«БІЗ ЕКЕУМІЗ ҒАШЫҚТАРМЫЗ ҚОСЫЛҒАН»

521деп жырлаған Тұманбай Молдағалиевтің 55 жыл отасқан жары Күлтай Қасымқызы ақын шаңырағының шырақшысы болып, аманатын арқалап келеді

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтың туған күні. Көзі тірі болса, Тұманбай ақын 79-ға толып, 80-нің сеңгіріне қарай аяқ басар еді. Қазақтың қара өлеңінің тұмасы —  ақын  жаратылысы қан­дай таза болса, сыршыл поэзиясы да мөлдір, оқырман жүрегін жылытып, көктем лебіндей шуақ құятын, ешкімге ұқсамайтын дария сезім, бояуы қанық сурет, шыңыраудан шыққан асыл ой, күмбірлеген күй, әуезді жырлары тамылжып тұрар еді. Тұманбай Молдағалиев соңына мол жыр мұрасын қалдырып кетті. «Қазағым аман болса, мені жүз жылдан кейін  де тауып алады» деп ақынның өзі айтқандай, енді бастау алған мәңгілік жыр ғұмыры жапырағын жайып, жайқалып тұр. Тұмағаңның туған күні қарсаңында ұзақ жыл отасқан ақынның жары Күлтай Қасымқызымен  хабарласқан едік.

— Күлтай апай, алдағы Наурыз мерекесі, одан бұрын келетін Тұмағаңның туған күні құтты болсын!

— Рахмет, қарағым! Өздеріңе де бар жақсы­лықты тілеймін!

— Тұмағаң өмірден өткен алғашқы жылдардың өзіңізге жеңіл тимегенін   білеміз. Көңіл-күйіңіз қалай?

— Иә, қазақтың мықты бір азаматының шаңырағының отын өшірмей отырған жайым бар, қарағым. Тұмағаң қартайған шағында «Кемпірім мен бала-шағаның алдында алса, арманым жоқ» деп отыратын. Тұңғыш қызымыз Құралайдың қазасы көп мойытып кетті ғой. Өзі сондай балажан еді. Құралайына арнап, көп өлең жазды. «Менің де қайғымды өлеңмен көтеріп кеттің» деуші едім.

— Тұмағаңның көзі тірісінде араласқан жандар хабар алысып тұратын болар?

— Құдайға шүкір, жақын араласқан жандар шаңырағымызға келіп, телефонмен хабарласып, есендігімізді біліп тұрады. Алматы қалалық және облысы әкімдігінен, Жазушылар одағының басшысы Нұрлан ініміз, Берік Шаханов, Серік Қирабаев, Нұрғожа Ораз, Қуанышбай Құрман­ға­лиев, Қадірбек Сегізбаев, Қадыр досының отбасы, ауылынан Едіге жолдасы, «Балдырған» журна­лының қызметкерлері … құдай-ау, қайсыбірін айта берейін.

— Тұмағаңмен қай жылы отау құрып едіңіздер?

— Дәм-тұзымыз жарасып, 1956 жылы шаңырақ көтердік. Мен отаға­сынан  үш жас кіші едім. Алма­тыдағы шет ел тілдері инсти­тутының неміс тілі факуль­­тетін бітіріп, мек­тепте сабақ беріп жүріп, отбасы жағдайына байла­нысты жас балаларға қарап қал­дым. Кейіннен зейнет­кер­лікке шығардың ал­дында Ұлттық кітап­ханада еңбек еттім. «Біз екеуміз ғашық­тармыз қосыл­ған» деген өлеңі барын білетін шығарсың. «Үш әкенің, үш ананың ұлымын» деген өлеңінен көп сыр аңғаруға бо­лады. Үш ағасы­ның бәрі соғысқа кетіп, оралмады. «Ағаларым қайда екен?» деп жүріп, қайтыс болған дерегін кейіннен білдік. Әкесі Тұманбай, анасы Қамқа қартайған шағында біздің қолымызда қайтыс болды. Менің ата-анаммен өзінің туған әке-шешесіндей жақын сыйластықта болды. Әкем — Қасым, анам — Нәсиха атақты «Түрген»  асыл тұқымды мал зауытында ұзақ жыл еңбек етіп, екеуі бірдей Социалистік Еңбек Ері атанды. Әкем де балажан адам еді, өле-өлгенше еркелетіп, туған баласындай жақсы көріп кетті.

«Жаным апа, ел ішінде жүр аман,

Құдалықта, келісімде жүр аман.

Сені көрсе, өз анасын көргендей,

Қуанатын мен үшін де жүр аман» — деген өлеңі менің анама арналған.

— Тұмағаңның мұрасын жарыққа шағару жағы қалай болып жатыр?

— Келесі жылы наурызда Тұмағаңның туға­нына 80 жыл толады. Толық шығармалар жинағын шығарсақ деген арманымыз бар. Өзі де бұл жайында армандап кетті ғой. Тұмағаң қайтыс болғанына жыл толғанда жарияланбаған өлең­дерін жинақтап, «Жүрегімнің сөзі» деген атпен көлемді кітап шығардық. Естеліктер жинағын шығаруды «Балдырғанның» редакторы Дүйсен қолға алып жатыр.

— Күлтай апа, Ұлыстың ұлы күні ойлаған арман орындалады деп естиміз. Лайым ойлаған мақсаты­ңыздың жүзеге асуын газет оқырмандары атынан тілейміз. Қазақтың Тұмағаңдай мықты ақынының тірі көзіндей арамызда аман-сау жүре беріңіз!

— Айтқаның келсін, қарағым! Жер-дүниені жасартып, түрлендіріп келетін мұсылманша жыл басы Наурыз мерекесі сендерді де жаңа жетістік­терімен қуанта берсін деп тілеймін. Тұмағаң көктем келген сайын шабыттанып, жаңа жыр жазар еді. Ақынның жалынды жырлары халқының жүрегін жылыта берсін деп тілейік, әманда.

* * *

Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтың туған күніне орай  Алматы қаласындағы Амангелді көшесіндегі (Қабанбай көшесінің қиылысы) 30 жыл тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды. Мерекелік шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Астана мен Алматы қалаларының зиялы қауым өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақынның әріптестері мен туған-туысқандары қатысты.

 «Қазағым аман болса, мені жүз жылдан кейін  де тауып алады»

 Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *