БАСҚА БОЛУ ДА ҚОЛЫНАН КЕЛЕТІН, БІРАҚ, ОЛ ТІЛДІ ТАҢДАДЫ

Академик Ө.Айтбаев – 80 жаста

 

Алғашқы қазақ мектебін ашқызған бастамашылардың бірі

Сонау өткен ғасырдың 50-60 жылдары тың игеру және Н.С.Хрущевтің солақай саясатының салдарынан қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, біртін­деп орыстандыру үрдісі жүзеге аса бас­тады. Қазақ тілінің тынысы тарылып, іс-қағаздары жаппай орыс тілінде жүр­гізіліп, уақ ұжымшарлар іріленді­ріліп, кеңшарға айналып, қазақ мек­тептері жабылып, не ара­лас мектеп­терге айналған заман бол­ды. Халқы­мыз қазақ тілінің бо­ла­шағына сенбей, қалаларда бала­ларын жаппай орыс мектебіне бере бастады.

99Бұл жағдай қазақ зиялыларының арасында наразылық тудырғаны белгілі. Әсіресе, оларды миллионға жуық халық тұратын сол кездегі астанамыз Алматыда бірде-бір қазақ мектебінің болмауы ашындырды. Ұлтжанды жастардың бір тобы қазақ мектебін ашу туралы өтінішпен жоғары жақтың есігін тоздырды. Оларға мектеп ашқанмен, «оқитын балалар табу қиын» деген дәлелді көлденең тартты. Ақыры, қазақ мектебі Мәскеудің араласуымен ғана ашылды. Бұл мектепте жастар алдымен өз балаларын беріп, содан соң үй-үйді аралап, қазақ отбасылары балаларын қазақ мектебіне беруге үгіттеді. Сөйтіп, бұл ашылған №12 мектепке келген балалардың саны ойлаған­нан артық шығып, келесі жылдары жаңа екінші мектеп ашуға мәжбүр болды. Міне, осы бастамашы топтың ішінде «Социалис­тік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер Өмірзақ Айтбаев та бар болатын. Оның бұл мәселеге араласуына газет тілшісі ретінде іссапармен республика өңірлерін аралап, кезінде қазақ тілінің мүшкіл халін көруі де себепші болған болуы мүмкін. Сол ана тілінің тағдыры ұлтжанды жігітті ана тілін зерттейтін Тіл білімі институтына алып келді. Дәл сол кезеңде ана тілінің қыр-сы­рын зерттеуді мақсат еткен осы жолдардың авторы да лауазымды жұмыстарын тастап, осы институтқа аспирант болып келген болатын. Сөйтіп, Өмірзақ екеуміздің кейінгі тағдырымыз тоғысқан еді. Міне, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт­тағы Өмірзақтың ғылымдағы жетістіктері менің көз алдымда өтіп келеді. Өмірзақ сол тұста жаңадан ашылған аударма теориясы бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа алынды. Бұл бөлімде белгілі аудармашылар Сәйдін Талжанов пен Әбен Сатыбалдиев істейтін. Өмірзақ сол ағала­рымен тізе қосып бөлімнің жоспарлы жұ­мы­сына араласа жүріп, аударманың қыр-сырын меңгеріп алды. Бұл оның аударма тақырыбынан кандидаттық диссертация жазуына мүмкіндік жасады. Кейін бұл кісілердің басқа жұмысқа ауысып кетуімен байланысты бөлім «тіл мәдениеті» бөліміне қосылып, Өмірзақ та сол бөлімге аға ғылыми қызметкер болып ауысты. Өмірзақ аталған бөлімде жемісті еңбек етіп, тілдің дұрыс қолданылуының көкейтесті мәселе­лерімен шұғылданып, мақалалар жазды, жинақтар шығарды.

 

Терминалогия тарихын  зерттеген

70-жылдардың аяғында терминология проблемасы күн тәртібіне қойылып, Инсти­тут­та терминология бөлімі ашылғанда Өмірзаққа сол бөлімді басқару жүктелді. Бұл бөлім терминологияның теориялық мәселелерімен қатар, оның практикалық жұмыстарын да бірге атқарды.

Министрлер кеңесі жанынан құрылған мемлекеттік терминология комиссиясының хатшысы ретінде жаңа терминдерді талқы­лау және бекіту сияқты жұмыстарға Өмір­зақ белсене араласты. Термионология та­ри­хын жете зерттеп, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұ­банов­тардың терминология саласын­дағы еңбектерін таразылап, олардың бас­таған істерін әрі қарай жалғастырған ға­лым­дардың жұмыстарына кең талдау жа­салған монография жазып, соның негізінде докторлық диссертациясын қорғады. Кейін терминологиялық орталықты басқарды.

Егерде Өмірзақ газеттегі жұмысын жалғастыра бергенде, журналист не жазу­шы немесе мемлекеттік қайраткер болар ма еді?! Бірақ, ол ғылымды таңдады. Оған себеп болған туған тілінің тағдыры болатын. Ғылымда едәуір биікке қол жеткізді. Оған қомақты үлес қосты.

М.С.Горбачевтің демократияландыру саясаты нәтижесінде қоғамда ұлттық құндылықтарды қалпына келтіруге ұмтылыс басталды. Соның ең бір бастысы – ана тіліміздің қоғамдағы орнын кеңейту еді. Ол үшін оны мемлекеттік тіл ретінде заңдастыру қажет болды. Міне, осы мәселе зиялы қауым арасында кең қозғалыс туғызды. Осыны жұртшылық талқысына салу үшін бір қоғамдық ұйым ретінде «Қазақ тілі» қоғамын құру күн тәртібіне қойылып, оның құрылтайында қоғамның президенті болып академик Ә.Қайдаров, вице-президенттігіне бірауыздан Ө.Айтбаев сайланды.

Қоғам құрылғаннан бергі ширек ғасыр уақыт ішінде мемлекеттік орган Тіл комитетімен біріге отырып, қазақ тілін дамытуда бірқатар шаруа тындырылды. Ең алдымен, қалың жұртшылықтың ана тілінің болашағына деген сенімін нығайтып, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтті. Қазақ мектептері мен балабақшаларының саны көбейді, барлық мектептерде қазақ тілі негізгі пән ретінде оқытылатын болды. Мектептер мен ЖОО-да оның сағаты көбейді. Қазақ тілін үйрететін үйірмелер ашы­лып, тіл үйренемін деушілерге жағдай жасалды. Іс-қағаздарын бірыңғай мемле­кеттік тілде жазылу міндеттелді. Кейбір құқық қорғау органдары мен әскери бөлім­шелерінде қазақ тілінде іс жүргізу жүзеге асып келеді. Алайда, бұл жұмыс­тарда әлі де болса көзбояушылық жойыл­май отыр­ғаны жасырын емес. Тіл туралы Заңның та­лап­тары толық іске аспай отыр. Сондықтан, бұл жайттарға қоғамды жұ­мыл­дыру Өмірзақ басқаратын Халықа­ралық «Қазақ тілі» қоғамының  болашақ атқарар негізгі шаруасы болмақ.

 

Тектілік тұқым қуады

Оның 70 жылдығына орай жазылған «Сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деген мақа­ламда, өзімше, қырларын санаған болып едім, бірақ,  оның әртістік өнерін, яғни үлкен ағаларының мінездері мен сөйлеу мәнерлерін айнытпай салатындығын ескермеппін. Әлекең (Марғұлан), Ғабең (Мүсірепов), Ахаң (Жұбанов), Ісекең (Кеңесбаев) болып сөйлегенде, ол кісілер қасымызда отырған­дай сезінетінбіз.

Өмірзақтың тағы бір қыры – оның ана тілімізге «ғашықтығы» дер едім. Ол мақала жазса да, жұрт алдында сөйлесе де ана тілінің қадір-қасиетін насихаттаудан бір сәт айныған емес. Оны өзінің өлеңіндегі мына бір шумақтан айқын көруге болар еді:

Ана тіл, ана сүтім, арым менің,

Баяным, бақ-дәулетім, барым менің.

Өзіңмен рухым көтеріліп,

Атар ылғи арайлы таңым менің.

Енді оның бірсырлылығына келейік. Жалпы, сыр дегенімізді «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «сыр – әркімнің өзіне тән, өзгеге белгісіз құпия аты» деген анық­тама берілген. Сонымен қатар, сырға берік, сыр шашпайтын, сондай-ақ, сыр алдырды, сыр шашты, т.б. тіркестері бар екен. Өмірзаққа осының біріншілері тән. Екінші тіркестер жағымсыз адамдарға айтылатын сияқты. Қазақтың «Жаман шынын айта­мын деп, сырын айтады» деген мақалынан да көрініп тұрғандай, Өмірзақ бір қара­ғанда салқынқанды, тұйық адам болып көрінгенмен, сөйлесе келе ақжарқын, әңгімешіл адам екеніне көзіміз жетер еді.

Ол қайда жүрсе де, қай қызмет атқарса да адамгершіліктен, кішіпейілділіктен, парасаттылықтан айныған емес. Үлкенге іні, кішіге аға бола білетін жан. Өмірзақтың бойынан үнемі бір тектілік байқалып тұрушы еді. «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады» дегендей, бұл қасиет әкесі оңтүстік өңірде аты мәшһүр Айтбай ақын­нан, тіпті, арғы аталарынан дарыған болу керек. Оның ақындық өнері де, сөз саптау мәнері де әкесі Айтбайдан жұқса керек. Өйт­кені, әкесі Өмірзақты беске дейін арқа­лап жүріп өсіреді де, ол өз аяғымен жүруге жарағанда жиын-тойдан қалдыр­май, ертіп жүреді екен. Оның бойына тән сырбаздық, яғни, адамгершілігі мол, бай­салды, байыпты қасиет, туа біткен мінез, өз қадірін біле білу ғой деп ойлаймын. Оны түсіну үшін оның өзі жазған өлең жолда­рынан мына бір шумақты келтірер едік:

Қуансам мен өмірде,

Жұрт сияқты күлмеймін.

Алаң кірді көңілге,

Неліктен бұлай білмеймін?!

Өмірзақ ғалымдық пен азаматтықты тең ұстап келе жатқан қайраткер. Өмірзақ­қа тән қасиет – ешкімнің атына ғайбат сөз айтуды білмейді. Кім болса да, оның тек жақсы жақтарын көре біледі. Содан болу керек, «Өмірзақтың дұшпаны бар» дегенді естімеппіз. Сондықтан да ол өзі ұжымда ерекше сыйлы һәм қадірлі.

Өмірзақ 80-ге келсе де жас көрінеді, бірақ, жылжыған жылдарға еш қайран жасай алмайсың. Әкесі «баланың ғұмыры ұзақ болсын» деп атын Өмірзақ қойыпты.

Бүгінгі мүшел тойы үстінде әке тілегіне қосыла отырып, алдағы өмірінде қолынан қаламы мен домбырасы, аузынан аталық ақыл сөзі мен әні түспесін дейміз.

 

Бабаш ӘБІЛҚАСЫМОВ,

филология ғылымдарының докторы,  профессор,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *