БҮКІЛ ЕЛ БОЛЫП ҚОЛДАЙТЫН ШЕШМ тарихшы-ғалымдар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін талқылады

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан халқына үндеу жариялап, 1993 жылы басталған жұмысты аяқтау үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруға тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бұрнағы күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Сталиндік саяси қуғын-сүргін: тарихы және құрбандарын ақтау мәселелері» атты тақырыпқа ZOOM арқылы дөнгелек үстел өткізді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін талқылаған онлайн-конференцияға аталмыш институт ғалымдары, елімізге белгілі қоғам, білім және ғылым қайраткерлері, БАҚ өкілдері, қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын институт директоры, профессор З.Е. Қабылдинов ашып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының өзектілігі және осы бағытта қоғам көптен бері қозғалыс күтіп отырғанын айта келіп, болашақ комиссия жұмысының негізгі бағыттары мен міндеттері туралы қысқаша баяндап берді. Белгілі ғалым Қ.С. Алдажұманов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі мен оның негізгі принциптері жөнінде сөз қозғады. Жазушы Б.О. Қойшыбаев қайта құру мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарының тарихын насихаттау және зұлымдық тарихын әшкерелеу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының бүгінгі тапсырмасын ерекше қолдайтынын жеткізді. Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Б.Ғ. Аяған «Саяси қуғын-сүргін материалдары Қазақстан және шетел архивтерінде» деген тақырыпта баяндап, ақтауға қатысты құжаттарға шолу жасады.
Осылайша, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салған тарихшы-ғалымдар алдағы уақыттағы атқарылатын жұмыстарда онлайн-жиынға қатысушылардың барлығын белсенділік танытуға шақырды. Ал өз кезегінде жиынды қорытындылаған институт директоры Зиябек Ермұханұлы жаңадан құрылатын комиссияның арқасында тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, жазықсыз жапа шеккендердің ақталуына жол ашылатынын айта келіп, бұл шешімді бүкіл ел болып қолдайтынын тілге тиек етті. «Бұл шешім Тәуелсіз ел болғанымыздың, тәуелсіздігіміздің нығайғанының, тарихи санамыздың бір сатыға жоғарылағандығының көрінісі деп білеміз» дей келе, жиынға қатысушыларға ризашылық білдіріп, алдағы күннен мол үміт күтетінін жеткізді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *