Бөтен мәдени құндылықтардың үстемдігі ұлттық санаға қауіп төндіріп отыр

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

%d0%bd%d1%83%d1%80%d1%8b%d1%88%d0%b5%d0%b2%d0%b0-038-2

Гүлжиһан НҰРЫШЕВА, философия ғылымдарының докторы, профессор.

– Гүлжиһан апай, «бізде философия ғылымдарының кандидаттары мен докторы көп, бірақ, философ аз» деген пікірмен келісесіз бе?

– Бұл барлық ғылымдар саласына тән құбылыс екендігіне сенімдімін. Өздеріңіздің ақын-жазушыларыңыздың да санын ұмытпасам, 700-ден асып-жығылады, ал нағыз ақын, нағыз жазушы саусақпен санар­­лық қой. Философияда да солай. Бірақ, атақ үшін ғана қорғағандарынан бас­қасы осы ғылымның төңірегінде, жоға­ры оқу орындарында, ғылыми меке­мелерде шамалары келгенше қызметтерін атқарып жүр. Өкініштісі, мықты фило­софтары­мыздың басым көпшілігі дүниеден өтіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзіліп қалған жағдай бар. PhD атағын алғандар­дың арасында талантты жастар баршылық, кеңес заманында Одақ дең­гейіндегі үш мықты философиялық мек­тептің қазір де сақталып отырған дәстүрін жалғастыратын солар болады деп үміттенеміз.

 

Ұрпақ үшін жауап­ты екенімізді бір сәт те есімізден шығар­мауымыз керек

– Сіздің әлемдік философиядан аудар­ған дүниелеріңізді оқып отырып, «сауатты аударма» дедім. Әлемдік философтардың көп­шілігінің еңбегі қазақ тіліне дұрыс аударылмағанын байқап жүрміз. Осы жаныңызға батпай ма?

– Әрине, батады, қатты батады. Аудар­ма­лардың бәрі бірдей сапалы емес, қазақ­шасын адам түсінбейтін кітаптар бар. Оның себептері әртүрлі.  Біріншіден, бұл істі толыққанды жүргізу салыстырмалы түрде (адамзат тарихы деңгейінен қарастырғанда) жақын арада, яғни, 2004 жылы Елбасының қолдауымен басталған «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында қолға алынды. Кеңес­тік заманда да біршама дүние қазақ тіліне аударылды. Бірақ, бір байқағаным, мазмұ­нын билік, идеологиялық басшылық қатаң бақылаған сол аудармалардың арасында да шикі дүниелер жеткілікті. Екіншіден, екі тілді қатар меңгерген фило­софтарымыз әлі де болса аз. Одақ дәуірінде философ маман­­дарды дайындау тек орыс тілінде жүргізілгені белгілі, сон­дықтан сол кезде білім алған философта­рымыздың басым көпшілігі орыстілді. Тәуелсіздіктен кейін ғана көзіміз ашылып, қазақ тілінде ойлап, философиялық  көзқарасымызды қағаз бетіне қазақша түсіруге қол жеткіз­дік. Өзім орыс тілінде жақсы сөйлеп, жақ­сы жазсам да, ана тілімізде сөйлеу бақы­тына ие бол­ғанымыз – Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістік­терінің бірі деп ойлаймын және осы ойымды ылғи да айтып отыра­мын. Ал бо­лашақта біздің орнымызды басатын қазіргі жастарымыз үш тілді қатар меңгеруде. Олар түпнұсқадан тікелей аударатын мамандар болып шығады, яғни, аудармалардың сапа­сы да арта түседі. Үшіншіден, аудар­малар­дың сапасыздығына адам факторы да себеп. Яғни, кезінде аударманы мойнына алған ғалымдарымыз­дың арасында бұл істің қаншалықты жауапты екендігін сезінбегендері де бар. Бұл дегеніңіз, ұлтына жаныашымаушылық, жал­пы алғанда, ғалым этикасын бұзған­дық. Мұндай ғалым­­дарымызды өз басым түсінбеймін. Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында аудар­ма ісіне ерекше назар аударылған. Жақын­да ғалымдар бас қосып, «нені аударамыз, қалай аударамыз?» деп ақыл­дастық. Кейбір әріптестерім ренжіген де болар, бірақ, мен жоғарыда аталған мәсе­лені ашық айттым. Өзі аудармайды екен, сол оқулықты оқи­тын қазақтың баласына жаны ашымайды екен – бұл іске кіріспей-ақ қойсын. Біз болашақ ұрпақ үшін жауап­ты екенімізді бір сәт те есімізден шығар­мауымыз керек.

– Философтардың бір тобы «адамның тағдыры — өз қолында» десе, екінші тобы «адам өз тағдырын ешқашан жасай алмай­ды» дейді. Сіздіңше, адам тағдырын таңдай ала ма?

– Француздың философ-жазушысы, экзистенциалист Жан Поль Сартрдың «адам дүниеге келгенде – жоба, оның қандай адам болып шықпағы, «түк, мүк немесе түрлі-түсті қырыққабат» болуы өзіне ғана байланысты» деген ойын қайта­лағанды ұнатамын. «Осылардың қайсысы болғыларың келеді?» деп сұрақ қойғанда, студенттерім «соңғысы боламыз» деп шу ете түседі. Олай болса, гүлденген, сантүрлі бояуға толы, мәнді де мазмұнды өмірге жету, яғни, тағдырыңыз өз қолыңызда. Білім жинаңыз, еңбектеніңіз, алдыңызға нақты мақсат қойып, соған ұмтылыңыз. Шөптің басын сындырмай тұрып, бос армандау,  орындалмайтын қиялға бөлену – еріншек адамның ісі. Керісінше, талап­танып, еңбектенген адам өз тағдырын жасай алады. Батыстық философияның белді бір бағыты, экзистенциализмнің тілі­мен айтсақ, адам дүниеге келгенде тек тірші­лік етуші, өмір сүруші ғана, оның нағыз мәні кейін ашылады. Өмірін мәнмен толтыратын адамның  өзі ғана, басқа ешкім де емес. Сондықтан өз тағдырыңызға өзіңіз жауап бересіз. Әрине, өмірде әртүрлі субъективтік және объективтік жағдайлар кездесуі мүмкін. Бірақ, тер төккен адам өзінің тағдырын жасай алады. Менің өзім­нің ұстанымым осындай. Тағдырды билеу үшін дұрыс таңдау жасауыңыз қажет. Аса күрделі жұмыс. Қате таңдау жасасаңыз – өміріңіз өзіңіз күткендей болып шықпауы мүмкін. Осылай қателескен адамдардың бірін Лев Толстой өзінің «Иван Ильичтің өлімі» еңбегінде жақсы суреттеген. Иван Ильичті өлім алдында қинаған тән азабы емес, қате таңдау, жүзеге аспаған тағдыр ту­ралы жан азабы. Өмірді қайтадан бас­тауға енді уақыт жоқ. Күйінген Иван Ильич өкінішін «Не могуууу!» деген айқай­мен ғана жеткізді. Бәрімізге ой саларлық туынды. Осындай көзқарас Елбасының  мақаласында да байқалып тұр. Ол жас­тарды, жалпы ұлтты арман-дүниеге емес, нақты өмірге, реализмге, прагматизмге жетелеу туралы айтады.

 

Қай топтағы зиялының берері көп?

– Қазақ зиялыларын үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ: ұлттық мәдениетті бойына сіңірген, қазақы танымдағы зия­лылар. Екінші топ: ұлттық және еуропалық мәдениетті бойына қатар сіңірген зиялылар. Үшінші топ: тек қана еуропалық мәдениетті бойына сіңірген топ. Сіздіңше, қазаққа берері көп қай топтағы зиялылар?

– Екінші топ екендігіне сенімдімін. Бірінші және үшінші топтар өздері таң­даған мәдениеттің шеңберінде тұйықталып қалатыны сөзсіз. Бірінші топтың бойында ұлттық таным мол болғанымен, басқа мәдениетті, тілді, тарихты білмесе,  заман ағымына ілесе алмайды. Ұлттық мәдениетті бағалап, басқа мәдениеттермен салыстыру, жақсы мен жаманын айыру үшін де әлем­дік мәдениетті білу қажет. Ал, қазақтың мәдениетін бойына терең сіңіріп, оны еуропалық мәдениетпен ұштастырған адамның өрісі міндетті түрде кең. Ол басқа мәдениеттің жетегінде кетпейді, себебі, ұлттық дүниетанымы терең, тұғыры мығым. Еуропалық мәдениеттің үздік үлгілерін қазаққа жеткізу арқылы ұлтының алдыңғы қатарлы ұлттар қатарына жетуіне оң ықпа­лын тигізеді. Осы топтың жақсы мысалы ретінде өзіңіз сияқты жастарды атар едім. Сіздер қазақтың тілі мен әдебиетінен сусындап, қазір әлемдік мәдениет айды­нында еркін жүзіп келесіздер.

– Толстой мен Достоевскийдің әлемге кеңінен танымал болуында орыс философ­тарының ықпалы басым. Неге біздің фило­софия ғылымымен айналысып жүрген мамандар бүгінгі жазушылардың еңбектерін философиялық тұрғыда зерттемейді?

– Бұл іс енді-енді ғана басталып жатыр. Докторлық диссертациямды жазып жүрген кезімде, қазақтың ауыз әдебиетін талдай отырып, ылғи да: «Кеңес заманында  Әдебиет институты мен Философия инсти­туты бір ғимараттың екінші, үшінші қабат­тарында орналасса да, бір-бірінің нені зерттеп жатқанымен, қандай мәселелерді бірлесе зерттеуге болатынымен ісі болма­ғаны қандай өкінішті» деп ойланатынмын. Шындығында, философия мен әдебиет адамның рухани қызметінің ажырамас, ортақ жақтары өте көп салалары. Кеңестік заманда да, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары да оны түсінетіндердің саны аз болды. Есімде, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» философиялық тұрғыдан талдаған бір ізденушінің кандидаттық диссертациясын аттестациялық комитет бекітпеді, себебі, тақырып оларға түсініксіз болды. Қазіргі заманғы философтарымыздың арасында осы мәселені тым тәуір зерттеп жүргендер баршылық. Мысалы, философия ғылымда­рының кандидаты, ҚазҰУ философия кафед­расының доценті Гаухар Әбдіра­сылованың Әбдіжәміл Нұрпейісов, Немат Келімбетов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов және тағы басқа ақын-жазушыларымыздың шығар­ма­ларын философиялық тұрғыдан талдап, оларды рухани бостандыққа ұмтылыстан туған романтикалық, тарихи шындық, ел бірлігі, тәуелсіздігімізді қорғауға бағыт­талған тарихи-зерттеушілік және адам, оның өмірінің мән-мақсаты мәселелерін көтерген экзистенциалдық топтарға бөлген. Жастарымыз туралы айтатын болсақ, магистр Оразхан Тайыржанның белгілі ақын Өтежан Нұрғалиев шығармашы­лығының философиялық мазмұны туралы диссертациясы үлкен қызығушылық тудырды. Тағы бір магистріміз Сапарайым Қалмұратова  Оралхан Бөкеевтің еңбекте­рін­­­дегі адам мәселесін зерттеді. Айжан Дыбы­салы бакалаврлық диплом жұмы­сында Мұқағали Мақатаевтың экзистен­циалдық ойларын талдады. Көріп отырға­ныңыздай, әдебиет пен философияны ұштастыру назарымызда бар және осы бағыттағы жұмыстарды  жалғастырамыз.

 

Тобырлық мәдениет басқа шығып барады

– Тобырлық мәдениет тобықтан тепкен­ді қойып, басымыздан теуіп жатыр… Осы біз қайда кетіп бара жатырмыз? Сіздіңше, тобырлық мәдениеттен құтылудың жолы қандай?

– Бір-бірінен ешқандай айырмашы­лығы жоқ, өмірлік қажеттіліктері тым қарапайым (ішу, жеу, көңіл көтеру және т.с.с.), өзіне сенімді, уайым-қайғысыз, күрде­лі мәселелер туралы ойланып, басын қатырмайтын адамдардан құрылған тобыр­лық қоғам тобырлық мәдениетті тудырды. Оның нақты мысалдарын қадам басқан сайын көріп отырмыз. Нағыз, эстетикалық және этикалық құндылықтары биік элита­лық мәдениетті ығыстырып шығарған тобыр­лық мәдениет өміріміздің барлық саласын жаулап алды. Осы келеңсіз құбы­лысты халқымыздың бәсекелестікке, көрсеқызарлыққа, той-думанға құмар­лы­ғы, жаман мен жақсыны айырмай, жаңаны тез қабылдай салуы күшейтіп отыр. Алысқа бармай-ақ, теледидарды алайық. Бітпейтін, мәнсіз-мағынасыз сериалдар, жеңіл-желпі әуендерге, мазмұнсыз мәтінге негізделген әндер, батыстық үлгіде жасал­ған, қазақтың ұлттық менталитетіне қара­ма-қарсы бағдарламалар… Интернетті ашса­ңыз, тобырлық санаға арналған, адамның жанын түршіктірер жаңалықтар алдыңыздан шығады. Тізімді жалғастыра беруге болады.  Бұған қарсы тұрудың амал­дары қандай? Менің пікірімше, тобырлық мәдениетті ұлттық құндылықтарымызды күшейту арқылы жеңуге болады. Ағылшын философы Имре Лакатостың ғылымдағы қатаң ядро мен оны сақтауға көмектесуші, әртүрлі жағдайларға тез бейімделетін, сол арқылы іргелі теорияға шабуылдардың бетін қайтарып отыратын гипотезалардың өзара байланысы ғылымды дамытып отырады деген тамаша ойға негізделген бағдарла­масы бар. Ғылымды дамытуға бағытталған осы бағдарламаны ұлттық мәдениетімізді сақтап, биіктетуге, тобырлық мәдениетпен күресуге қолдануға болады. Оның жақсы мысалдары жеткілікті. Қазақ халқының асыл құндылықтарын насихаттап жүрген телеарналар, газет-журналдар, ғалымдар, жазушылар мен өнер адамдары баршылық. Енді солардың қызметін қолдап, күшейтуі­міз қажет және Президентіміздің мақаласы оған жақсы жол ашып берді. Көпшілікке түсінікті болу үшін нақты мысалдар келтіре кетейін. Өзіңіз жақсы білетіндей, ұлттық үлгіде жасалған әшекейлерді жастарымыз сүйсіне тағып жүр. Немесе қазақтың күй­лері, әндері мен жыр-термелері заман ағы­мына сай өңдеп, орындалып жүр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінде академик Ғ.Мұтановтың ұсыны­сымен енгізілген, жастарды рухани тәрбие­леуге бағытталған «Айналаңды нұрландыр!» жобасы жетінші жыл жүргізіліп отыр. Күні кеше соның қорытынды жиынында бір өнерпаз студентіміздің Сүгірдің термесіне жас­тардың қазіргі заманғы биін қосып орындағанының куәсі болдық. Зал толы жастар  керемет әсер алды, ұлттық мәде­ниет­тің өшпес құндылық екендігіне көздері жетті. Уақыт ағымына бейімделген, мызғы­мас ядроны сақтайтын гипотезалар дегені­міз – міне, осы. Сондықтан, жеке сана мен ұлттық сананы жаңғырту, ақиқат құнды­лықтарды көбірек тарату  арқылы тобыр­лық мәдениетті жеңуге болады, ол үшін ұлттық кодты мықты сақтауымыз керек.

 

Жаһанданудың көлеңкесінде қалып қоймауымыз керек

– Жаһандану ғасырында нені жоғалтып, нені таптық?

– Жаһандану туралы қарама-қарсы пікірлер көп болса да, ол нақты шындық, айналып өте алмаймыз. Жалпы алғанда, жаһандану адамзатқа көп нәрсе берді деп ойлаймын. Ұлттар мен мемлекеттердің арасындағы шекаралар жойылды, адам қызметінің экономика, қаржы,  сауда, мәдениет, білім беру, ақпараттық кеңістік, бизнес және тағы басқа көптеген салала­рындағы байланысқа, еркін қарым-қаты­насқа жол ашылды. Бір ғана саланы алатын болсақ, экономистердің мәліметтері бойынша, жаһандану дәуірінде әлемдегі әрбір адамға шаққанда орташа табыс үш есе, тұрмысы жақсы адамдардың саны он пайызға көбейген екен. Өзімізге тікелей қатысты білім беру жүйесінің әлемдік жүйемен интеграцияланып, еліміздің барлық дерлік университеттерінің шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, болашақ мамандарды бірлесе дайындауда нақты нәтижелерге жетуі – жаһанданудың арқасы. Осындай мысал­дарды көптеп келтіруге болады. Дегенмен де, өмірдің өзі, философиялық тілмен айтсақ, қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі болғандықтан, жаһандану үдері­сінің жағымсыз жақтары да жеткілікті. Ортақ экономикалық кеңістікте болған­дықтан, мемлекеттердің бір-біріне тәуел­ділігі күшейді. Ірі елдердегі экономикалық дағдарыстар басқа елдердің дамуында да қайшылықтар туғызып отыр. Рухани салада бөтен мәдени құндылықтардың үстемдігі ұлттық санаға қауіп төндіруде. Елбасының рухани жаңғыру мәселесін бүгінгі таңда алға шығаруының себепте­рінің бірі осыдан туындайды.

Ең бастысы, жаһанданудан жеке адам жапа шегіп отыр. Күрделі өзгерістерге дайын емес ол экономикалық ауытқулар­дың, ақпараттық тасқынның астында қалып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін айыра алмай қалды. Адамның жалпы адамзатқа жүйелі ілесіп отыруы қиын екені белгілі, ал бұл мәселе қазіргі таңда күшейіп, қазіргі заманғы адамның бойында жалғыз­дық, өзіне көңілі толмау, өмірдің мәнсіздігі, болашақтың бұлдырлығы сияқты сезімдер туындап отыр. Осы тұжырымды жеке адамға ғана емес, шағын ұлттар мен мемле­кеттерге қатысты да айтуға болады. Фран­цуз философы Жан Бодрийар осы қауіпті 1997 жылы-ақ ескертіп, «адамдар өздерінің қалдықтарының қалдықтарына айналды» деген еді. Оған қарсы тұру үшін жеке адам да, тұтас ұлт та өздерінің ақиқат мақсатта­рын айқындап, мықты адам, ұлт және мемлекет болуға ұмтылу арқылы жаһанда­нудың көлеңкесінде қалу қаупімен күресуі тиіс.

– Біз миф пен аңызға өте бай халықпыз. Бірақ, Серікбол Қондыбайдан басқа қазақ мифологиясын жете зерттеген маман жоқ. Батыстың философтары миф пен аңыздарын ғылыми тұрғыда зерттеп жатыр. Неге бізде осы саланы зерттеуге құлық жоқ?

– Миф және аңыз – философиядағы күрделі де қызықты мәселелердің бірі. Оған деген көзқарастар да әртүрлі. Оларды шартты түрде екіге бөлуге болады. Орыс философы А.Ф.Лосевтің пікірінше, миф – ойдан шығарылған нәрсе емес, нағыз шын өмір, тіпті ғылымның өзінде де мифтік санадағыдай нақты категория жоқ. Бұл ғалым мифтің сөз арқылы берілген керемет тұлғалық тарих екендігіне сенімді, себебі үміттер мен қорқыныштарға толы дүниеде өмір сүрген адам үшін миф шын өмір болып көрінеді. А.Ф.Лосевтің киімнің өзінде де мифтің белгілері бар деген ойы қызықты. Шынында да, сірескен костюм­дер қазіргі шенеуніктердің шын келбетін жасырып, олар туралы белгілі бір миф тудырады емес пе?

Миф туралы басқа бір  көзқарастың өкілі, француз ғалымы Клод Леви-Стросс мифті өткенді, бүгінгіні және болашақты түсіндіре алатын, өмірде кездесетін қайшылықтарды шешетін логикалық үлгі деп қарастырады. Оның ойынша, миф – адамның да, қоғамның да өмір сүруін жеңілдету құралы. Дұрыс пікір. Қиындық­қа тап болған адамдардың басым көпшілігі сол қиындықтың себептері туралы неше түрлі аңыздар құрастырып, өзін де, басқа­ларды да алдауға тырысатыны шындық емес пе? Қоғам дамуының күрделі кезең­дерінде де әртүрлі мифтер мен аңыздар әдейі ойлап шығарылып, сол қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың назарын басқаға аудару, керемет болашаққа сену қызметін атқарады. Сіз айтып отырған Серікбай Қондыбайдың мифтер мен аңыздар туралы көзқарасы осы екінші түсінікке жақын. Өмірден ерте кетсе де, осы мәселені зерттеп, бағалы еңбек жазып кеткен оның пікірінше, миф – алғашқы қауымдық адамның табиғат пен қоғамды түсіну формасы.

Миф пен аңызды философиялық тұрғыдан талдап жүрген ғалымдар ретінде алматылық ғылым кандидаты, ҚазҰУ доценті Әлия Рамазанованы,  атыраулық философ, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежанды айтар едім. Әлия Рамазанова мифтердің қоғам өмірінде алатын орнын талдап, қазіргі заманғы мифтердің сипатында рационалдылыққа, яғни ақылға жүгіну емес, сезімге, эмоцияға берілу көп және мифтерді кеңінен таратып, адамдардың басын айналдыруда бұқара­лық ақпарат құралдары шешуші рөл атқа­рады деген тұжырым жасайды. Өмірбек Бекежан мифті қазақ халқының поэтика­лық мәдениетімен байланыстыра қарасты­рып, қазақ үшін жырдың өзі дүние, тіл – нақты шындық, себебі, сөз – миф шығар­машылығының тарихи құралы, жыршылар мен ақындар өздерінің туындыларында оқиғаларды болғандай етіп жеткізеді, қарапайым адамды ғажап әлемге жете­лейді, сондықтан поэтикалық миф бүкіл рудың ғана емес, ұлттың менталитетінің негізі болатын ұжымдық іргетасқа айна­лады және ақындық-мифтік дүниетанымға алғаш сына қаққан, «Біз кімбіз, қадыр-қасиетіміз қандай?» деген сұрақтарды қатты қойған Абай болды деген қызықты пікір білдіреді. Дәл осындай сыни көзқарас қазір қажет болып отыр. Елбасы айтқандай, «…ешқашан орындалмайтын елес идеоло­гияларға» шырмалмай, «адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін бағдарларды» ұстануымыз керек.

Сұхбаттасқан – Аягүл МАНТАЙ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *