ІЗДЕНУДЕН ЖАЛЫҚПАҒАН ФЕНОМЕН ҒАЛЫМ

99Педагогиканың көрнекті өкілі, профессор Серғазы Қалиұлының 85 жылдық ұстаздық-ғалымдық өмір жолын үш кезеңге бөліп қарастыруға тура келеді. Оның өмірінің алғашқы 20 жылы есейіп,орта мектепті, жоғары оқу орнын бітіріп, педагог-маман болып шығуы десек, екінші 30 жылын Аягөз қаласындағы орта мектепте мұғалім, аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы, кейін мектеп директоры, қазақ темір жолының оқу бөлімі бастығының орынбасары, соңғы 9 жылында оқу бөлімінің бастығы қызметтерін ойдағыдай атқарған. Ал өмірінің кейінгі 35 жылы, яғни, үшінші кезеңі Республикаға белгілі ғалым-педагогтыққа арналған.

Оның 25 жылын Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақтың ғылыми-зерттеу академиясында, соңғы 10 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде профессорлық қызмет атқарып, студенттерге дәріс беріп келеді.

Профессор Серғазы Қалиұлы – балалық шақта 1932 жылдың ашаршылығы, 1940 – 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиыншылықты, одан кейінгі 1945 – 1949 ж.ж. тұрмыстың ауыртпалығын басынан кешіріп, шыңдалып шыққан ғалым.

Басқаны былай қойғанда, өмірінің кейінгі 40 жылында күндіз-түнгі ізденіспен ерінбей еңбектеніп, тер төккен ғылым жолындағы мехнатты еңбегінің өзі ерекше нәтижелі іс деуге болады. Осы жылдар ішінде 40-тан астам кітап (оның 5-еуі оқулық), 400-дей ғылыми мақала жазды. Бұл – күндіз күлкі, түнде ұйқыдан тыйылып, ақ қағазға тәулік бойы тесіле қараған толассыз ми жұмысының жемісі. Оның жалпы көлемі – 1200 баспа табақ екен, бейнелеп айтсақ –50 том еңбек.

Профессор С.Қалиұлының осы еңбектерінің тақырыптық ауқымына көз жіберсек, ұлттық тәлім-тәрбие тарихы, мемлекеттік тіл мәселесі, әдебиет пен тарихтың байланысы, сан ғасырға созылған халықтың этнологиялық тұрмыстық ахуалы, т.б. олардың зерттеуші қайраткер-ғалымдар еңбектерінен орын алуы, яғни сан салалы рухани мәдениеттің көкжиегі қомақты түрде көрініс тапқан. Сайып келгенде, бұл – тарих, этнология, фольклортану, этнопедагогика, этнопсихология, мәдениеттану ғылымдарынан мол білімді қажет ететін жан-жақты феномен ғалымның ғана қолынан келетін іс. Яғни, Серғазы Қалиұлы еңбегінің саны мен сапасы бірдей көз тоқтатып, көңіл толарлық дәрежеде деуге болады. Осы қыруар еңбектің түп қазығы жинала келіп, 30ғасырлық қазақ тәлімінің он томдығымен көмкерілетін көрінеді.

80-жылдардың орта кезінде профессор Қ.Жарықбаев екеуі бірлесе отырып, Қазақ тәлімінің 14 ғасырын қамтитын антологиясының қазақша екі томын (І томы – 1994 ж., ІІ томы – 1996 ж.), орысша І томын (1998 ж.) «Рауан» баспасынан шығарды. Бұл жұмыс СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы Тәлімдік мәдени мұраның 20 томдығын шығару жөніндегі қаулысынан бастау алған еді.

Кейін Одақтың ыдырауымен байланысты дайындалған Қазақ тәлімі антологиясының орысша, қазақша томдарының шықпай қалу қаупі туған кезде ҚР білім министрі Ш.Шаяхметовпен мәдениет және ақпарат министрі Ш.Елеукеновтерге әлденеше рет кіріп табандылық көрсеткен де С.Қалиұлы болатын.

Еліміз егемендік алуымен байланысты профессор С.Қалиұлы Қазақ тәлімінің көкжиегін кеңейте түсіп, 30 ғасырлық он томдығын шығаруды жоспарлап, көп еңбек сіңіріп, тер төкті. Оны армандап қана қойған жоқ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, ҚР Министрлер кабинетінің бұрынғы премьер-министрлері: Қ.Тоқаевқа, И.Тасмағамбетовке, Д.Ахметовтерге, мәдениет және ақпарат министрлері: Е.Қосубаев, Е.Ертісбаевтарға әлденеше рет педагог-ғалымдар атынан хат жазып, «Мәдени мұра» бағдарламасы есебінен қаржы бөлуді, баспаның жоспарына енгізуді үздіксіз талап етіп келді. Ақыры, С.Қалиұлының табандылығы арқасында «Мәдени мұраның» есебінен 2006 жылы Тәлімдік ойлар антологиясының І томы «Сөздік–Словарь» баспасынан жарық көрді. 2007 – 2010 ж.ж. көптомдықтың 2 – 10 томдары осы баспадан шықты. 2012 жылы орысша қысқарған нұсқасымен І-томы, 2014 жылы ІІ томы жарыққа шықты.

Құрастырушылар отызға жуық авторды тартып, олар берген материалдарды архивтік дерек көздерімен мұқият салыстыра қарап, әлденеше рет оқып, түзетулер енгізіп, жинақтардың сапалы болып шығуына зер салғандығы байқалды. Бұл ерінбеген ұзақ жылдық еңбектің нәтижесі деуге болады.

Көптомдық тәлім антологиясының екінші бір құндылығы – бұрын-соңды баспа арқылы жарияланған жүздеген кітаптарды оқып, салыстыра қарастырып, соның тәлім-тағлымдарына керекті деген жерлерінен үзінділерді ерінбей отырып теріп, таңдап ала білуі демекпіз.

Соның нәтижесінде, антология томдары аса құнды дерек көздері болып шыққан.

Бұл еңбектердің тағы бір құндылығы – біріншіден, 30 ғасырды қамтуы болса, екіншіден, араб, парсы, қытай, моңғол, орыс тілдеріндегі басылымдардан қазақшаға аударып беруі арқылы құнды. Үшіншіден, тәлім тарихымен айналысушы ғылыми ізденушілердің бәрінің қолына көне дерек  көздері түсе бермейді. Бұдан әлденеше жылдар бұрын баспа бетін көрген, оның үстіне бүгінде оқырман қауымның қолына түсе бермейтін ескі әдебиеттердің таптырмайтын көне дүниелер екенін ескерсек, құрастырушылардың жүздеген еңбектерден теріп, сүзіп алған тәлімдік ойлар тұжырымдамаларын дайын дерек көздеріне айналдыруы – аса қуанарлық іс. Осы тұрғыдан алғанда, құрастырушылардың қыруар еңбектерін мұхиттың түбінде жатқан інжу-маржанды бір-бірлеп теріп алып, құрастырушы сүңгуір мамандар мен зергерлерге теңеуге болар еді. Қазақ «Зер қадірін зергер біледі» деп текке айтпаса керек.

Профессор С.Қалиұлының елімізде кадр даярлау ісіне сіңірген еңбегі де орасан зор. Ол соңғы 35 жыл ішінде 26 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын, 15 магистрант даярлап шығарды.

Олардың ішінде Қ.Қабдыразақұлы, Ә.Ашайұлы, С.Беріков сияқты Қырғыз және Моңғол Республикаларының азаматтары да бар. Ол даярлаған ғалымдар Петропавл, Көкшетау, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Ақтау қалаларының ЖОО-да жемісті еңбек етіп келеді.

Профессор С.Қалиұлы осындай сіңірген орасан зор еңбектері үшін әр жылдарда түрлі наградалармен марапатталған. Ол «Қазақ КСР және КСРО Білім министрліктерінің оқу-ағарту ісінің озаты» белгілерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және КСРО Қатынас Жолдары министрлігінің құрмет грамоталарымен, сондай-ақ Жоғарғы Үкіметтің жеті медалімен марапатталған. Мағжан Жұмабаев атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері.

Қорыта келе айтар болсақ, тәлім антологиясының көптомдығы – көне мәдени мұраларды  бүгінгі күн тұрғысынан қарастыра зерделеп, қорытып шығарған аса құнды еңбек демекпіз.

Қазақ тәлімінің 30 ғасырлық көптомдығын жинақтап шығарушы Қазақстан Республикасының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиұлына 100-ге дейін қолыңыздан қаламыңыз түспей, еңбектене беріңіз,ол үшін Алла Тағала сізге зор денсаулық берсін дейміз.

 

С.ҚОҢЫРБАЕВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты.

Ә.ТОЛҚЫНБАЕВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті педагогика және психология мамандығының магистранты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *