Бізге тұмаудың өршімегені керек

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Жаз кетті, күз келді. Енді күн салқындай бастады. Мұндай кезеңде түрлі ауру, әсіресе, тұмау мен жедел респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) бой көтереді. Мамандар егер бұл аурулар коронавируспен қабаттасатын болса, ағзаға оңайға соқпайтынын айтып отыр.


Апта басында Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері қала емханасының аумағында көшпелі баспасөз мәслихатын ұйымдастырған болатын. Сол кезде Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров маусымдық тұмауға қарсы вакцина салдырды.

Ж.Бекшиннің айтуынша, былтыр қала тұрғындарының 10,3 пайызы (200 747), оның ішінде 100 мың адам, яғни «тәуекел тобына» жататындар жергілікті бюджет есебінен, 93 633 мың адам жұмыс берушілердің қаражатымен, ал 7114 тұрғын ақылы негізде жекеменшік медициналық орталықтарда вакцина салдырған. Биыл да қаладағы жекеменшік медициналық орталықтарда өз есебінен және әртүрлі салада еңбек ететіндер жұмыс берушінің есебінен екпе салдыратын болады.
Иә, қалада осал топтағы адамдарды тұмауға қарсы тегін егу биыл 15 қыркүйектен басталды. Жыл сайын эпидемиологиялық маусымның алдында республика көлемінде, соның ішінде Алматы қаласында тұмауға қарсы тегін екпе медицина қызметкерлеріне, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, мектеп-интернаттағы балаларға, иммун тапшылығы бар, әлсіз және жиі ауыратын жасы алты айдан асқан сәбилерге, қарттар және мүгедектер үйіндегі контингеттерге, 2-3-ші триместрдегі жүкті әйелдерге салынады.
Ж.Бекшиннің сөзінше, биыл жергілікті әкімдіктің қаражатына 130 мың доза көлеміндегі үш валентті, Ресейде өндірілген Гриппол плюс вакцинасы сатып алынған. Вакцина салынғаннан кейін иммунитет 14 күннен соң қалыптасып, ол тұмау маусымының аяғына дейін өз күшінде болады. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 100 мың доза Гриппол плюс вакцинасы (Ресейде өндірілген) сатып алынған болса, биыл 430 мың доза алу жоспарланып отыр.
***
Қазіргі таңда қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екендігін атап өткен бас санитар дәрігер: «Өткен аптадағы мәліметтер бойынша қалада жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтарғандар саны – 1219. Бұл көрсеткіш оның алдыңғы аптамен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Алайда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауру белгілері 21 пайызға жоғары болып отыр. Вирус жұқтырғандардың 62 пайызын балалар құрайды», – деді.
Ал тұмауратқан баланы ата-анасы балабақшаға, мектепке жібермегені абзал деп кеңес берген Ж.Бекшин тұмаудан сақтанудың қарапайым жолдарын да атап өтті.
«Маусым кезінде тұмаудан сақтану үшін дәрігердің рұқсатымен вирусқа қарсы «Оксалин», «Антивир» жақпамайларын пайдаланып, иммунитетті көтеретін ақуызға, дәрумендерге және минералды заттарға бай тамақ өнімдерін тұтынған жөн», – деген ол осындай мезгілде, қай жерде болмасын, адамдарға өзара әлеуметтік ара-қашықтықты сақтауды, науқастанып қалған жанмен қарым-қатынасты шектеуді және кісі көп жиналатын орындарға бармауды ескертті. Маусымға сай киіну, бетперде тағу, дезинфекциялық құралдарды пайдалану, қолды жиі жуу сынды қарапайым әдеттер де аурудың алдын алатынын айтты.
***
Ж.Бекшин егер қалада тұмаудың беті қатты болатын болса, кейбір шектеулер енгізілетінін айтты.
«Әрине, біздің міндетіміз – карантинді болдырмау. Бізде тұмауға байланысты карантин болған емес. Бірақ шектеу іс-шаралары енгізілуі мүмкін. Тұмау өршитін болса, мектеп, балабақша мен кәсіпорындарға шектеу іс-шаралары қолданылады», – деді ол.
Осы орайда бас санитар дәрігер тұмау мен коронавирустың профилактикалық шараларының бірдей екенін атап өтті. Мамандар егер санитарлық талаптарды сақтап, оны дұрыс орындасақ, онда біз тұмаудың күрт өсуіне жол бермейміз деген сенімде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, алдағы күз-қыс маусымында тұмаудың екі A типті Гуандонг-Муанон (H1N1) pdm09 және Гонконг (H3N2), B типті Washington Линия Виктория және Пхукет Линия Ямагата штамдары айналымда болады. Бұл штамдардың алғашқы 3 антигені елімізде егілетін Гриппол плюс вакцинасының құрамында бар.
***
«Қала тұрғындары арасында ЖРВИ, тұмаудың алдын алу және эпидемиологиялық жағдайды қалыптастыру мақсатында жұмыстар ұйымдастырылып, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары толық жүргізілуде. Біздің Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті мен қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының бірлескен бұйрығы шығарылды және денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдарымен бірлесе ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспары дайындалды. Емханаларда дене қызуы көтерілгендер бөлек қабылданады, эпидемиологиялық ахуал кезеңінде жүкті әйелдерді бақылап-қарау күшейтіледі», – деді спикер.
ЖРВИ-мен, тұмаумен ауырып тұрғандардан түскен шақырту қоңырауын қабылдау үшін 116 телефон және үй жағдайында медициналық қызмет көрсетуге 92 автокөлік бөлінген. Оған қоса ауруханаларда науқастарды емдеу үшін 485 орын қосымша белгіленген. Қаладағы медицина ұйымдары мен дәріханалар бірреттік бетпердемен, залалсыздандыру, тұмауға қарсы препараттардың керекті қорымен қамтамасыз етілген. Ұлттық сараптама орталығының Алматы қаласы бойынша филиалы зертханалық тексеру жүргізетін тест жүйелерімен жабдықталған. Ал балалар ұйымдарында және мектептерде жеткіншектердің ауырып тұрғанын дер кезінде анықтау үшін таңертеңгілік фильтрлердің жұмысы күшейтілген.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *