Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті тауда абай болуға шақырды

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті тауда абай болуға шақырды
Сурет: Sxodim.com

Құтқарушылар тауға шыққанда ескеру қажет ережелерді айтты 

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарын тауда абай болуға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазгидрометтің 28 қаңтардағы №15 дауылды ескертуінің негізінде 29-30 қаңтар (демалыс) күндері Алматының таулы аймақтарында кей жерлерде тұман, көктайғақ күтіледі. Тауда абай болыңыздар», - делінген хабарламада.

Осыған байланысты Алматы қаласының ТЖД алматылықтарға төмендегідей ескерту жасады:

- Қатты жауын-шашын ( қар, жаңбыр) немесе қатты жел туралы дауыл туралы ескерту жарияланған жағдайда, тіпті таулы аймаққа баруды кейінге қалдырған дұрыс.

- Егер сіз тауда болсаңыз, мұқият болыңыз және ауа райының өзгеруін қадағалаңыз.

- Үйге қайтуды тәуліктің кеш уақытына қалдырмаңыз, кері бағытты таба алмауыңыз мүмкін.

- Рюкзактарда мына қажетті заттар болуы тиіс: жылы киімдер, күтпеген жағдайда дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы, GPS навигаторларының болуы артық болмайды.

- Ешбір жағдайда тауға жалғыз бармаңыз!

- Туған-туыстарыңыз бен жақындарыңызды маршрутыңыздың бағыты және орналасқан жеріңізді барынша толық хабардар ету өте маңызды.