Зерек жан

Зерек жан
Сурет: Тv.ua

Зеректіктің бастауы - пысықтықта

Қазақта «зерек адам», қала берді «зерек бала» ұғымдары ұшырасады. Мұның түпкі мағынасы қағылез, құйма құлақ болуға үндейді. Ата-ана перзентінің ибалы, инабатты, иманды болып өсуін қалайды. Сол жолда бар өмірден жиған-терген қасиеттерінің ұрпағының бойына сіңіруге тырысады. Осы арқылы зерделі тұлға қалыптастыруды мұрат етеді. Дегенмен, бұған жетудің соқпағы оңай емес.

Тарқату. Пәлсапалық ойларды қазақ тіліне тәржімалаушы Мырзагелді Кемел ағамыздың бірқатар аудармаларында осыған жауап табылады. Соның бірегейі - «Қабуснама» кітабы. Сонда Гилән Шах өзінің баласына бұл ғұмырдан түйген-білгенін, көргенін мысалдап жазып қалдырыпты. Соның ішінде «...Тәнің жас болса да, ойың үлкендікіндей болсын» деген мағынадағы ой айтылады. Былай қарағанда, зерек жүруге, ойлауға, қимыл-әрекет жасауға меңзейді.

Зеректік ептілікке бастайды. Бүгінгінің баласы - заманананың нағыз перзенті. Шетінен зерек, өнерлі әрі ойын ашық айтады. Ештеңеден қаймықпайды, жасқанбайды. Бәлкім, заманның шарты солай.

Түйін.  Уақыт бізді мүлде басқа арнаға бұрып жатыр. Бұрын естімеген, көрмеген нәрселердің өзі таңсық емес. Жас пен кәрінің айырмашылығы жоқ секілді. Осыны өз дәуірінде Майқы би, Мөңке би, Мәшһүр Жүсіптің болашаққа айтқан болжамдары іске асып жатқандай. Оны қазіргі тіршіліктен байқаймыз. Бәрін түйіндегенде, заманның адамы – зерек жан демекпіз.