БИЫЛ ЕЛІМІЗДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛАДЫ?

Елімізде Жастар жылы басталды

2019 жылды Жастар жылы деп жариялау туралы Президент Жарлығы шықты. 2019 жылды Қазақстан Республикасында Жастар жылы деп жариялау туралы бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Президент өзінің халыққа арнаған 2018 жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын қолдау шаралары мемлекеттік саясаттың басымдығына айналу қажеттігін айтқан еді.

«Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Елімізде сырттай оқу түрі тоқтатылады

2019 жылдан бастап сырттай бөлімге студенттер қабылдан­байды. Дегенмен, сырттай оқудың баламасы ретінде «part tіme» жүйесі қарастырылып жатыр. Оның ерекшелігі, оқу кестесі студенттің ыңғайына қарай қойылады. Мәселен, жұмыстан кейін немесе демалыс күндері. Мұндай жағдай таңнан кешке дейін қолы босамай­тындар үшін қолайлы болмақ.

Алматыда электр энергиясының тарифтері төмендейді

Электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы бағалардың өзгеруіне байла­нысты «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС 2019 жылдың 1 қаңта­рынан бастап электр энергия­сына тарифтердің төмендегені туралы хабарлайды.

Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушылары үшін электр энергиясына экономикалық негізделген тариф ҚҚС-сыз 1 кВтс. үшін 15,90 теңге (12% ҚҚС-мен 1 кВтс. үшін 17,81 теңге).

 

Суық судың тарифі 10 пайызға арзандайды

1-қаңтардан бастап 55 теңге 56 тиын болған 1000 литр судың бағасы 50 теңге болады.

 

Информатика пәні 1-сыныптан оқытылады

2018 жылы информатика пәні 3-сыныптан басталған еді. «Цифрлық Қазақстан» бағдар­ламасы аясында информатика сабағы 2019 жылдан бастап 1-сыныптан оқытылады. Олардың бағдарламасы дайындалып жатыр.

Сексеуіл кесуге тыйым салу мерзімі ұзартылды

Қазақстанда сексеуіл кесуге тыйым салу мерзімі тағы 5 жылға ұзартылды. Бұған дейін мұндай шектеу еліміздің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы негізінде 2015 жылдан 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілген болатын. Бұл шара елімізде сексеуіл плантацияларының көлемін арттыруға мүмкіндік бермек. Бүгінде Сыр өңіріндегі орманды жерлердің 87 пайызында шөлге шыдамды ағаштың осы түрі өседі.

191 мың қызметкердің жалақысы көтерілді

ҚР Денсаулық сақтау минис­трлігі Елбасының биылғы Жолдауын іске асыру аясында барлық мемлекеттік ұйымдарда ұйымдастырушылық-құқықтық нысанға қарамастан денсаулық сақтау жүйесіндегі еңбекақысы аз лауазым санаттарының 191 мың жұмысшының жалақысын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап көтерді. Бұл тұрғыда 17 мыңы азаматтық қызметшілерге жататын мемлекеттік ұйымдардың және қазыналық кәсіпорындардың жұмысшылары, сондай-ақ 174 мыңы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері.

Жаңа жылдан бастап елімізде темекі бағасы қымбаттады

Енді бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 380 теңгені құрайды. Ал дүкен сөрелеріндегі ең қымбат темекі құны 600 теңге. Мұндай өзгерістер фильтр­лі және фильтрсіз шы­лымға, сондай-ақ папиростарға қатысты.

Айта кетейік, жалпы елімізде темекі бағасы жарты жыл сайын 20 теңгеге қымбаттап отыр.

2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталы ақылы болады

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның мемле­кеттік сатып алу порталы ақылы болды. Жаңа ереже «ҚР мемле­кеттік сатып алу мен мемле­кеттік сыңайлы сала сатып алушыларының субъектілері жөніндегі кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» Заңында қарастырылған. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу сайтына рұқсат алу үшін әлеуетті тапсырыс алушы қажетті келісім-шарт пен төлем жасауы қажет.

Клиенттер портал қызметі үшін төлемді жылына бір рет жасайды. Ол өтінімнің жоғарғы құнымен немесе жасалған келісімен анықталады.

Пошта қызметіндегі өзгеріс

2019 жылдың 1 қаңтардан бастап пошта арқылы жөнелті­летін жеке тұлғалардың барлық сәлемдемелері мен хаттары ашық күйінде қабылданады.

«Жеке тұлғалар жіберетін барлық тіркелетін пошта жөнел­тілімі «Пошта туралы» ҚР Заңының 39-бабы 2-тармағына сәйкес ашық күйінде қабылданады (тіркелмей­тін хаттарды қоспағанда). Заңды тұлғалардың хат-хабар­лары бұрынғыша ашық және жабық күйінде қабылданады» делінген «Қазпошта» АҚ баспасөз мәліметінде. Белгілі болғандай, бұдан былай барлық тапсырыс хат, бандероль және құндылығы жарияланған хат, сондай-ақ сәлемдемені пошта байланысы бөлімшесіне ашық күйінде әкеледі. Бұл ретте, пошта операторы пошта жөнелтілімдерін қабылда­ғанда, жөнелтушіні сәйкестендіруі және оның деректерін тіркеуі керек. Сонымен қатар, жөнелтуге тыйым салынған заттардың мазмұны үшін сәлемдемелерді тексерудің мүмкін болмауына байланысты бұл қызмет пошта бөлімшелерінде жүргізілмек. Жалпы, бұл шаралар пошта қызметкерлерінің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып отырғандығын айтуда.

Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығатын жасы ұзарды

Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап 59 жас болды. Қазіргі уақытта ерлер зейнетке 63 жасында шығады. Ал әйелдердің зейнет жасы, зейнетпен қамтамасыз ету тура­лы қабылданған заңға сәйкес, жыл сайын алты айға ұзарып отырады. Әйелдердің зейнет жасы бірінші рет 2018 жылдың 1 қаңтарында көтерілген еді – 58,5 жас. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 59, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 59,5, 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап – 60 жас. Осылайша әйелдердің зейнетке шығу жасы 2027 жылға дейін өсіп отырады да, қорытындысында 63 жасқа дейін ұзарады. Айтпақшы, қазақстандық азаматшалар қажетті соманы жинаған жағдайда 50 жасында-ақ зейнетке шыға алады. 2018 жылы бұл цифр 13,5 миллионға жеткен. Ал кейбірі зейнетке ерте шыға алады. Заңға сәйкес, бұл норманы экологиялық қауіп аймағында тұрған, бес немесе одан да көп бала туған немесе асырап алған жағдайда қолдана алады. Асырап алған балалардың жасы 8-ге дейін болуы керек, сонда ғана әйелдер 53 жасында зейнетке шыға алады.

Жәрдемақы мен зейнетақы төлемі және жалақы мөлшері артты

2018 жылы ең төменгі зейнетақы базалық зейнетақы­ны есепке алмағанда, 33 745 теңге болатын. Енді 2019 жылдан бастап 36 108 теңге төңірегінде беріледі. Өткен жылдан бастап базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне қарай төлене бас­тағаны мәлім. Негізінен, орташа зейнетақы көлемі – 80 мың теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ, ең төменгі айлық көлемі 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтерілді.

Ал 1-топтағы мүгедектердің күтушілеріне бұған дейін науқас 18 жасқа келгенше ғана жәрдемақы төленіп келсе, биылдан бастап оның мерзімін өмір бойына ұзартты. Оған қоса, күтушінің мүмкіндігі шектеулі жанға қарағаны еңбек өтілі болып есептелінеді.

2018 жылғы ең төменгі зейнетақы базалық зейнетақыны есепке алмағанда – 33 мың 745 теңге.

2019 жылы – 36 мың 108 теңге.

Ең төменгі зейнетақы – 15 мың 274 теңге.

Орташа зейнетақы – 81 мың теңге.

2018 жылы ең төменгі айлық – 28 мың теңге.

2019 жылы – 42 мың 500 теңге.

Алматы қаласында шамамен, 1 мыңға жуық адам осы жәрдемақыны алып отыр. Бұл жерде алатын жәрдемақының сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 пайызын құрайды. Бұл – 29 699 теңге. Жалпы, зейнетақы мен жәрдемақы алатын адамдардың саны Алматы қаласы бойынша 560 мыңға жуық. Бүгінгі таңда орташа зейнетақы 81 мың теңге болып отыр.

Балалардың шет елге шығатын паспорты болуы тиіс

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ата-аналар шет елге шығу үшін құжатқа балала­рының суретін жабыстыра алмайды. Заңға енген өзгеріске сәйкес, әлемдік талапқа сай терроризм мен экстремистік қауіптің алдын алу мақсатында осындай талап қойылды. Бұл ереже көп елде қолданылатын болады. Көп елдің кедендік постында адамды нақтылау үшін сандық суретін қолданады. Саусақ ізін алып, көз жанарымен тексереді.

Енді Шенген аймағындағы Еуропа елдері, АҚШ; БАӘ-де 16 жасқа толғандардан арнайы паспорт талап етеді.

Қазақстанда 2018 жылы енген жаңа салық заңына сәйкес, шекара паспортының құны екі есеге өсті. Бұған дейінгі тиісті 9 076 теңге, 19240 теңгеге жетті.

2019 жылы Қазақстан халқы 119 күн демалады

Қазақстандықтар ең көп демалатын күндер наурыз айында – 14 күн, ал желтоқ­санда 12 күн демалатын болады. Мамыр мен қаңтарда ел тұр­ғындары – 11 күн, маусым мен тамызда –10 күннен, шілде, қыркүйек және қарашада – 9 күннен, ақпан, сәуір және қазанда – 8 күннен демалады.

ҚР «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасында ұлттық және мемлекеттік мереке атап өтілетін күндер елдің еңбек заңнамасына сәйкес мерекелік күндер болып саналады.

Ұялы байланыс қызметтеріне жаңа тарифтер

Ұялы операторлар интернет-қызметтердің бағаларын 5-тен 50 пайызға дейін төмендетеді. Атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтік жоспарды енгізе­ді. Бұл алдыңғы жоспарға қара­ғанда 5 пайыз төмен. «Каз­транс­ком» компаниялары абоненттерге қосылу бағасын 50 пайызға дейін төмендетеді. Ай сайынғы төлемге 10 пайыз жеңілдік және ғаламтордың ай сайынғы төлемін 15 пайызға төмендетеді.

Салықтық амнистия

Жаңа жылдан бастап орта және кіші бизнеске салықтық рақымшылық жасалады. 1 қа­зандағы мәліметке сәйкес, кіші және орта бизнестің 90 мың субъектісі 294 млрд. теңге қарыз. Егер 178 млрд. теңге қарызы келесі жылға дейін өтелетін болса, 111 млрд. теңге мен 5,8 млрд. теңге айыппұл алынып тасталады. Рақымшылық келесі жылдың 1 қазанына дейін өтелуі тиіс. Бұл акцизді  және мұнай саласындағы өндірушілерге қатысты.

Электрондық еңбек келісім-шарттары

2019 жылы электрондық еңбек шарттарын есепке алу жүйесі іске қосылады. Қызмет­керлерге арналған электрондық еңбек шарттарын есепке алу жүйесін енгізу еңбекпен қамту процесін жеңілдету болып табылады: құжаттар жинаудың қажеті жоқ, өтініш берушінің жеке мәліметі автоматты түрде қалыптастырылады. Осылайша қабылданған шаралар елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізеді: мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру есебінен, азаматтар мен мемлекеттің жыл сайынғы шығыстары 600 млн. теңгеге қысқартылады. Электрондық кадрлармен жұмыс істеуді басқару арқылы кәсіпорындар өз шығынын жылына 1 млрд. теңгеге дейін төмендете алады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *