Киелі қобыздың сиқырлы үні

Еліміз егемендік алған жылдар ішінде халқымыздың жан-жақты өркендеу үстін­дегі руханиятына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан қазақ ұлт аспаптарының бірі – ежелгі Қорқыт атадан бастау алатын қобыздың орны да, жөні де бөлек. Ғасырлар бойы тасада қалыңқырап, кенжелеу дамыған қобыз аспабының бағы жанған жылдар бедерінде оның Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Гүлнәфіс Баязитова, Фатима Балғаева сынды майталман орындаушы-шеберлер өсіп шықты (бәрі ұстаз). Жалпы, қазақ музыкалық ұлт аспаптарының қай-қайсысының да бағын ашқан атышулы мэтр, академик Ахмет Жұбанов бастаған білікті, сауатты ұлт жанашырлары екенін де айта кеткен жөн. Шүкір, олардың еңбегінің нәтижесі ұлан-ғайыр. Соның бірі – қазақ музыка өнерінің сән-салтанатына айналған қобыз сарыны, қасиетті қылқобыз. Және қазір байтақ елімізде қобызбен күй орындаушы хас шеберлер, оларға тәлім беруші ұлағатты ұстаздар мен шәкірттер қаншама?!

Егер бұрын қобыз сабағы бірлі-жарым музыка мектебі, училище, консерваторияда жүргізіліп келген болса, кейін оларға Қыздар педагогикалық және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттерінің көңіл бөлгені жақсы құбылыс, әрине. Бүгінде басқаларды айтпағанда, осы екі оқу орнынан түлеп ұшқан мамандар қобыз құдыретін әлемге танытуда тамаша табыстарға жетулі. Әлбетте, өз-өзінен ештеңе болмайды. Әуелі шәкірттерге жылдар бойы білім беріп, оқытып-тоқыту, баулу, даярлау лазым. Бұл ұзақ та күрделі сүрлеу. Одан сүрінбей өткендер ғана болашаққа жолдама алады. Ол үшін шәкірттерді әлсін-әлсін көп алдына шығарып, сахнада баулу, шыңдау, шынықтыру жоралғысынсыз тағы бол­майды.

Таяуда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі Өнер, мәдениет және спорт факультеті, музы­калық білім және хореография доценті, Жастар мен студенттердің бүкіл дүние­жүзілік фестиваліне үш рет қатысып лауреат атанған, «Отырар сазы» оркес­трінде ұзақ жыл бас қобызшы болған (консерваторияда оқып жүргенде бас дирижер Шамғон Қажығалиевтің шақыруымен Құрманғазы атындағы оркестрде істеген), Ахмет Жұбанов туралы тұңғыш кітаптың авторы, Құрметті профессор Қамаш Намазова осындай мақсатпен өз сыныбындағы студенттердің «Кластық» концертін өткізді. Мұны арнайы сабақ түрі десе де болады. Университетте қобызшы-күйші, ұстаздық тәжірибесі мол Қамаш содан бері жемісті қызмет етіп келеді. Университет ректоры Серік Пірәлиев пен факультет жетек­шілерінің қазақтың киелі қобызына оң қарап, көмек жасап отыратынын айтып та, жазып та жүреді (қаламы жүйріктігі өзінше).

Әдетте, қай оқу орнында болмасын, музыкалық класта оқитындар саны көп болмайды. Мәселен, Қамаш универ­ситетке келген жылдардан бері қобыз класын бітіргендер саны – 8. Олар еліміздің түрлі қалаларында сабақ береді, ансамбль, оркестрлер құрамында өнер көрсетеді, қобызды насихаттайды. Ал, осы күнде оның класында оқитын, жоғарыда аталған «Кластық» концертке қатысқан Зәуре Айсенова Талдықорғанда өткен пәндік олимпиадада және Жанар Мейірбекова екеуі де Түркияның Бартын қаласында, одан басқа да шет елдерде өткен бірқатар халықаралық фестивальдің лауреаты. Сондай-ақ, олар телеэкранға жиі шақы­рылады.

Мамандығының білгірі, шәкірттерімен бірге өзі істейтін оқу орнының атақ-даңқын өзімізде және шет елдерде тынбай айғақтап жүретін қобызшы-ұстаз Қамаш Нама­зованың үш шәкірті биыл универ­ситет бітіреді. Әлбетте, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, қобыз класына таңдау­лылардың таңдаулылары алынады. Бірінші курстың Арай Бекдәулет, екінші курстың Құрмаш Алмагүл, үшінші курстың Бекназар Қалекеев, Айдана Жұмамұратова сынды студенттері оқуға елден-ерек топ жару арқылы қабылданған. «Кластық» концертте олар да биіктен көрінді.

– Осының бәрі мен үшін мерей, – дейді Қамаш Бейісжанқызы. – Бірге жұмыс­танатын әріптестерім мен сонау бір қиын кезеңдерде жабылып қалған музыка факультетін қайта ашқан университет басшыларының өнерге қамқорлығы шексіз. Киелі қобыздың болашағы жарқын болсын.

Бұл Қамаш Бейісжанқызының жүрек сөзі. Қосып-алар ештеңе жоқ.

Б.ОРАЗОВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *