Бүгінгі күні батыр деп кімдерді айтасыз?

Батыр десе көз алдымызға қан майданға аттанып, ел тыныштығын қорғаған ата-апаларымыз елестейтіні рас. Бүгінгі жаймашуақ күніміз үшін біз оларға мәңгілік қарыздар екеніміз де ақиқат. Әттең, сол батырлық пен батылдықтың куәсі һәм үлгісі болған ардагерлеріміздің қатары бүгінде азайды. Өкінішті-ақ. Енді біздің балаларымыз олар жайында тек кинодан ғана көріп, кітаптан ғана оқитын болады. Ал енді бүгін ше? Бүгін біз тәуелсіз мемлекет, егемен елміз. Десек те, өмір болған соң түрлі жәйттар орын алып жатуы қалыпты құбылыс. Батырлықтың үлгісі сынға түсетін сәт те осы тұс. Ендеше, бүгінгі таңда есімін мақтанышпен атайтын бейбіт заманның батыры кім? Жалпы, батырлықты өз қарақан басынан бұрын, ел қамын ойлау, өз жанұясынан Отанын биік қою десек, келісесіз бе? Сіз батыр деп кімді айтар едіңіз?

Бағдагүл МЕКЕБАЕВА, №3 емхананың кадр бөлімі маманы:

Өзін емес, өзгенің қамын ойлау – батырлықтың үлгісі

– Бүгінгі заманның батыры деп мен өмір мен өлім қатар келген сәтте еш ойланбастан көзсіз батырлыққа барып, өзге үшін өз өмірін қиятын  кез-келген жанды айтар едім. Бәлкім, ол аспан әлеміне саяхат жасайтын ұшқыш шығар… Ел тыныштығын қорғап жүрген шекарашылар немесе тілсіз жаудан құтқаратын өрт сөндірушілер болар… Мүмкін, жай қарапайым адам шығар… Себебі, апат айтып келмейді. Кез-келген жерде, кез-келген сәтте орын алуы мүмкін. Сондай сәтте шұғыл шешім қабылдап, әсіресе, бүлдіршіндерді судан, оттан құтқарып жатқан жандарды көргенде қатты қуанамын. Жүрегінің түгі бар, мейірімді жандар бар екен ғой деп риза боламын. Себебі, олар басқаның қолынан келмейтін істі бір өзі атқарудан еш тайын­байды. Өзін емес, өзгенің қамын ойлап тұрады. Әйтпесе, арамызда қабілеті болса, қасиеті жұтаң, қасиеті болса, қажыры жетпей жататын қаншама азаматтар бар. Елдің болашағы жастарда. Сондықтан бойында намысы, жігері, адамгершілік пен жауап­кершілік қасиетке бай қыз-жігіттерді  біз келешек ұрпаққа үлгі ете білуіміз керек.

 

Медет ҚАСЫМБАЕВ, №36 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Анадан асқан асыл да, батыр да жоқ!

– Мен үшін бүгінгі күннің батыры, ол – менің анам. Тоқшылықты да, жоқшылықты да сабырмен жеңіп, махаббат пен мейірімге толы жүрегімен алты бала-шағасын бағып-қаққан ананы қалай батыр демессің! Дәстүрлі тәрбие мен рухани құндылықтарға сусындатқан анама мың алғыс! Біз де, біздің балаларымыз да ана тілінде таза сөйлейміз, домбыра шертіп, ән саламыз. Мұның барлығы әкенің қамқорлығы мен анамыздың мейірімінің арқасы. Анамыз бізге сынақты сабырмен қабылдайтынымен үлгі, қиындыққа еш мойымайтындығымен өнеге. Мен үшін Анадан асқан асыл да, батыр да жоқ!

 

Гүлназ НАҚЫСБЕК, №36 гимназияның тарих пәні мұғалімі:

Батырлар барлық салада бар

– Тарихқа бойласақ, біз арыстарымыздың шынайы адамгершілігі мен тазалығын, ұлтын сүйген жүрегін, Отаны мен халқына деген адалдығын, батырлығын мақтан тұтамыз. Ат үстінде жүріп, жауға шапқан ата-бабалары­мыздың ерлігін елге мұра, ұрпаққа ұран дейміз. Одан беріде нағыз батыр деп Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды айтар едім. Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбирадай боздақтар елінің егемендігі үшін қыршынынан қиылды, жұрты үшін жапа шекті. Қаншама жас темір тордың артында азапталды. Желтоқсаншы­лар­дың жанкешті ерлігі кейінгі ұрпаққа тағылым­ды да ғибратты үлгі-өнеге. Сондықтан ел намы­сы үшін өзін азапқа қиған жандар қашанда ескерусіз қалмаса екен деймін. Сондай-ақ, ел алдында астарлап ойын жеткізе білетін ақын­дардың еңбегін мен нағыз батырлыққа балар едім. Балғынбек, Жандарбек бастаған Айнұр, Сара, Жансая қоштаған сөз зергерлері адамға қандай ой салады десеңізші! Ринат Зайытов бауы­рымның да еңбегін елемеуге болмас. Демек, ақын да батыр. Жалпы, батырлар барлық салада бар. Мен бейбіт заманда да батырлықтың үлгісін танытар осындай азаматтарымыздың қатары азаймаса екен деп тілеймін.

 

Динара ЕРЖАНҚЫЗЫ, Бизнес және құқық колледжінің 2-курс студенті:

Әр заманның өз батыры болады

–  Батыр деп ел қорғағанда ғана айтпай­тын шығар. Әрине, ел тыныштығы үшін күрес­кен ата-бабамызды, өткен тарихты жақсы білеміз. Дейтұрғанмен, бейбіт заманда да елге үлгі боларлық ерлігімен танылып жататын азаматтар жетерлік. Менің ойымша, әр заман­ның өз батыры болады. Мәселен, мен броко­ньерлердің қолынан қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиев деген ағамыздың ерлігін батырлық деп бағалар едім. Оның табиғатқа деген адалдығы мен қызметіне деген құрметі мен үшін үлгі. Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, 21 жастағы Нұрсұлтан Ысмағұлов есімді жігітті батыр дер ем. Ол өрттен үш бірдей жеткіншекті құтқарды. Мен өз міндетін адал атқаратын осындай ағаларымызды мақтан тұтамын.

 

Сапар БАЙЖҰМАҰЛЫ, такси жүргізуші:

Бізде «батыр» көп қой…

– Несіз айтасыз, бізде «батыр» көп қой. Әлеуметтік желілерде бір-біріне артық сөйлеп жататын жазғыш-батырлар бар. Мәселенің мәнін білмей жатып, үлкеннің жағасынан ала кететін ұл-батыр жетерлік. Ақыл айтсаң шап ете түсетін қыз-батыр қаншама?! Қайқаң қаққан батыр-келін мен әкіреңдеген батыр-күйеу бала да жоқ дей алмаймыз. Мөңке бидің айтқаны тура келіп, ұлттың сапасын ұлдың намысымен, қыздың арымен есептеген ұлы қолбасшы, қазына қария Бауыржан атамыз­дың айтқандары күн сайын ақиқатқа айналу­да. Ал шын мәнінде, М.Тазабек айтпақшы, салиқалылығын сақтап, сабыр қыла алса – қыз батыр, еркектік сөзінде тұрып, кесек қасиеттерінен айырылмаса – ұл батыр емес пе?!

 

Сауалнаманы жүргізген – Қ.ЖҰМАДІЛОВА.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *