БАУКЕСПЕ МЕН ӘУЛИЕ

Бір ауылда «ет дәмділігін қоймаса, мен ұрлығымды қоймаймын» деген ниеттегі қандықол, баукеспе ұры болыпты. Ғұмырында қылар кәсібі – ұрлық-қарлық екен.

Бірде сол ұры: «ертең ана дүниеге барғанда есепке тартылғанда осы ісімнің өтеуін беремін ғой. Сонда қатты азап шегіп жүрермін. Жасаған әбестігім үшін Алладан бір кешірім сұрап қояйын» деп түн жарымда ауылдың мешітіне бой түзепті. Мешіттің ауласына енсе, сол ауылда тұратын, ғұмырында бірде-бір рет бес уақыт намазы түгілі тахажжуд (түннің бір бөлігінде тұрып оқылатын нәпіл намаз) намазын қаза қылмаған, жұрт әулие санаған бір қарт хауыздың бір шетінде дәретін жаңартып жатыр екен. Хауыздың екінші басына келген әлгі ұры: «мына ауылда қаныпезер ұры мен ғанамын ба десем, дүйім жұртшылық әулие санайтын мына қарт та мен сияқты ұрлық жасап, жеті түннің ортасында жұрттан жасырынып, мешітке келіп тәубе жасайды екен ғой» деген ойға беріліпті. Сөйтсе, әлгі қарт та: «мына ауылда түн ұйқысын бөліп, мешітке келіп, құлшылық қылатын мен ғанамын ба десем, жұрт күнәһар ұрыға балаған мына кісі де ерекше құлшылық иесі екен ғой. Уа, Жасаған, саған мың да бір тәуба! Біздің ауылға осындай әулие нәсіп еткеніңе» деп ізгі ойға беріліпті.

P.S. Адам өзі қандай болса, ойы да сондай болады. Ал мұсылман баласы әрқашан жақсы ойлауы тиіс. Біреу туралы жаман пікір айтарда осы бір оқиғаны еске алыңыз.

Бүгінгі дұға:

Я, Алла! Менің дінімді дұрыс, үйімді кең, ризығымды берекелі қылғайсың! Жүрегімді жақсылыққа, ізгілікке, иманға және махаббатқа толтыра гөр!

 

Бүгінгі хадис:

Ибн Омар (р.а.)

«Алла елшісі (с.а.с.) шаш жалғау­шыға да, жалғатқанға да, денеге сурет салушыға да, денесіне сурет салдырғанға да лағынет айтқан», – деп айтты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *