Әлеуметтік қолдау – отбасына үлкен көмек

Биыл еліміздің бас партиясы «Nur Otan»-ға 20 жыл толды. Осынау жылдар ішінде партия тікелей азаматтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағдайын жақсарту, оқу-білім алу сияқты өмір сүруге тікелей қатысты әлеуметтік дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Шаһар басшысы Бауыржан Байбектің бастамасымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс конференциясында әлеуметтік аз қамтылған, тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарды қолдап, қорғау бағытында «Бақытты отбасы» жобасы құрылған еді.

Рая ЕСКЕНДІР

Елбасымыз әркез үлкен сенім білдіріп, халқының қолдауына ие болған партияның шарапатын халқы бүгін тағы сезініп отыр. Қала бюджетінің негізгі бөлігі әлеуметтік бағытқа негізделгені белгілі. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 11-сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақпен қамтылса, тегін мектеп формасы да беріліп келеді. Қала бюджетінен мұндай көмек үшін жыл сайын 800 млн. теңге қарастырылады. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 4 мыңнан астам балалары қала маңындағы жазғы демалыстарда тегін демалу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Отбасы үшін мемлекеттің қолдауының орны ерекше. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған, жалпы көмекке зәру отбасылар үшін ма­­териалдық көмектің де, рухани көмектің де өз орны бар. Ал ба­ланың толыққанды азамат болып өсуі оның отбасындағы әлеу­меттік жағдайына тікелей байланысты. Түрксіб ауданындағы Айжан Қасымова басшылық етіп отырған №59 мектеп-гимна­зияда мемлекеттің қамқорлығын сезініп отырған оқушылар аз емес.

Мектептің жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 104 бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларды кешенді қолдаудың қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасының 4-пунктінде көрсетілгендей, көпбалалы, аз қамтылған отбасының 29 үздік оқушысы бес мың теңге көлемінде шәкіртақыға ие болып отыр. Әлеуметтік көмекке ие болып отырған көпбалалы аналардың мемлекетімізге айтар алғысы да шексіз. Осындай қолдауға ие болып отырған мектеп ата-аналарын сөзге тартқан едік.

Жаңылсын ТАЖМАҒАНБЕТОВА: 

– Мен көпбалалы анамын, алты балам бар. Бес балам мектеп жасында. Барлығы №59 мектеп-гимназиясында білім алады. Бесеуі де жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен тегін тамақтанады және жазғы демалыста тегін лагерьде демалады. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан  көпбалалы отбасыларға кеңінен қолдау көрсетіліп жатыр. Жақында қаламызда «Бақытты отбасы» атты кешенді бағдарлама қабылданды. Бағдарлама бойынша үздік оқып  жүрген екі балам да бес мың теңге көлемінде шәкіртақы алуда. Балаларымыздың қуанышында шек жоқ, бұл шәкіртақы балаларыма серпін беруде.

Қаракөз ҚАЛИЕВА:

– Мен төрт баланың анасымын. Үш балам №59 мектеп-гимна­зиясында білім алады. Үш балам да мемлекеттік қолдаудың арқасында тегін тамақпен қамтамасыз етілген. «Бақытты отбасы» атты кешенді бағдарлама бойынша екі балам үздік оқығаны үшін бес мың теңге көлемінде шәкіртақы алуда. Балалар шәкіртақыларын өз қажеттіліктеріне жұмсайды. Әрбір баланың қуанышы – бақытты балалық шағының көрінісі. Бақыт балалы үйге қонады. Бақытты ел болу үшін көпбалалы  бақытты отбасыларымыз бұдан да көп болса деймін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *