр түрлі пікірлер білдіреді. Біреулері ливиялықтар тоқшылықтан, «қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ» тіршіліктен мастанды десе, енді біреулер «бұл билікке өкпелеген оппозицияның салған бүлігі мен ылаңы» дейді. Үшінші біреулердің түсінігінше: «Ливияны алатайдай бүлдірген АҚШ бастаған алпауыт мемлекеттер. Оларға Муаммар Каддафидің бағынбайтын өзімшіл саясаты мен ұстанымы ұнамады. Сондықтан да олар қалай да оның көзін жоюды алдарына мақсат етіп қойды. Және де оны жабыла жұмылып жүзеге асырды».

Мерзімі бітіп, биліктен кетер кезде АҚШ президенті Барак Обама өзінің Ливияға жасаған әскери операция­сының үлкен қателік болғанын мойындап, өкініш білдірді. Оның айтуынша, мұндай қадамға баруына оған Ливия туралы ақпараттың дұрыс жетпегені себеп болған-мыс.

«Болары болып, бояуы сіңген» тұста айтылған өкініштен не пайда? Жақсылы-жаманды сүттей ұйып, өздерінше тірлік етіп отырған елдің тыныштығы бұзылып, берекесі кетті

Міне, биыл Ливия жерінде бүліктің басталып, төңкеріс жасалғанына сегізінші жыл. Сұрапыл соғыстың кесірінен жүз мыңнан астам адам көз жұмып, одан көбі әр түрлі ауыр жарақаттар алды. Мыңдаған үйлер мен ғимараттар қирап бүлініп, орасан зор материалдық және моральдық шығын келді.

Ендігі жерде шытынап сынып, бөлшектенген кесенің кейпіндегі Ливияның бас біріктіруі қиынға соғып тұр.

Дегенмен, үміт те жоқ емес. Соңғы кездері танымал әскери қайраткер, фельдмаршал Халифа Хафтар бастаған ЛҰА (Ливияның ұлттық армиясы) елдің басын біріктіріп, бірлік пен тәртіп орната ма деген үміт қылаң берді. Олардың өздерінің айтуларынша, ЛҰА-сы ел территория­сының тоқсан пайызын иеленіп, өздеріне қаратқан. Бұл жайында египеттік әйгілі «әл-Яум ас-Сабиа» басылымына берген сұхбатында ЛҰА өкілі, бригада генералы Ахмед әл-Мисмари айтып, ЛҰА-на ешбір тараптан қару-жарақ жеткізіліп берілмеуі жөнінде халықаралық эмбарго жарияланғанына қарамастан өз күштерімен көптеген елді мекендерді экстремистерден азат еткенін мәлімдеген.

Халықаралық сарапшы мамандар айтып жүргеніндей, Ливияның: батыс (триполиттік), шығыс (киренаикилік) және оңтүстік (феццандық) деп аталатын бір-бірінен айырмашылығы көп, үш этникалық тайпалық аймаққа бөлінуі – елдің тізе қосып, бірігулеріне кедергі келтіреді. Мұндай бөліну Ливияны біртұтас арабтық мемлекет етіп қалыптастыруды армандаған Муаммар Каддафидің тұсын­да да сақталған. Оны сыртқы жаулар әркез тиімді пайда­лануға тырысқан. Өкініштісі, мұндай жіктелу мен бөліну 2011 жылы Каддафиді биліктен тайдырған, азамат соғысы басталған тұста айқын көрініс берді. Әр тайпа бөлек-бөлек қолдарына қару ұстап, елдің оңтүстігінде бербера мен тибулықтардың арасында этникалық қақтығыс тұтанды.

Жоғарыда айтылып өткендей, Ливияның басқару құрылымында бір-біріне бағынбайтын Триполиде Фаиз Саррадж басқарған ҰБҮ (Ұлттық бірлік үкіметінің) және Тобрукте парламенттің отыруы осындай алауыздықтың кесірі мен салдары.

Керек десеңіз, Киренаикте ислам құндылықтарын жақтайтын ливиялықтар әл-Каида мен «Ислам мемлекеті» террористік топтарының ықпалымен күрес жүргізді. Әскери қолбасшы Хафтардың «елден аластаттық» деп айтып жүргені осы топтар.

Фельдмаршал Халифа Хафтар осы Киренаик қала­сында туған. Ливиядағы ықпалды фирджан тайпасының өкілі. Сонау 1969 жылы елде төңкеріс жасауға белсене қатынасып, Каддафиді билік басына әкелгендердің бірі. Кейіннен 90-жылдары екеуінің аражігі ажырап, тіпті оны тақтан тайдыруға әрекет жасаған. Бірақ әрекеті сәтсіз болып, елден қашуға мәжбүр болған.

1970–1980 ж.ж. КСРО мен АҚШ арасындағы қырғи-қабақ соғыс тұсында Х.Хафтар Кеңес Одағында білім алған. Сондықтан орысша тәуір біледі. Сонан соң жиырма жылдай Америкада тұрған. Осыған байланысты қарсыластары Хафтарды американдық ЦРУ (Орталық барлау басқармасының) тыңшысы деген күдік келтіреді. Өзі оны жан-тәнімен жоққа шығарады.

Көршілес Египет билігі Хафтарды жақтайды. Солардың қолдауымен оның ЛҰА (Ливия ұлттық армиясын) құрып отырғаны айдан анық. Қағаз жүзінде ЛҰА-сы Тобруктегі парламентке бағынады. Ал шындығында, фельдмаршал Хафтар өзіне-өзі қожа, өз билігі өзінде. Кейінгі кезде ол Ресейге иек артып, онымен одақтас болатындай сыңай танытуда. Бірақ оған ешкім де кепілдік бере алмайды. Қазіргідей құбылмалы заманда одақтастықтан тайқып кету оп-оңай.

Сол себепті, қай нәрсеге де «он қарап, бір шоқитын» ресейлік саясаттанушылар маршал Хафтар армиясының жеңіске жетіп, ел билігін қолына алатынына әр қилы пікірлер айтып, әлі де күмәнмен қарайды.

Мәселен, 1991-1992 ж.ж. Ресейдің Ливиядағы елшісі болған, МГИМО-дағы Өркениеттер орталығының директоры Вениамин Поповтың айтуынша Ливияның жері үлкен, халқы өте сирек орналасқан. Сондықтан оны бірден игеріп, билеп-төстеу екіталай. Оның оңтүстік бөлігін бағындыру оңайға соқпайды. Ондағы тайпалар өз тәртібі және ереже-заңдарымен өмір сүреді.

Биылғы 2018 жылдың 10 желтоқсанында Ливияда президенттік сайлау өткізу белгіленген. Сонда Хафтар өз бағын сынап көрмек. Жасы 75-ке келсе де, жоғары биліктен дәмелі. Оның ливиялықтардың көңілінен шығатындай амалдар жасауы, елдің тоқсан пайызын өзімізге қараттық деп алдын ала жар салуы сол сайлауға дайындық шаралары болуы бек мүмкін.

Кейінгі келіп түскен бір мәліметтерге қарағанда, Ливиядағы президенттік сайлау шығынын көтеруді, яғни оған 85 млн. еуро қаржы аударуды Франция өз міндетіне алған тәрізді.

Дейтұрғанмен, құрамы 60-70 мыңдай жауынгермен жасақталған ЛҰА-сы айтарлықтай күш. Осындай әскери құрамамен Хафтардың елдің едәуір бөлігін, Киренаиканы, Дерна қаласын басып алып, көптеген мұнай кеніштері мен терминалдарды өзіне қаратуын жоққа шығаруға болмас.

Ал Ресейдегі араб елдерімен достық және іскерлік ынтымақтастық қоғамының президенті Вячеслав Матузовтың ойынша ЛҰА-ның жеңіске жететініне және келешегіне сенім артуға болады. Ол осыдан біраз бұрын Тунис жерінде ливиялық бірқатар тайпалардың көсем­дерімен кездесіп әңгімелескен. Әңгіме барысында көсем-шейхтар елде біртұтас тәртіп пен биліктің болуын қалайтын пікір білдірген. Ондай билік пен тәртіпті, тұрақтылықты қазірше тек ЛҰА ғана орната алады. Басқадай балама байқалмайды.

Сөзінің соңында сарапшы В.Матузов өз елінің көзқарас мен ұстанымын: «Ресей үшін Ливияда саяси биліктің қалпына келгені, ол елдің террористердің Сириядан қашып барып, паналайтын апан-ұясына айналмағаны керек. Мәскеу де басқалар сияқты Ливияның ұлттық-саяси негізде ұйысқанын қалайды. Елдің саяси негізі – парламент, әскери тірегі – ЛҰА-сы болады деп үміттенеді. Сайып келгенде, итальяндықтар да, француздар да және амрикандықтар да осындай шешімге келеді деген ойдамыз», – деп тұжырымдайды.

Осы айтылғандардың бәрінен түйетін ой: Ливияның басынан кешіп отырған тағдыр-талайы, Сириядағы бітпей жатқан соғыс, одан бұрынғы Ирактың тоз-тоз болғаны басқаларға сабақ болуға тиіс. Өйткені, басынан бақ тайып, ынтымағы мен бірлігі кеткен елдің қайта қалпына келуі қиынға соғады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *