КӨКТҰМАҒА КЕЛІҢІЗ!

Еліміздегі туризм саласын дамыту бүгінгі күні ең өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны белгілі. Бүкіләлемдік экономикалық форумда осы саланы дамыту егжей-тегжейі сараланып, соңғы дерек көздері бойынша әлемдік бәсекелестікке қабілеттіліктің жақсарып келе жатқаны айтылған еді. Елбасымыздың «100 нақты қадамында» туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі негізгі қағидаттарының қамтылуы да бұл мәселенің маңыздылығын көрсетсе керек.

Рая ЕСКЕНДІР

Осындағы ең басты бағыттардың бірі ретінде табиғаты тамылжыған Бурабай, Алакөл мен Балқаш көлдері ерекше аталды. Мұның өзіндік себеп­тері де бар. Өйткені, тек Алакөлдің өзі бір жылда 2500000-ге тарта туристерді қабылдауға мүмкіншілігі бар екен. Жаз шыға Алакөлге еліміздің барлық аймақтарынан демалушылар ағылып келіп, бос орын болмай қалатын кездер де мысал болса керек. Әсіресе, Ресейден келіп демалатын туристер саны жылдан-жылға арта түсуде. Осынау емдік қасие­ті мол, ағынсыз Алакөлді біз де бетке алып шыққан едік.

«Жол азабын тартқан біледі» демекші, ұзақ уақыттан бері «жөндеуі» бітпей жатқан ұзақ жол туризмнің дамуына басты кедергі сияқты болып көрінді. Дегенмен, алыстан айнадай болып жарқырап жатқан Алакөлді көргенде 16 сағаттық шаршау қиындығы көп, тас жолдың үстінде қалып кеткен­дей әсер етті. Ұзақ жолдан келе жатқан демалушыларды қол бұлғай  тосып алып жатқандар көп. Көбі бір-бірін танитын сияқты. Әлгі тосып алушылар келген қонақтарды көп күттірмей «іліп» әкетіп жатыр. Бізді де Бекет өз көлігімен лезде демалыс үйіне алып келді.

Жеміс-жидегі мол аула төріне қаз-қатар орналасқан бұл үйлердің ұқыпты жанның қолынан шыққаны көрініп-ақ тұр. Қолдан жапқан нан мен үйдің сары майы, сүт қатқан шәйі, жарма ботқасы бар таңғы астан соң көлді бетке алдық. Алакөл – еліміздегі Балқаш көлінен кейінгі ең үлкен көлдің бірі. Алакөл ауданының солтүстік-шығыс бөлігін тұтасымен алып жатыр деуге болады. Теңіз деңгейінен 247,3 метр биіктікке орналасқан Алакөлге он бестен астам өзен құйылатын көрінеді. Емдік қасиет­ке толы Алакөлдің бір ерекшелігі — құрғақ ауа мен теңіз бетіндегі дымқыл ауа қосылып, адамның демалуына ерекше әсер ететіндігі.

Көл жағасындағы демалушылар арасында еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жүр. Барлығы тек дема­луға емес, ем алуға да келген. Өйткені, көлдің суы минералды ресурстарға, иодқа, тұзға, химиялық элементтерге өте бай екендігін медицина әлдеқашан дәлелдеп қойған. Тарихта да Шыңғыс ханның талай батырының жарасына осы көлдің суы ем болған деген аңыз бар. Науқас меңдеген адамдардың дертіне ем болып айығып кеткені ерте кезден байқалған деседі.

Көлдің басына келіп суға түскен адамдар күннің де жылылығын сезінеді. Осындайда жан-жағыңдағы адамдармен танысып, жөн сұраса бастайсың. Жасы сексенге тақап қалса да, өзін сергек ұстайтын Қатипаш апаның айтуынша, белінің шойырмасына осы көлдің суы бірден-бір ем болыпты. «Дәрігерлер радикулит деп диагноз қойғанымен, емде­лудің жолын таппай, ақыры Ала­көлдің суына түсіп, батпағын жағуды жөн көрген екен. Күндіз көлге барып, суға түсем, кешке жастармен биге бара­мын», – деп төңірегін әзілге бөлеген қария өмір жазса, келер жылы да келем деп отырды.

Осымен сегізінші жыл қатарынан демалып жатқан қария өзімен бірге құдағиларын, құрдастарын да ілестіре келіпті. Демалушылардың арасынан артрит, тері аурулары мен аллергиясы­на ем тапқандар өте көп. Кезінде дәл осы Алакөлдегі Ғарышкерлер үйінде кеңестік ғарышкерлермен бірге басқа да шет елдердің ғарышкерлерінің бойын­дағы радиацияны осы көлге демалдыру арқылы тазартуы да тегін болмаса керек. Сондықтан алысқа ат терлеткенше, өзіміздің тарихы терең, табиғаты көркем, суы шипа жерлері­мізде демалғанға не жетсін. Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облыста­рының шекарасына орналасқан Алакөлге барғысы келетіндер Жарбұ­лақ­ты бетке алса, енді бір демалушылар Ақши жағалауын, сол өңірге жақын Көктұма ауылын бетке алады.

Алакөлдің оңтүстік-шығыс жағында Жоңғар қақпасы орналасқан. Оның тарихы өз алдына. Ал Көктұма ауылы Қазақ-Қытай шекарасынан 80 шақырым жерде жатыр. Егер шығыс жағын таңда­саңыз Қабанбай ауылына баруыңыз керек. Атақты Барлық-Арасан да сол маңда орналасқан. Биылғы жылы да Алматы халқының 95 пайызы Алакөлге демалуды таңдаған екен. Бұл, әрине, ішкі туризмді дамытуға үлес қосу, яғни Ұлттық экономикамызды дамыту деген сөз. Көктұмаға келген туристердің жиі тоқтайтыны «Алтын» демалыс орны. Бір кездердегі Құдайберген мен Алтын Әбдіхановтардың шаттыққа толы шаңырағының оты әлі өшпеген. Кел­мес­тің кемесіне мініп о дүниеге аттанған қос қарияның табанының ізі, қолының табы қалған бұл шаңырақ бүгінде талай жанның батасын алып отыр. Қазақ тілінің қадірін біліп, өмірін өлеңмен өрген Құдайберген Әбдіханов осынау табиғатты үнемі өзіне тақырып етіп өткен еді.

Туған жердің түтіні қымбат маған,

Әрқашан сырымды мен кімге ақтарам.  

Хантаудың тарихына келер болсам,

Көңілім шер тарқатып,

жылап та алам, –

деп жырлаған ақын жүрек өзінің туған жерін, Алакөлін жанындай жақсы көріп, құрметтеуші еді. Осы босағада талай жазбасы, өміршең өлеңі туды. Соңында қалған ұл мен қыздары әзиз жанды әркез сағынышпен еске алып отырады.

Осындағы демалушылардың ара­сында Құдайберген қарияның досы, көзін көрген Нұртас Асқаров жыл сайын көлдің суына шомылып қайтады. – Құдайберген досымның шаңырағына жылына бір соқпасам, көңілім орнына түспейді. Мына жеміс ағаштарын кезінде өз қолымен отырғызып еді. Мәуелі баққа айналып, жемісі төгіліп тұр. Сол сияқты артындағы ұрпақтары да әке отын өшірмей, кәсіптерін нәсіп етіп отыр. «Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» демекші, бала­лардың тіршілігіне, жасап жатқан жұмыс­тарына риза болып отырамын. Береке-бірлікті ұйымдастырып, шағын кәсіпті ұқсатып отырған Бекет пен Құралай, Дидар Құдайбергенұлы, қызы Ләйлә мен Ерлан, осында жүрген немерелердің барлығы әке үлгісін өнеге етіп, еңбекке төселген» дейді.

Шынымен-ақ, демалушылардың көңілінен шығып, олардың ас-суын қамдап, жатын орнын ойдағыдай етіп, көңілінен шығу оңай шаруа емес. Осы жұмыстың барлығын тап-тұйнақтай етіп, ұршықша үйіріп отырған Құралай Құдайбергенқызының еңбегі тіпті ерекше. Отбасының тұңғышы, әке мен ананың орнын білдірмей, үлкеннің көңілінен шығып, кішінің тілін тауып жүрген Құралай нағыз бүгінгі заманға сай менеджер. Алтын анамыздың құрметіне демалыс орнына «Алтын» деп ат беріп, оның жұмысын жан­дандырып отырған әулеттің ұрпақ­тарына алыс та, жақын да риза. «Ор­нында бар оңалар» демекші, халқының қажетіне жарап, туризмнің дамуына өз үлестерін қосып отырған Әбдіхановтар әулетінің кәсібіне біз де риза болдық.

Сондықтан қандай істе де батылдық басшы. Әйтпесе, бір кездері шаруасы гүлденіп, төсінде мыңғырған қой өрген кеңшар қаңырап бос қалып, талай тұрғыны үйлерін иесіз қалдырған да кез болған еді. Бүгінде ел экономикасы түзеліп, туризмді дамытуға басымдық беріліп, талай жанның жолы туған жеріне тоғысты. Жаз бойы көл жағалап несібесін тауып жүрген балықшыларды да осы маңнан көресіз. Балыққа бай Алакөлден сазан, көксерке, алабұға, шармай аулап, оны саудалап жүргендер қаншама? Жалаңашкөлден батпақ әкеліп, оны демалушыларға сатып, өз кәсі­бін жасап жүрген балалар жаз бойғы жиған-терген қаражаттарын мектепке қажет бұйымдарға жұмсайды. Балшық­тың емі өзі алдына, оны денеге жағып, жағалауда құмға қыздырынып жатқан­дарға өзге рахаттың керегі жоқ сияқты.

Осылайша ешбір дәрі-дәрмексіз-ақ буын ауруының еміне шипа тапқандар Алакөлге келгендеріне риза болып жата­ды. Қайыққа мініп көлге шыққан­дар үшін басқа экстремалдың қажеті жоқ. Банан іспеттес резеңке қайыққа іркес-тіркес отырған үш-төрт адам көлдің ортасына дейін барып, су бетіне құлағанға мәз боп жатады. Бұл да біреу­лердің кәсібі. Міне, қарап отырсаңыз, жаз бойы «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген қағиданың растығына көз жеткізесіз. «Армысың, Алакөл!» деп барған біз «Көріскенше Көктұма!» деп қимай қоштастық.

Еңбекқор ауылды асырап отырған Алакөлдің жағасы биыл да демалушы­ларға толы.

АлакӨл—Алматы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *