БIЗ БIР ӘРIП ҮШIН қалай күрестiк?

100-4818-5Спорт хабарын қазақ тiлiнде сөйлеттi

Ұйықтап жатқам. Телефон шылдыры оятты. Ұшып тұрдым. Трубканы көтерiп, құлаққа тоса бергенде-ақ таныс дауыс естiлдi. Үнiнен абыржушылық байқалады. Жылдамдатып, асығыс сөйлегендiктен, қанша ойлансам да кiм екенiн ажырата алмадым. Сәлем-сауқаттың рәсiмiн де жасамады. өз ойын бiрден төктi.

– Сұлтанғали, ертең iссапарға кетушi едiм. Бүгiн түстен кейiннен бастап мазам кеттi. Орталық Комитеттегi бiр танысыма ызбандап едiм. Ол ешбiр қазақтың ойына кiрiп-шықпайтын тосын хабар жеткiздi. Сендер журналистiк пост құрып, күнде телевизиядан хабар берiп, құрылыс барысын экраннан көрсетiп жүрген биiк таудағы Медеу кешенi бар емес пе? Соның аталуын «Медео» деп өзгерткелi жатқан көрiнедi…

Осы сәтте ғана ұйқым ашылғандай болды. «Ме-де-о, Ме-де-о, Ме-де-о…» деп iштей күбiрлей бердiм. Трубкада сөйлеп тұрған адамның кiм екенiн ендi ғана танығандаймын.

– Мәке, сiз екенсiз ғой. Үйге телефон соқпаушы едiңiз. Оқыс оқиға болып қалды ма деп, шошынып едiм, үй iшiңiз аман ба?…

– Сұлтанғали, бәрi аман. Тек «Медеу» сөзiнiң «Медео» болып бара жатқаны жаман. Осы атауды естiген бойда ЦК-дағы бiраз таныстарыммен телефон арқылы сөйлесiп, бұлайша өзгертудi кiм бастағанын да анықтағандай болдым. Сенiң әрiптесiң көрiнедi. Сен менi тыңда. «Осы сөз үшiн ренiштерiн бұрынғыдан да тереңдетiп алар» деп, оның есiмiн айтқым келмеп едi. Бала емессiң. Жүз шайыспа. Ол тек ұсыныс жасаушы ғана. Жер-су атауын ол емес, Орталықтағы дөкейлер бекiтедi. Сондықтан…

– Орталықтағылар осылай ұйғарса және Мәке, Сiз сияқты аса беделдi азаматтар өз пiкiрiн өткiзе алмай жатса, сiздермен салыстырғанда мен кiммiн соншалық?! Менiң сөзiмдi құлағына қыстырмайды ғой.

– Дұрыс айтасың. Бiрақ, сен бұл iске басқа жағынан кiрiсуiң керек. Осы сөздi арқау етiп, спорт хабарларыңда ретiн келтiрiп, жиi-жиi айтып, көрермендердiң назарын аударсаң деймiн. Тек өзiң ғана айта бермей, хабарға қатысқан адамдарға сұрақ берiп, «Осы дұрыс па?» де. Спорт жанкүйерлерiнiң пiкiрiн сұра! Көше жүргiншiлерiнен интервью ал. Медеу кешенiне барып, сондағы қазақ жұмысшылары мен қызметкерлерден сөз тарт. Спорт мамандары бұл атауды қалай қабылдар екен? Оларға да ой сал. «Медеу» деу керек пе, әлде «Медео» дегенiмiз дұрыс па? – деп сұрақты төтесiнен қойды. Стадион атауы әлi ресми түрде бекiген жоқ. Жұрт «Медеу» атауының «Медео» болып өзгеруiне қарсылық бiлдiрiп жатса, орталықтағылар райынан қайтар. Осыдан басқа амал қалған жоқ. Түсiндiң бе? Сен мұны партиялық тапсырма деп ұқ!…

– Мен коммунист емеспiн ғой.

 – Е, онда тiптi жақсы! Саған партиялық пәле-жәле жуымайды. Судан құрғақ шығасың. Бұл Мифтақ ағай едi. Жантикин. Орталық Комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнде ұзақ жыл қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бiрнеше ордендермен марапатталған. Көпшiл. өзi соншалық әңгiмешiл. Орыс тiлiнде айтылатын анекдотқа жүйрiк. Ол оны бiр бастаса, сол жерге жұрт тез жинала қалады. Мифтақ ағаның дауыс ырғағы сондай әңгiмеге лайықты. Жұрт қыран-топан күлiп жатқанда өзi тек езу тартады да қояды. Қашан көрсең де көз жанарының күлiмсiреп тұрғанын аңғарасың.

Мен Мәкеңдi бұрын сырттай ғана танитынмын. Кенжеболат Шалабаев Орталық Комитеттен Қазақ теле-радио комитетiне төраға болып ауысқаннан кейiн арада бiр жыл өтер-өтпестен осы Мифтақ Жантикиндi радиоға шақырған. Сол кезден бастап бiлем. өзi спорт жанкүйерi. Әсiресе, футбол мен допты хоккейдi ұнатады. Репортаждардың қазақша жүргiзiлуiн пәрмендi қолдағандардың бiрi осы Мифтақ ағай. «Олай сөйлеме, былай сөйле» деп ақыл-кеңес бередi. Алдын-ала келiскен ғой деп ойлаймын Мифтақ ағайға бастық бiрден жаңа жұмыс жүктептi. Мәскеудегi «Маяк» радиосы сияқты «Шалқар» бағдарламасын ашып, соны басқарасың дегенге ұқсайды.

Кенжеболат өте ақылды, өте iскер кiсi едi. Ол «Шалқар» бағдарламасын ашу арқылы соның есебiнен ауылдық жерге таратылатын қазақ тiлiндегi хабарлардың көлемiн ұлғайтпақ болған. Мұны өзi ашып айтпаса да ұжымдағы қарадомалақтар астарын сезiп, Кенжеболат ағаны iштей жақсы көре бастады. Шынында да, бастықтың ұлтжандылығы өзгеше едi ғой. Оның тұсында теле-радиода қазақылыққа қатысты бiр жаңа идея туындаса, ол оны бiрден қолдай қоймаса да, бiрте-бiрте жүзеге асыратын. Әуелi радиода, содан арада бiр жыл өткен соң теледидарда арнайы бөлiм ашып, бұрын тек бiр тiлде – орыс тiлiнде берiлiп, құлақ сiңiстi болып қалған спорт хабарларын қазақ тiлiнде сөйлеткен осы Кенжеболат Шалабаев едi.

Бастықтан тапсырма алған Мифтақ Жантикин Мәскеуге жиi барғыштады. Орталық радиодағы «Маяк» бағдарламасының iс-тәжiрбиесiн терең зерттеп, соның қазақ тiлiнде берiлуiнiң үлгiсiн жасады. Қазiргi «Шалқар» сол Мифтақ ағаның жоба-жоспарынан бастау алғанын ұмытпауымыз керек. Кенжеболат аға «Шалқар» бағдарламасын қаз тұрып кеткенге дейiн назардан тыс қалдырмады. Лездеме сайын өзi сөйлеп, бағдарламаның жетiстiк жағына айрықша тоқталатын.

Мифтақ ағай екi тiлге де судай. Содан оны Брежнев тұсында өткен бiр съезге күллi Қазақстанның журналистерi атынан хабар берiп тұруы үшiн бiрегей етiп Мәскеуге жiбердi. Әттең, нақ осы тұста Мәкең ыңғайсыз жағдайда болды. Естуiмiзше, Польша журналистерiмен дастарқан басындағы әңгiмеде «Бiз соғыста Польша жерiн керзi етiкпен таптап өттiк…» дегенге ұқсайды. Соны кек тұтқан Польша журналистерi съездiң Президиумына ресми түрде наразылық хат түсiредi. Осыны желеу етiп съездiң басықасында жүрген СОКП Орталық Комитетiнiң шенеунiктерi Мәкеңдi 24 сағаттың iшiнде Мәскеуден кетуге мәжбүрлейдi.

Сол тұстағы Алматыда өрбiген өсек-аяңға құлақ түрсең, тiптi қорқынышты. Ол кездегi партия съездерi 5-6 күнге созылатын. «Съезд бiткен соң мәселесi Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетiнде қаралады екен… Партия билетiн алады екен… Соттайды екен… Жер аударуы да мүмкiн… Байғұсқа қиын болды ғой… Таяқтың бiр ұшы Кенжеболат Шалабаевқа да тиетiн шығар. Ол төрағалықтан түсiп, партиялық жазасын алады, әрине…», – деген гу-гу әңгiме ұзаққа созылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң көптеген қызметкерлерiмен, әсiресе, бiрiншi хатшы Дiнмұхамед Қонаевтың жеке өзiмен өте жақсы, адами қарым-қатынаста болған Кенжеболат аға сол тұста өзiн ұмытып, Мифтақты қорғап, арашаға түскенiн ұжымдағы құлағы түрiк азаматтардың бәрi айтып жүрдi. Ақыры, Мифтақ аға қанқұйлы жазадан аман қалды. Кенжеболат аға да қызметiн жалғастыра бердi.

Осындай қиын-қыстау сәтте Шалабаев адамгершiлiктiң тағы бiр үлгiсiн көрсеттi. «Қауiп-қатерден құтылдың. Ендi жұмысқа шықө» демей ме. Кенжеболат аға өзiнiң достық пейiлiн бiлдiрiп, Мифтақ ағаны қызметiне кiрiсуге бiрден шақырмай, психологиялық жағынан қалпына келуi үшiн (Кенжеболат ағаның маған да дәл осындай жақсылығы болған) екi-үш ай үйден шықпай отыруына жағдай жасады.

Гу-гу, ду-ду әңгiменiң бастапқы серпiнi семiп, съезд қарарларымен қаруланған жұрт еңбекке қызу кiрiсiп жатқан күндердiң бiрiнде Мифтақ ағай қызмет үйiнiң сыртқы есiгiнен кiрiп келдi. Оның сол сәттегi реңiн көрсең. өң жоқ, түс жоқ, сұп-сұр. Бұрын қараторының әдемiсi едi. Бетi әжiм сызықтарынан ада болатын. Ендi жағы солыңқы, қабағы түсiңкi. Бiр кiнәлi адамдай бишаралық күй кешкендiгi көрiнiп тұр. Бұрынғыдай жарқын мiнезiн танытқысы келетiн-ақ сияқты. Соның өзiнде қымсынғаны байқалады. Мифтақ ағаның сол кездегi жүдеу де аянышты кейпi әлi күнге дейiн көз алдымда.

Партияның алдында қиянаты бар деп шеттетпей, оған жұрт бұрынғысынша бауырмалдық, iзгi iлтипаттық танытты. Ұжымның өзiне деген ыстық ықыласын сезiнген Мифтақ ағай баяғы қалпына тез келдi. Ендi, мiне, бiрiншi рет маған телефон шалып, өзiнiң нағыз ұлтжандылығын аңғартып отыр.

– Сұлтанғали, спортты телевизиядан көретiн жанкүйерлердiң бәрiне бiрдей ұнамасың анық. Бiрақ, олар сенiң ана тiлiмiзде сөйлегенiңдi қолдайды. өз үлесiңдi – қазақ үлесiн таласып алып жүргенiңдi түсiнедi. Мына «Медеу» деген сөздi «Медео» деп өзгертуге қатысты жұрттың қарсы пiкiр бiлдiруi сенiң ұлттық ұстанымыңа дөп келедi. Сол себептi саған да арнайы хабарласып жатқаным ғой. Терең түсiнө – деп аяқтады Мифтақ аға телефондағы сөзiн.

Мен қайбiр сыр сақтағыш адаммын. «Мифтақ ағай iссапарға кетер алдында телефон соқты» демесем де биiк таудағы мұз айдыны кешенiнiң ресми атауы «Медео» боп өзгеретiнiн, осылай аталуына әрiптесiмнiң едәуiр ықпал еткенiн кездескен таныстарыма айта бастамаймын ба, жерден жетi қоян тапқаңдай.

Медеу құрылысына журналистер де елеулi үлес қосты

Олар ондағы жұмыс барысын газеттерде жазды, эфирде әңгiмеледi. Ал, бiз, теледидар қызметкерлерi, бұл iске тiптi басқа сипатта бiлек түре кiрiстiк. Спорт редакциясы Медеуде комментаторлық бекет (пост) құрды. Бүл бастаманы көтерген және пәрмендi үйымдастырған, обалы не керек, Владимир Давыдович Толчинский едi. Арнайы оператор бөлiндi, көлiк бөлiндi. Алғашқы күндерi сәтсiздiкке үшырадық. Биiк тауға көтерiлгенде оператор Коптевтiң қан қысымы артып, мұрнынан қан кеттi. Жазда қатынау қиын емес едi. Қыста, әсiресе, аязды күндерi жеңiл көлiк тайғанақтап, тауға шығу оңай болмады. Теледидар басшылары оны да шешiп бердi. Сөйтiп, түсiрiлген сюжеттi күн сайын көрсете отырып, Медеу құрылысының барысын әңгiмеледiк. Мамандар шақырып сөйлеттiк. Арнайы хабар жасап, мұз айдынының тарихын қозғадық. Ол кезде Медеудiң атын өзгерту ешкiмнiң де ойына кiрiп-шыққан жоқ-ты.

Құрылыс аяқталды. Онда конькиден тұңғыш рет Еуропа чемпионаты өткiзiлетiн болды. Мiне, нақ осы тұста стадионды қалай атау жөнiнде Орталық Комитетте сөз болғанға ұқсайды. Үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi (есiмi жадымда жоқ) «Медеу» деген кiм өзi? Революционер болмаса, қоғам, партия қайраткерi болмаса, оны дәрiптеудiң не қажетi бар? Әрi айтуға да ауыз жуыспайды екен…» дептi-мыс. Соны естiген Толчинский «Медео» десек қайтедi? Еш мүдiрмей жеңiл айтылады. Шетелдiктерге де оңай», – десе керек ақылгөйсiп. Осыған келiскен Орталық Комитеттiң үгiт-насихат бөлiмi «Медеу» кешенiнiң маңдайшасына осы сөздi «Медео» деп үлкен әрiппен жазып қоюға рұқсат бередi. Мифтақ ағай мұны дәл сол күнi естидi. Сөйтiп, дабыл қағады. Мен Владимир Давыдовичтi бұрын ұстаз тұтатынмын. Ол өз iсiне өте жетiк маман. Бүкiлодақтық дәрежедегi футбол төрешiсi, дауысы эфирде таза да тұнық, ашық та айқын естiледi. Сөзi жатық. Көп алдында болып жатқан алаңдағы көрiнiстердi дәл жеткiзедi. Бұрын тек бiр тiлде – орыс тiлiнде репортаж берiлгендiктен, Толчинскидi спорт жан-күйерлерiнiң бәрi танитын, бәрi жақсы көретiн.

Мен әу баста одан көп үйрендiм. Оның әр сөзiне ден қоюшы едiм. Бiрақ, әлгiндей оғаш бастамасын «Медеудi» «Медео» деп өзгерту туралы ұсыныс жасағанын естiгенде қатты қапаландым. Қазақта «Бiр қарын майды бiр құмалақ шiрiтедi» деген мақал бар. Оны жақсы көруiм, пiр тұтуым ендi тұмандана бастады. Бұрын қазақ кадрларының спортта өте аздығына қатысты әңгiме өрбiгенде, қазақ тiлiндегi спорт хабарлары оның тiкелей араласуымен, еш себепсiз бағдарламадан түсiп қалып жатқанда ашынып, қызылкеңiрдек болып қалатынымыз бар-ды. Сондайда қаның таситын. Намысқа тырысатынсың. Бiрақ, оны кек тұтпай, пейiлiмiз теп-тез шайдай ашылып кете баратын. «Мұның бәрi күнделiктi қызметiмiзге байланысты пiкiр таласы ғой…» дегендей ойға келiп, өзiмнiң албырттық өрепкуiмдi тежеп жүретiнмiн. Алайда, бұрын аңғармаған олқылықтар ендi көзге түсiп, қоюлана бердi. Ең бастысы, жергiлiктi ұлт өкiлдерiмен қаншама сырттай тату-тәттi болып жүрсе де қазақ тiлiн жек көретiндiгi менi таңқалдырды. Онысын ашып айтпаса да, «Спорт хабарларын, әсiресе, спорт репортаждарын қазақ тiлiнде берудiң қажетi жоқ. Қазақтар орыс тiлiн жақсы түсiнедi, жақсы бiледi. Сондықтан, репортаждарды Ленин тiлiнде, Пушкин, Толстой тiлiнде жүргiзудi қолдауларың керек…» деген пiкiрiн лездемелерде айтқанымен қоймай, кез-келген таныс, дос-жарандарының құлағына құятындығы сезiлдi. Осындай пiкiр қозғаған «домалақ» хаттар жиi келетiн болды. Тiптi, Фрунзе (қазiргi Бiшкек) қаласынан да түстi (соның бiрi әлi күнге дейiн қолымда сақтаулы).

Қажымұқанның орнына Октябрь өтiп кеттi

Мұндай айла-шарғыға да мән бермес едiм, егер әрiптесiмнiң ұлттық тiлге қатысты ғайбат сөздерi iспен дәлелденiп жатпаса. «Алматыдағы орталық стадионға Қажымұқан атын берейiк» деп мәселе көтерiп, газетке материал дайындадық. Оның да жолын кестi. 1966 жылы жасанды мұзы бар спорт сарайы iске қосылғанда да Қажымұқанның атын тағы еске алдық. Оған да тосқауыл қойғаны құлағымызға жеттi. Бiрақ, ол бұл жолы қиыннан жол тапты. Спорт сарайын «Октябрьдiң 50 жылдығы атындағы» деп атауды ұсынып, мақұлдатты. Бұл 1967 жылы аталып өткен Кеңес одағының 50 жылдығына сайма-сай, тұстас келдi де, бiрден жұрттың аузы жабылды. «Мұндай iс-шара Владимир Давыдовичтiң құзырына енбейдi ғой» дер кейбiреулер. Иә, солай. Бiрақ, қазақ тiлiне жаны ашымағаны анық. Iзi сүттен ақ, судан таза болса бiр сәрi ғой. Эфирге отырып, кез-келген статистикалық деректi еш ойланбастан, қалай болса солай айта салатын. Бұрын ондайын байқасам да, аса мән бермейтiнмiн. Ендi сезген бойдан тура бетiне айтудан тартынбадым. Сыпайылап түзеткенiм репортаж кезiнде талай рет эфирге кеттi. Оны жұрт осы уақытқа дейiн ұмытпай айтып жүр. Сынды кiм ұнатушы едi, тәйiрiө Кикiлжiң қаспақталып, қалыңдай түстi. Мiне, нақ осы шақта «Медеу» сөзiн «Медео» деп атауды ұсынып, Орталық Комитеттегi таныстарына мақұлдатып жiбердi. Бiз қаншама шырылдадық, күңiрендiк. Қазақ тiлiн қорғаймыз деп жүрiп, ашу ызамен артық-кем сөз айттық.

Сол тұста көп сөздiктi парақтадым. Әр саланы қамтитын 100-ге жуық сөздiк-кiтап сатып алдым. Мен өзге журналистерге ұқсамаймын. Қанша дегенмен, тiл-әдебиет факультетiнде оқыдым ғой. Жәй қатардағы студент емес, Абай атындағы стипендиатпын. Тiлдi түп-тұқиянын қалдырмай, жетi атасынан бастап қаужайладым. Қазақстанның тiл мамандары жазған кiтаптарды былай қойғанда, есiмдерi әлемдiк лингвистикада құрметпен аталатын Малов, Ефремов, Виноградов, Радлов, Трофимов сияқты ғұламалардың еңбектерiне көз жүгiрттiм. Сондағы оқығандарым әсер еткенi анық, «Орыс тiлi – империя тiлi. Ол саны аз ұлттың тiлiн жұтып қояды» деймiн. Журналдан не «Известия» газетiнен оқысам керек, бiр грузин ғалымының «Орыс тiлiнiң енуi осы қарқында жүре берсе, грузин тiлi 250 жылда жойылады» дегенiн де тiлге тиек етем. «Қазақ тiлi – бай тiл. Оның синонимдiк қатары мол, мысалы «бет» деген сөздiң орыс тiлiнде 4-5-ақ баламасы бар: лицо, хара, рожа, морда, физиономия» деймiн де, соңғысын «орыстың төл сөзi емес, басқа тiлдiң әсерiнен жаңа мағынаға ие болған» деймiн Крюкованың синонимдiк сөздiгiн оқығандығымды сездiргендей. «Орыс тiлiнде шет ел сөздерi өте көп. Оның бәрiн орыс тiлiнiң төл сөзi екен деп, қабылдай беруге болмас» деп, өзiмше мысал-дәлел келтiрген болам. Оның тiлдiк қорындағы сөздердiң 40 пайыздан астамы шетелдiк атаулар деп, әдебиет терминдерiнiң денi – француз тiлiнен, музыка терминдерi – итальян тiлiнен, тау-кен өндiрiсiнiң терминдерi мен әскери терминдер – немiс тiлiнен, медицина терминдерi – латын, грек тiлiнен, су-теңiз өндiрiсiнiң терминдерi – Нидерланды, швед тiлiнен, бизнес, спорт терминдерi – ағылшын тiлiнен енгендiгiн еске салып, дәлел келтiрген болады. Тағы бiрде орыс тiлiнiң бiздiң тiлден асып бара жатқандай ешнәрсесi жоқ екенiн айтып, «Бұл тiлде бiрер одағай сөз (междометия) болмаса, «а» әрпiмен басталатын бiрде-бiр сөз жоқ» деймiн ашынып. «Сiздер бiздiң Олжас, Отан… деген сияқты әп-әдемi атаулық сөздерiмiздi Алжас, Атан… деп масқаралап жүрсiздер. Сiздер сан жағынан аз ұлттың сөздерiн қадiрлеудi ұмыттыңыздар! – деп жеке әңгiмеде әрiптесiмнiң бетiн қайтарған боламын.

Осындай дәлелдерiм оған жаға қойсын ба?! «Ұлтшылсың!» дедi қарсылығын саясатқа бұрып. Бұл сөзден сол кездегi әкiм-қаралардың бәрi қорқатын. Мен оны шовиниссiң деуге батылым бармады. Өткен ғасырдың 70 жылдары «ұлтшыл» деген сөздiң жаңа синонимдiк сыңары тiлдiк қорға қосылды. Ол «ұлтжанды» деген сөз. Мен ендi «ұлтжандымын» деп қорғандым. Әрiптесiм бұған да қаймықпады. Сәтi түскенде, әсiресе, қазақ тiлiне қатысты пiкiрталас өрбiгенде менi тобықтан қағудан тартынбады.

«Қазақ тiлiнде «О»-мен аяқталатын бiрде-бiр сөз жоқ. Сiз бiздiң тiлдiң iшкi сипатын бiлмей, оны өзге тiлдiң ыңғайына бұрасыз» деймiн ашуға булығып. Осының бәрi тоғысып, ендi Медеудiң «Медео» болып өзгеруiне келiп тiрелдi.

Бiр өкiнiштiсi, тiлге қатысты өрбiген осы даудамайда мен кейде жалғыз шырылдағандай күй кештiм. Рас, лездемелерде бар орысшамды сарқа пайдаланып, әдеп сақтап жәйлау сөйлесем, кабинеттегi пiкiр таласында дауыс көтерген кезiм болған-ақ шығар. Бiр ғажабы, сондайда өзгелер үнсiз. Әрiптесiм өз ойын дәлелдеп, орыс тiлiнiң құдыреттiлiгiн баса айтып, қазақ тiлiн түкке тұрғысыз етiп жатса да, тiптi «Қаратаев – ұлтшыл» деп жатса да оның аузын ешкiм жаппады, жапқысы да келмедi. «Жоқ, сен қателесесiңө» десе, қазiргi көзi тiрi әрiптестерiм айтсыншы. Мен оларға ренжiмеймiн. Коммунистiк заман ғой. Қызметтестердiң, әсiресе, басшылардың денi осы партияға мүше. Олар отызыншы жылдардағы қуғын-сүргiндi бастан кешiрмесе де, оның суық ызғарын менен көрi көбiрек сезiндi. Саясатқа қатысты әңгiме өрбiсе, дау-дамай туындаса, «Аш пәледен қаш пәле» дегендi ойға перделеп, үнсiз қалады. Ал, жиын аяқталып, сыртқа шыққанда, кабинеттегi пiкiр таласы саябырсығанда, оңаша қалғанда олар қолдаған болып, қайсыбiрi арқамнан қағып, қолымды қысып, «Жақсы айттың! Iте дұрыс айттың!» деседi. Қолпаштап. Мен соған мәз боп кете барам.

Қазақта «Әңгiмеден әңгiме туындайды» деген мәтелдiк сөз тiркесi бар. «Медео»-ға қатысты пiкiр таласы осылай жұлқысып, осылай белдестi. Сынбадык, тiзе бүкпедiк, тек майыстық. Сол тұста күле қарап «Үрит соқ! Қай жеңгенiң менiкi!» дегендей сыңай танытқандар да болды. Олар ана тiлiнде таза сөйлеп, таза жазатын, бiлiктi, бiлiмдi болса да қазақ тiлiнiң жоғын жоқтамады. Тiлге қатысты кез-келген жағымсыз көрiнiске көнбiстiк танытты. Бұл үшiн әрiптестерiңдi кiнәлай алмайсың, әрине. Себебi, кезең солай. Тiптi Владимир Давыдовичтi сол коммунистiк заман туғызып, тәрбиеледi. Ол қазiр арамызда болсыншы. Сөз жоқ, қазақ тiлiнiң мемлекеттiлiгiн қолдар едi. Iзге әрiптестерiм де сол кездегiдей жалтақ көз болмас едi. Ал, бiз Жантикин Мифтақ ағаның бiр ауыз сөзiн қолдап, дуылдадық, шуылдадық. Бiр әрiп үшiн осылай күрестiк.

Сол күресiмiзге Тәуелсiздiк нүкте қойды. 1976 жылдан 1991 жылға дейiн қаспақтанған «Медео» жазуы биiк таудағы стадионның маңдайынан сүртiлiп тасталды. Шүкiр делiк.

Осындайда қазақ тiлiнiң бiр жұрнағы үшiн қалай күрескенiң де еске түседi екен. Оны кейiнге қалдыралық.

Сұлтанғали ҚАРАТАЙҰЛЫ,

қазақтың тұңғыш спорт комментаторы,

Қазақстан спортының құрметтi қайраткерi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *