Біле жүріңіз!

ЕГЕР СІЗ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕСЕҢІЗ…

Заңды білгеніңіз ­ — лайықты өмір сүргеніңіз! Дәл бүгінгідей төтенше жағдай уақытында адамдар үшін өздерінің заңды құқықтарын білу аса маңызды. Сондықтан да біз «Алматы ақшамы» газетінің оқырмандарын, жалпы жұртшылықты   карантин жарияланған кезде олар   әдеттегі табыс көздерін жоғалтпауы үшін, әңгімеге заңгер-мамандарды тарта отырып, еңбек саласындағы заңнамалық нормалар туралы хабардар етіп отыруды жөн көрдік. Сонымен…

26 наурыздан бастап Алматы қаласының жедел штабы кейбір сауда орындарының жұмысын тоқтату мен қызмет көрсетуі бойынша қосымша шектеу шараларын енгізді. Бұл ­- көптеген адамдар өздерінің әдеттегі жұмыс орындарына шығып, өздері мен отбасы үшін әдеттегідей табыс таба алмайды деген сөз. Бұл жағдайда қандай кепілдіктер мен қосымша мүмкіндіктер бар? Бұл жөнінде заңгер-мамандар не дейді?

 

     Дмитрий ШЮТЦ, KazBar Заң консультанттары палатасының мүшесі, ҚР Аудиторлар палатасының құрметті мүшесі, ҚР Қаржы министрлігі консультативтік органының мүшесі, ҚР Қаржы мамандары палатасы басқармасының төрағасы:

 

­– Жұмыс беруші ұсына алатын ең тиімді мүмкіндік – қашықтықтан жұмыс істеуді ұйымдастыру. Егер құжаттамаларды, есептерді дайындау, аударма жасау, бағдарламалар мен қосымшалардың дизайнын әзірлеу әрі жобалау жұмыстары және т.б. болса бұл қашықтықтан атқаруға болатын тиімді нұсқа. Мұндай жағдайда осы жұмыс режиміне көшу үшін екі тараптың – қызметкер мен жұмыс берушінің өзара келісімі қажет.

Бұл ретте жұмыс беруші қызметкермен байланыс жасауға қажетті құрал-жабдықтарды (модем, интернет-байланысы, телефон және т. б.) өзі қамтамасыз етеді немесе осылардың бәрі қызметкердің өзінен болса жұмыс беруші сол үшін қызметкерге өтемақы төлейді.

Қашықтықтан жұмыс істеу кезінде жұмысты бақылау және еңбек уақытын есепке алу қалай жүргізілетінін келісіп алу керек. Ең бастысы, егер жұмыс көлемі өзгермесе, жұмыс беруші еңбекақы мөлшерін өзгертпесе де болады, алайда, егер ол алдын-ала еңбек шартында немесе ұжымдық еңбек шартында көрсетілмесе, бұл мәселе екі жақтың келісіміне байланысты болмақ. Мұның бәрі Еңбек Кодексінің 138-бабында көрсетілген.

Ал, Еңбек Кодексінің 137-бабында қызметкердің өз үйінде отырып жұмыс істеуіне байланысты түсінік беріледі. Бірінші нұсқадан бұл нұсқаның айырмашылығы — сіз компанияңызға қажетті киімді, аяқ киімді, бижутерияны және т.б. қажет нәрселерді үйде отырып жасайсыз. Ең бастысы, қажетті құралдар мен материалдар болуы керек, қызметкер оларды жұмыс берушіден алады немесе өзінде бар материалдарды пайдаланады. Төлем ай сайын, сондай-ақ орындалған жұмыстың көлеміне де байланысты болуы мүмкін. Бұл ретте де бәрі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы уағдаластыққа байланысты.

Екі нұсқадағы мәселелер, егер олар еңбек шартында алдын-ала көрсетілмеген жағдайда, олар екі жақтың өзара келісімі бойынша келісім-шартқа енгізілуі қажет. Бірақ, егер бұл екі нұсқа да сіздің жағдайыңызға сәйкес келмесе, біз соған орай басқа да тиімді мүмкін нұсқаларды қарастыратын боламыз.

     «АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *