БИЛІКТІҢ ЗӘРЕ-ҚҰТЫН ҚАШЫРҒАН ҚАЛЛЕКЕЙ

немесе естеліктер қалай жазылып жүр?

Қали СӘРСЕНБАЙ

«Ана тілі» апталығы академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ғалым Серік Қирабаевтың ғұмырбаяндық эссесін жариялап жатыр. Эссенің құндылығы мынада: академик өз басынан өткен өмірбаян, өнербаян тарихын шып-шырғасын шығармай шыншыл баянда­уында. Ертең көзі кеткен соң осындағы бұлжымас деректер мен дәйектерді біреулер өтірік айтуы да мүмкін ғой. Бұл ұлт әдебиеті мен өнерінің шы­найы көркем шежіресі. Мұндағы әрбір оқиғаның қай-қайсысы да нанымды, иланымды дерек­термен әрленіп, нәрленіп берілген. Бұл дүниені былайша айтқанда, мінездер энциклопедиясы деуге де болады. Мұнда біздің заманымыздан сәл бұрынырақта өмір сүрген бірегей, тұлғалы азаматтардың қиын тағдыры, бізге беймәлім қыр-сыры айқындалады. Өзіңіз кездеспеген, кездесуге сәті түспеген тұлғалар турасындағы таным-түсінігіңіз кеңейеді. Кейде бәзбір естеліктер өкпе мен ренішке толы болады. Оқып отырып ұялатын жағдайлар да кездесіп қалады. Біздіңше, мемуарлар өткеннің көлеңкелі тұстарын ғана жөнсіз қазбалай бермей, өш алу объектісіне айналдырмай, ішкі мәдениетті сақтай отырып, ұтқыр, ұтымды, ұлт үшін пайдасы болар тұрғыда жазылуы керек десек, бұл эсселерден осы ойыңызға орнықты жауап аласыз. Тіпті, әдебиет пен өнердегі кейбір тартысты сәттердің, кейбір жұмбақ жандардың жан-дүниесін ашуда академик майдан қыл суырғандай етіп жазады. Әрине, оның бәріне шағын мақалада тоқталып, талдау жасап жату мүмкін емес. Соның бірі «Мұхтар Әуезов» («Ана тілі», №39, 26.09–2.10.2019) туралы эссесі.

Осыдан біраз уақыт бұрын «Алматы ақшамында» «Әуезов әулие екен» деген шағын мақала жазып едім. Онда Әуезовтің Димаш Ахметұлына байланысты айтылған бірауыз сөзіндегі кемеңгерліктің ұшқыны баяндалған болатын. Әуезовтің сол кемеңгерлігінің қара­пайым тірліктегі жұртпен араласудағы әрекеті бұл эсседе соншалықты шебер баянда­лады. Ұлы адамның жазушылығы, қайраткер­лігін қоғам әлдеқашан мойындағанымен, оның адами, кісілік келбетін тереңдеп жазу да оңай емес. Осы тұрғыдан келгенде Мұқаңның адамдармен араласудағы биік мәдениеті және оған берілетін жауаптардың өзі соншалықты тапқыр, ұтқыр. Айталық, Н.Жанділдин, Т.Тәжібаев секілді тұлғалармен ілкім сәттегі қағытпадағы Мұқаң­ның тауып айтқан тәмсілдері өте нәзік жеткізіл­ген. Бұл тұрғыдағы толғаныстарды айта берсек, алысқа кетіп қаламыз. Ендігі жерде ұлы қалам­гердің шығармашылығындағы мына бір құпия тұстарын сипай қамшылап айтсақ деймін.

М.Әуезов туындыларының тартымды, тағылым­ды болуының бір себебі, бәлкім басты себебі, ақиқатты айтудың жолын, тосын тәсілін табуы. Бұл ретте оның басқасын былай қойғанда, қазақтың аңыз-әпсаналарына, ескінің сөздеріне көп жүгінгені мәлім. Өзі айта алмағанды өзгенің аузымен айтқызуы. Осыған орай, «Социалистік Қазақстан» газеті әдебиет, өнер бөлімінің меңгерушісі Серік Қирабаевтың Мұқаңның «Еңлік–Кебегіне» рецензия жазудағы бастан кешкен хикаятын еске алсақ жетіп жатыр. Ол кісі былай деп жазады:

«1957 жылы Мұқаңның «Еңлік–Кебек» атты пьесасы кезекті бір өңдеуден өтті де, қазақ драма театрында қойылды. Осы пьесаның қойылуы республиканың мәдени өміріндегі үлкен бір оқиға болып еді. Неге екенін білмеймін, Орталық Коми­тет те оған ерекше көңіл бөлді. Комитет хатшысы Н.Жанділдин қорытынды репетицияға барып тыңдады. Олардың ыңғайымен біз де жүгіретінбіз. Мен күнделікті репетицияларға да қатысып жүрдім, қорытынды репетицияға да бардым. Мұқаң ерекше сергек, көңілді жүрді. Мен оны репетицияға барған сайын кездестіретін едім. Театрдың ұлы шеберлері (Қалибек, Қапан, Серке, Елубай, т.б.) тұтас кезі ғой, олар да спектакльді жақ­сылап шығаруға күш салды. Соңғы репети­циядан кейін редакторымыз Қасым Шәріпов мені шақырып алды да, ертең қойы­латын спектакльге сын мақала жазу керектігін айтып ақылдасты. Оны жазу маған тапсырылды. Н.Жанділдиннің кейбір ойлары бар екен, мен соны ескеру үшін сол кісіге кіріп-шығуым қажеттігін айтты. Мен Жанділдинге кіріп-шықтым. О кісі, негізінен, пьесаның өңделуі, қойылуы жақсы әсер қалдыра­тынын, Мұқаңның шеберлігін, артистер­дің ойынын мақтап шықты да, жалпы спектакльде ескіні аңсау сарыны барлығын, Абыздың моно­логтарында заманның азуы деген ұғымға бой алдыру аңғарылады дегенді айтты. Осыны рецензия жазу үстінде ескеруді сұрады. Мақала жазатын болғандықтан мен спектакльдің алғашқы екі күн бойы қойылған премьерасына бардым. Елдің әсерін байқадым. Өзім де ойландым. Хатшы партиялық қырағылық танытқан болар, бірақ тұтастай алғанда спектакльден ескіні мадақтау, аңсау сарыны байқала қоймады. Абыз монолог­тарының ел басшыларының шамына тиіп кететін жерлері бар екен, бірақ ол партия жолына қайшы емес қой. Сөйтіп, мен спектакльге рецензия жаздым. Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің 1957 жылғы 30 сәуірдегі санында басылды.

Жанділдиннің ескертпелері жайлы Мұқаңа айтуға қорықтық: Өзі спектакльдің жақсы шығуына бар күшін салып, көңілді жүрген Мұқаңа ол жөнінде не айтарсың? Оның үстіне кешегі 50-жылдардың бас кезіндегі әділетсіз сыннан жапа шегіп, енді есін жиып, шығарма­шылық шабытына мінген жазушыға: «Шығар­маңда ескі заманды аңсау бар» деп айтудың өзі де қиын ғой. Сондықтан Қасым маған рецензия авторы ретінде жалған ат пайдалануды ұсынды. Әрі сөз тарап кетпеуі үшін, оны екеумізден басқа ешкім білмеуі тиістігі сөз болды. Сонымен, мен рецензияға «Б.Дәулетбаев» деп, өзіммен бірге оқы­ған бір мұғалім жігіттің атын қоя салдым. Дерек­сіздеу ат қойсам, білініп қалар деп ойладым.

…Жеке орындаушыларға тоқтай отырып, Абыз рөлін ойнаған Қ.Қуанышбаевтың актерлік шеберлігіне айрықша тоқталдым. Абыздың халық мұңының жоқтаушысы есебінде үлкен әлеуметтік сипатқа ие болғанын көрсете отырып, өзіме нұсқау берген басшының пікірін де ұмытқам жоқ. «Алайда, Абыз бойынан көруші торығу мен үміт күтудің сарыны араласып, жіктелмей кететінін байқамай қалмайды. Әсіресе, оның сахна ашыл­ғанда айтылатын, кейін тіпті жиі қайталанатын тақпақ сөздерінен «заманның азуы» сияқты сарынға бой ұру аңғарылады. Жазушы пьесаның осы тұсын бір шолып өтсе, орынды болар еді, негізі, әдебиет айқындық пен нақтылықты сүйеді ғой» деппін. Бір ғажабы – бәріміз шуласып, жасырынбақ ойнағандай құпиялап жүрген осы сөздерге Мұқаң көңіл де аударған жоқ. Ертеңіне, газетті ала сала редакцияға телефон соқты. Телефонды мен көтердім. – Серікпісің, – деді Мұқаң. – Мен, Мұқа! – дедім сасып қалып. «Қалай қабылдады, не айтар екен?» деген ой шошытты. Мұқаң рецензияны оқығанын айтты да, оның авторын сұрады. Мен: «Бір мұғалім жігіт» дей салдым. – Пәлі, мына мұғалім жігітің­нің түсінігі дұрыс қой. Сауатты жігіт екен, жақсы жазыпты, – деп Мұқаң мақтай жөнелді. Мақа­лаға, оның авторына, оны тез ұйымдастырған редакцияға, маған ризалығын айтты. Менің көңілім орнығайын деді. …Сол күндері сондай бір оқыс оқиғаның куәсі болғанымды да айта кетейін. Премьера екі күн бойы жүрді. Бірінші күні республика басшылары келе алмай қалып, екінші күні Орталық Комитеттің бюро мүшелері түгелге жуық келіп көрді. Мен екінші қатардың шет жағында (директордың кабинетіне шығатын есік аузында) отырдым. Бәрі де кәукілдесіп, Еңлік пен Кебектің, Есеннің мінез-құлқын әңгіме етіп, күлісіп отыр еді, бір кезде сахнаға Абыз шықты да атақты монологын айта бастады. – Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер, Аяғы жоқ, қолы жоқ Жылан қайтіп күн көрер, – деп бастаған Қаллекей (Қалибекті жұрт солай атайтын) бірте-бірте сахнаның алдына таянып, бірінші қатардағы ел басшыларына төніп келіп: – Бәріңнің де нәрің жоқ, Елім қайтіп күн көрер, – дегені. Тебіреніп, тепсініп тұрып, қадалып айтты. Біз қорқып кетіп, бұғып қалдық. Бірақ орнын тауып айтылған сөз, ретін келтірген ұлы актер істерін істеп кетті. Абыз халық көкейін­дегіні айтқан, Қаллекей оны қалай жеткізді – көрермен мең-зең. Жұрт ду ете қалды, ұзақ қол шапалақталды. Ұлы шығарма қашан да бүгінгіше естіледі деген осы да. Осындай мәңгілік сарын Мұқаң шығармаларының көбіне-ақ тән еді. Ол кесек, кең масштабта ойлайтын».

Біз Серағаңды, Қапан ағаны көрдік. Серағаңның Қоңқайын көру үшін әкемтеатрға әлденеше рет барғанымыз есімде. Тіпті, Серағаңның ұлы өмірден өтіп жатқанда сахнаға шыққанын да көргенбіз. Өнерге, халыққа бұдан артық құрмет бола ма? Қапан Бадыровпен әлденеше рет сұхбаттасып, ұлт театр өнерінің уығын қадап, шаңырағын көтерген жеті шал – Әміре, Иса, Елубай, Қаллекей, Серке, Құрман­бек және өзі туралы талай күн толғаныстар да жаз­ғанбыз. Әрине, қасиетті санға иек артқа­нымыз болмаса, әкемтеатрдың негізін қалауда өлшеусіз үлес қосқан саңлақтарды жеті санының ауқымына сыйғыза алмайсың ғой. Соның бірі Қапан аға соңғы бір кездескенде «Елубайды сағынып жүрмін» деп еді. Міне, сол алыптар шоғырының бірі де бірегейі Қалибек Қуанышбаев турасындағы мына бір тың деректі оқығанда өзгеше толқу күйін бастан кешкенімді де жасыра алмаймын. Оның үстіне көзін көрмесек те Қаллекей туралы бүгінгі Асағаң, Сәбеңдерден сұрап, көп білдік. Әрине, Абыз бейнесі туралы да көп естідік. Ал енді Ғабеңнің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Ақанның мылқау баласының бейнесін сомдаудағы ғаламат шеберлігі, тілсіз адамның жан-дүниесіндегі әрекетті білдірудегі бас бармағын аузына салып басып, өте аянышты халде ыңырануының жұртқа әсері, тапқырлығы туралы Асағаң айтқанда аузымызды ашып тыңдағанымыз да еске түсіп отыр.

Айтпағымыз мынау: Осы алыптар мен арыстардың арасында жүріп жатқан жасырын, ашық айқастарды, түрлі жағдайларды жеткізуде академик сыншы жазудың биік мәдениетін байқатады. Естелік жазудың үздік, нәзира үлгісін көрсетеді. Ақиқатты аласұрмай, айқайламай-ақ айтуға, осылай да жазуға болады екен ғой.

Бүгінде әрине, екінің бірі батыр. Қазіргі тілмен сөйлесек, қандай форматта болсын абыздың сөзін әркім де айтқан болып жүр. Ал енді ол заман­да ақиқатты айтудың, жеткізудің үлгісі қандай болуы керек еді. Ол үшін әрине Қалле­кей­дей Абыз-тұлға болу керек еді. Айтпағымыз, ака­демик сол ақиқатты Әуезовтің өз шығарма­ла­­рында қалай жеткізгенін жеткізіп айтуы есте­лік жазатындар үшін бір бағдар іспетті көрінеді. Ең бастысы, өзіңді алға шығармай, кісілік, кішілік, парасатты пайым қоса өріліп отырса қандай ғанибет?! Парасатты проза деген осы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close