Дәрігерлер «Жұлдыз» базарына келді

Дәрігерлер келіп, базарда жұмыс істейтін саудагерлер мен жұмысшылардың денсаулығын тегін тексереді екен деген хабарды естігенде, мұндағы жұрт өз құлағына өздері сенбеген еді. Ал базардың ортасына медициналық құрал- жабдықтары мен дәрігерлер орналасқан көшпелі емхана келгенде, аң-таң қалған. Нарықтың тілін білетін базар қызметкерлерін тексерулердің тегін жүргізілетіндігі таңқалдырған еді.

 Тексеруді бастамас бұрын бү­гінгі тексеруге жауапты №8 қала­лық емхананың бас дәрігері әрі Алмалы ауданындағы емдеу меке­мелерінің үйлестірушісі Фарида Ағыбаева «Жұлдыз» базарына келген дәрігерлердің мобильді топ құрамының басты мақсаттары мен міндеттеріне және осы «Денсаулық айлығы­ның» мақсаты туралы, келер жылы денсаулық сақтау салала­сына ендірілетін МӘМС жүйесі туралы айтып, түсіндіріп, оған қазірден бастап дайындық жүр­гізіп, алдын-ала емханаға тірке­ліп, әр адамның әлеуметтік мәрте­бесін анықтау арқылы МӘМС қорына жарна аудару тәр­тібін түсіндірді. Келер жылы емха­наға тіркелу бойынша енгі­зілген жаңалықтардан хабардар етті.

Фарида Әбубәкірқызы «Жұл­дыз» базарының қызметкерлеріне емханаға тіркелу енді бұрынғыдай қағаз жүзінде емес, электронды жолмен жүзеге асырылатын­ды­ғын, ол үшін әр адамның цифр­лық қол­таңбасы болуы міндетті екендігін түсіндірді. Сонымен қатар, Алма­лы ауданына қарасты емдеу меке­мелерінің тұрғындарға көрсететін медициналық көмек түрлері, олардың қолжетімділігі жайында әңгімелеп берді. Емха­наның салауатты өмір салтын қалыптас­тыру бөлімінің қызмет­керлері дұрыс тамақтану, белсенді ұзақ өмір сүрудің жолдары, қала бойын­ша қолға алынып отырған қала зейнеткерлеріне арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдар­ламасының бағыттары жөнінде айтып берді.

Бұдан кейін тіршілік қамын бірінші кезекке қойып, денсаулық жағдайларын ұмыт қалдырған «Жұлдыз» көтерме және бөлшек сауда базарының қызметкерлері өздеріне қажетті дәрігерлерге тексеріліп, денсаулықтары туралы анықтама алды. Саудагерлерге көздің қысымын өлшеу, дене салмағы мен бой өлшемінің сәйкестігі жөніндегі ақпараттар қызықты көрінді. Өйткені, кейбір адамдар салмақтың бойдың өлше­міне сәйкес болу керектігін біле бермейді екен. Бұл базар бойынша жүргізілген дәрігерлік тексерулер­дің қорытындысына көз жүгірткен дәрігерлер базарда еңбек етіп жүр­ген азаматтардың арасында жүрек-қан тамырлары ауру­ларының, эндокриноло­гиялық аурулардың және тек­серу­шілердің өздеріне белгісіз болып келген қант диабеті, бауыр, бүйрек, асқа­зан ас қорыту жүйе­лерінің қызме­тінің бұзылуы жиі кездесіп отыр­ған­дығына көз жеткізді. Жүйке­лері шаршағандар да аз емес көрінді.

Ал әйелдер арасында гинеко­логиялық сырқаттарға, оның ішінде жатыр мойнының, сүт безінің қабынуы секілді қатерлі ауру­лардың алғашқы белгілері кездес­кен. Маман дәрігерлер қауіпті дерт белгілері байқалған адамдарды сол мезетте тіркеуге алып, тиісті клиникалар мен диспансерлерге барып толық дә­рі­герлік тексерілу­ден өтіп, кеңес алуға жолдама берді. Мұның алдында «Тұлпар» базарында болып, 261 адамды тексеруден өткізген №8 емхана дәрігерлері мен қаламыздың жетекші клини­каларының білікті мамандарынан құрылған дәрігер­лердің көшпелі клиникасы енді денсаулығына көңіл бөлуге уақыты тапшы «Тастақ» базарында жұмыс істеп жатқан тұрғындарға жол тартпақ.

Мұндай тексерулерді Алматы­ның шет аудандары саналатын Наурызбай ауданындағы Гүл­жанат Тілеген жетекшілік ететін №36, Айгүл Тұрысбекова жетек­шілік ететін №26, Әуезов ауда­нына қарасты Мая Болшанова жетек­шілік ететін №18 емхана, Алатау ауданына қарасты №25 емхана ұжымы да өткізді.

Қала тұрғындарына шаһар басшысы Бақытжан Сағын­таевтың бастамасымен қалалық Қоғамдық денсаулық басқарма­сының ұйыт­қы болуымен өткі­зіліп жатқан «Денсаулық айлығы» тамыздың соңына дейін жалға­сатындығын ескерткіміз келеді. Дәрігер тура қасыңызға келді, тексеріліп, өз денсаулығыңыз туралы ақпарат алуды ұмыт­паңыз!

 

РАХМЕТ САҒАН, ДӘРІГЕР

Қаламыздың шет аудандарында тұратын тұрғындардың дәрігерлік көмекке деген қолжетімділігін арттыру мен халық денсаулығын жақсарту мақсатында өткізіліп жатқан «Денсаулық айлығы» аясында Алатау ауданына қарасты «Саялы» ықшамауданына келген №29 қалалық емхананың дәрігерлері мен қаламыздағы ең білгір де білікті дәрігерлер топтасқан мобильді топ құрамындағы ақ халатты абзал жандарға тұрғындардың барлығы дән риза болып, алғыстарын жаудырды. Оның жөні бар. Бұл ықшамаудан қала орталығынан ғана емес, аудан орталығынан да шалғай орналасқан. Өздері тіркеуде тұратын емханаға жету үшін мұндағы тұрғындар екі көлік ауыстырып баруларына тура келеді.

Қала орталығынан «Саялыға» дейін қатынайтын №57 автобус емхана орналасқан «Зерделі» ықшамау­данының ішкі аймағына бармай, сырт айналып кете­тіндіктен олардың көбі жекеменшік такси жалдап баруға мәжбүр. Бірақ оған екінің бірінің жағдайы келе де бермейді. №7, 57 және кейіннен қосылған №202 бағыттағы автобустарды ықшамауданның ішкі аймағына дейін жүргізу жөнінде тұрғындардың тиісті мекеме басшыларына айтып келе жатқандарына біраз уақыт болды. Әкімнің жыл сайынғы есеп беру жиынында да бұл мәселені тұрғындар үнемі көтереді. Жуырда болған қала әкімімен болған кездесуде де «Саялыға» дәрігерлік пункттің қажеттілігі туралы және осы қоғамдық көлік қатынасы туралы тағы айтылды.

Бірақ әзірге қоғамдық көлік қозғалысында оң өзгеріс байқалмайды. Сол баяғы жартас, сол жартас қалпы. Қала басшысымен болған кездесуде «саялылық­тарды» қуантқан жақсы хабардың бірі – келер жылы «Саялы» ықшамауданында дәрігерлік пункт ашылады деген сөз болды. «Келер жыл дегеніңіз қыр астында тұр емес пе, талай жылға шыдадық, бір жыл деген не тәйірі» дейді жақсы хабар жандарын жылытқан «Саялы» ықшамауда­нының сабырлы тұрғындары. Олардың бар үміті қала басшысы беріп кеткен «шет аудандағы тұрғындардың мұң-мұқтажы назардан тыс қалмайды, барлық қиындықтардың шешімі табылады» деген уәдесі болса, қала әкімінің бастамасымен өткізіліп жатқан «Денсаулық айлығына» жұртшылықтың айтар алғысы шексіз. Іздеп барса табылмайтын дәрігерлердің үйдің жанына келіп, қал-жағдай сұрап, тегін тексеру жүргізу бұрын-соңды болмаған жаңалықтардың бірі екені шындық.

Сондықтан болар, «Саялыдағы» әзірге жалғыз мәдени ағарту орталығы болып отырған №180 мектепке жиналған тұрғындардың қарасы көп болды. Тұрғындар еш кезексіз өздері қалаған дәрігерлеріне тексеріліп, маман дәрігерлерден ақыл-кеңес алып, тіпті кейбірі сол жерден стационарлық ем алуға жолдама алып жатты. Ал қан талдауы, қан құрамындағы холестерин мен қант мөлшеріне тегін талдау жүргізіп, оны сол мезетте анықтап беру де тұрғындар үшін маңызды болды. Осы тексеруге келген Нағима Сансызбаева апай өзінің қант диабетіне шалдыққанын осы тексеру барысында біліпті.

Ал Қытайдан қоныс аударып келген бір әпкеміз жаңа туылған балаға екпе жасалу керектігін де осы тексеру кезінде естіп, сол күні-ақ туылғанына төрт ай болған немересіне екпе жасатыпты. Ал алты жылдан бері емхананың есігін ашпаған Сағила әжей «мына дәрігерлер келіп тексермесе, «бір дорба» ауруымды арқалап жүре бергендей екенмін» деп, ағзасындағы бірқатар сырқатының сырын ашып берген дәрігерлерге алғысын жаудырып жатты.

Сағила апай соңғы рет қашан флюорографиялық тексеруден өткенін де ұмытқан сыңайлы. Ал бүгін ол кісі ЭКГ, флюорографиялық тексерулерден тегін өткеніне дән риза.

Осы іс-шара барысында №29 емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова тұрғындарға емхана арқылы көрсетілетін ем-шара түрлері, күндізгі емдеу бөлімі жөнінде ақпарат беріп, келер жылы енгізілетін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде айтып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Ал емхананың психолог, әлеуметтік қызметкерлері мен аурудың алдын алу және науқастарды әлеуметтік қолдау бөлімінің мамандары түрлі қатерлі дерттердің алдын алуға мүмкіндік беретін скринингтік тексерулер, балалар мен жасөспірім балаларға салынатын екпе түрлері, екпе ектірудің балалар денсаулығын қорғаудағы маңыз­дылығы туралы айтып, тұрғындарға МӘМС жүйесі арқылы көрсетілетін медициналық қызмет түрлері және оны қолданудың жолдары көрсетілген буклеттер мен түсіндірмелік ақпараттар таратты.

«Саялы» тұрғындары тегін ем алып, қала тұрғын­дарының денсаулығын жақсарту жолында қолға алынып жатқан жаңалықтарға қанығып, өздерін тексеріп қана қоймай, жан жылытар жылы сөздерімен де демеп, рухани ем дарытқан емхананың бас дәрігері Ақмира Садықоваға, эндокринолог дәрігер Мұхтар Қошымбетовке, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер Талиға Райымбек, Айжан Қазанғап пен гинеколог-дәрігер Әйгерім Сүлейменова, кардиолог-дәрігер Айман Нұрахметоваға ризашы­лықтарын білдірді.

№29 емхана дәрігерлерінен құрылған дәрігерлердің мобильді тобы мұның алдында «Рахат», «Мәдениет», «Боралдай», «Алғабас» елді-мекендерінде болған еді. Алатаудың дәрігерлері тұрғындар денсаулығын тексеру шарасын жалғастыруда.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *