Әлем кӨз тіккен аламан аяқталды

Қазақстан құрамасы Рио-2016 Олимпиадасына қатысқан 205 елдің арасында 22-орын алды

рио2

Нұрлан СҮЙІН

 

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындары да тарих төрінен орын алатын болды. Кейін Рио Олимпиадасын  несімен еске аламыз?

Басқа жұртты білмейміз, Қазақстан халқының  ХХХІ Олимпиаданы түрлі жағынан  еске алатын тұстары баршылық. «Тойдың боларынан бола­дысы қызық» дегендей, Олимпиадаға аз уақыт қалғанда алып көршіміз Ресейден басталған «допинг дауы» Қазақстан спортын да шарпыды. Және анау-мынау емес, Бүкіләлемдік допинг ассоциациясы (ВАДА) әлемде алғашқы орындарға орныққан қазақ ауыр атлетикасына қырғидай тиді. Әлемнің спорттық держава­ларының бірі – Ресейге толық құраммен Олимпиададан алас­талу қаупі тұрған кезде, Қазақстан ауыр атлетикасы шұғыл түрде Олимпиадаға екінші құрамын даярлады. Бас бапкер Алексей Нидің «Біз екінші құраммен, тіпті, үшінші  құраммен де Олимпиада медальдарын алып келеміз» дейтіні осы тұс. Айтқанында тұрды. Қазақстанға бұйырған 17 жүлденің 25 пайыздан астамын, яғни төртеуін (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) осы зілтемір­шілеріміз алып берді.

Жалпы, Риодағы Қазақстанның 3 алтыны, алтынға бергісіз 5 күмісі, қай жүлдемен де тең қоюға тұратын 9 қоласы біздің елді Олимпиадаға қатысқан 205 мемлекеттің  арасынан командалық есепте 22-орынға шығарды. Олимпиада ойындарындағы бейресми командалық орын алтын  жүлденің санымен есептеледі. Сол себепті де ойындардың соңғы күндерінде  алтыны бізден көп бірнеше мемлекетті, арасында 4 алтынмен Өзбекстан бар,  лға жіберіп алдық. Еске сала кетсек, Лондон Олимпиадасында 7 алтын медальмен командалық есепте 12-орында болғанбыз.

Дегенмен, айтып өткеніміздей, Қазақстанның әр жүлдесінің көтерген жүгі мен әкелген абыройы зіл-батпан, ұшан-теңіз.

Елдос пен Жазираның, Вася Левит пен Гүзелдің күмістерін қай алтыннан кем дей аласың? Ал «өз қазақ­тарымыз» Саша Зайчиков пен Галбадрах-Гүлбану­дың, Фархад Харки мен  Оля Рыпакованың қола жүлделерін өзгенің ешбір алтынына айырбастамайды Қазақстан.

Сонымен, ХХХІ Рио-2016  Олимпиадасы спорт тарихында ең көп ел қатысқан (205 мемлекет, 12500 спорт­шы)  ойындар болып қалады. Қазақстан үшін Рио Жазғы Олимпиадасы  мерейтойлық болып басталды. Осыдан отыз жыл бұрын, 1996 жылы Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет дербес құрама жасақтап барды. Бұл – АҚШ-тың Атланта қаласында өткен  Жазғы Олимпиада ойындары. Және алғашқы  Жазғы Олимпиадасын алматылық палуан Юрий Мельниченконың алтын  жүлдесімен ашқан болатын.

Қазақстан Риода өзінің Олимпиадалық тарихында ең көп жүлде (17 медаль) алды.  Ал осы Олимпиададағы үш алтынның біреуін суға жүзуден алматылық Дима Баландин алып бергенін айта кету керек.

Жалпы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Қазақстан құрамасының әр жүлдесі – бір тарих, бір тағдыр. Мысалы, Алматының алтын ұлы Дима Баландин суға жүзуден ешкім күтпеген сенсация жасап, брасс әдісімен 200 метр қашықтықта екі американдық, екі жапондық, ресейлік, т.б.  «акулалар» қатысқан сайыста алтынды жұлып алды.

Ал өз елі өгейсіткен «Баку баласы» Нижат Рахимов үш жыл бойы ата-анасын, туған топырағын көрмей жаттығып, ауыр атлетикадан Қазақстанға алтын алып берді. Дзюдошы монғол қызы Голбадрах пен зілтемірші Фархад Харки, палуан қыз Гүзелдің де жүлделерінің «тарихы» осыған ұқсас. Әсіресе, ресейліктер «зейнеткер» деп есептеген палуан қыз Гүзел Манюрованың 38 жасында төртінші Олимпиадасына қатысуын, екі Олимпиада қатарынан Қазақстанға жүлде алып беруін қалайша ерлікке баламайсың. Гүзел осыдан он алты жыл бұрын Ресейге де күміс жүлде алып берген. Бірақ,  алып көрші күміс қыздың қадірін білмеп еді бір кезде… Туған елінде екінші, үшінші кезекте болған, «бағасы білінбеген» басқа да спортшылар – Голбадрах Отгонцецег, Арли Чонтей, т.б. қазақ топырағынан нәр алып, Олимпиада ойындарында медаль, жүлделі төртінші-бесінші орындарды алып жатты.

Қатарынан екі Олимпиадада  жүлде алып, қаһарман атанған Ольга Рыпакова, Иван Дычко, Әділбек Ниязым­бетовтардың Қазақстанда орны айрықша.  Алғашқы Олимпиадаларында атой салып, қадірлі металл – күмістен алқа таққан қаракөздеріміз Елдос пен Жазираның жүлделерінің жөні бөлек. Біз олардың күмістерін алтыннан артық бағалаймыз.

Ал күрзі жұдырықты Вася Левиттің  күмісінің «бағасын» әлем жанкүйерлері баяғыда беріп қойған.

Олимпиада ойындары – әлемдік спорттық аламан­дардың ең биік шыңы. Сол себепті де ойындардағы командалық орын нәтижесіне орай,  елдің спорттық әлеуетіне баға беріледі. Осы тұрғыда алғашқы отыздықтан орын алсақ та «әттеген-ай» дейтін тұстар жоқ емес.  Ішіміз біледі, Олимпиададағы жүлделердің (әсіресе, алтын) барлығына қуансақ та, сол медальдардың иегерлерінің арасында өз қаракөздеріміз неге аз? Сосын, біздің жүлделердің басым бөлігі жекпе-жек, жеке-дара спорттардан (бокс, штанга, т.б.) болып келеді. Ал спорттық ойын түрлері (игровой спорт), командалық сайыстарда  жүлде ауылына мүлде жоламаймыз.  Және бір айтатын жай, «Қазақстан – палуан ел» деп мақтанамыз. Бірақ, Олимпиаданың грек-рим, еркін күрес сияқты «төл» күрес­терінде неге медальды «дорбалап» алмаймыз. Дорбала­ғаныңыз не, биыл бөріктілеріміз тіпті жүлдеге ілінбеді. Құдай оңдап, Олимпиадаға барған төрт балуан қызымыздың үшеуі жүлделі оралып отыр.

Күрестен 1980 жылы  Жақсылық ағамыз жеңіп алған, осыдан отыз жыл бұрын, 1996 жылы Юра Мельниченко алып берген алтындардан кейін, осынау бірінші орынның алтын медалін қолымызға ұстамағанымызға кім кінәлі?

Лондон Олимпиадасында (2012) атақты  велошабандоз Саша Винокуровтың ойындардың бірінші күні алтын алған «жеңімпаз жолын» жалғайтын велосипедші табылмай тұр бүгінде.

Айта берсек сөз көп, дегенмен, қанағатшыл халықпыз ғой. Әлемнің екі жүз елінің ішінен жиырманың қатарында болу да жаман емес. Ол да қасиетті қазақ топырағынан нәр алған саңлақтарымыздың арқасы. Қай заманда да бөтенсімей, баршаны бауырға басқан дархан халықтың несібесі, қазақ халқының асыл қасиеттерінің жемісі.

Сонымен, ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 205 мемлекеттен командалық 22-орынға орналасыпты. Ойындарға 12 мың 500 спортшы қатысып, біздің саңлақтар 17 медаль жеңіп алды.

Жүлделерді көпұлтты Қазақстанның бірегей спортшылары олжалады.

 

Бразилияда өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарында олжа салған Қазақстан спортшылары

 

Алтын жүлде

Данияр Елеусінов – бокс

Дмитрий Баландин – жүзу спорты

Нижат Рахимов – ауыр атлетика

 

Күміс жүлде

Елдос Сметов – дзюдо

Жазира Жаппарқұл – ауыр атлетика

Василий Левит – бокс

Гүзел Манюрова – қыздар күресі

Әділбек Ниязымбетов – бокс

 

Қола жүлде

Галбадрах Отгонцецег – дзюдо

Ольга Рыпакова – жеңіл атлетика

Фархад Харки – ауыр атлетика

Дариға Шәкімова – қыздар күресі

Иван Дычко – бокс

Карина Горичева – ауыр атлетика

Александр Зайчиков – ауыр атлетика

Эльмира Сыздықова – қыздар күресі

Екатерина Ларионова – қыздар күресі

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *