АЖАЛ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

  • Қауіп қайдан?

Рая ЕСКЕНДІР

Дәл қазір қыстың қаһарына мінген кезі. Сондықтан, тұрғындар суықтан сақтану үшін әртүрлі шаралар қолданып, алдын алуға әрекет етіп жатыр. Дегенмен, жеке үйлерде тұрып жатқан жандар кей жағдайда өрт қауіпсіздігінің алдын алмай, түрлі қайғылы жағдай­лардың құрбаны болып жатыр.

Тек Жетісу ауданында 18500 жекеменшік үй бар екен. Қыс алдында Жетісу аудандық төтенше жағ­дайлар бөлімі барлық тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің ережелері жазылған парақшалар, телеарналар мен радио арқылы құлақтандырулар таратқан еді. Соған қарамастан, қаңтар айының 19-ы мен 24-і аралығында аудан көлемінде 8 өрт орын алған, қайғылы жағдайлар да болып, 4 адам қаза тапты. Осындай жағдайларға байланысты Жетісу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға  инженері, өртке қарсы қызмет капитаны Еркебұлан Қасеновке хабарласқан едік.

– Ауа райының күрт суытуы қала тұрғындарын әбігерге салып отыр. Ең өкініштісі, жеке тұрғын үйлерде сақтық шараларын сақтамағандықтан қайғылы жағдайлардың орын алуы. Соңғы бір аптаның ішінде 4 адам қызыл жалынның құрбаны болды. Мәселен, 19 қаңтар күні Таймыр көшесі, 4/4 үйдің тұрғыны 1982 жылы туылған Р.Шарапов есімді азамат үйдің пеші таза болмай, түтін кері қайтып, көмірге уланып қайтыс болды.

Қаңтардың 23-і күні Жұмабаев көшесі, 248 2/3 үйдің тұрғындары 2012 жылы туылған балалары Р.Огневті қараусыз жалғыз қалдырып кеткен. Кішкентай бала электр пешін қосып, соның салдарынан өрт орын алған. Тілсіз жау үйдің біраз жерін шарпып қана қоймай, кінәсіз сәбидің өмірін жалмады. Сонымен қатар, Сибиряк көшесі, №40 үйдің тұрғыны К.Дружинин мен Гончарная көшесі бойындағы №129 үйдің жылу құбырын паналап жатқан, тұрақты мекен-жайы жоқ азамат та өрттің құрбаны болды, – дейді Еркебұлан Қасенов.

«Сақтансаң сақтаймын» деген ғой. Жеке тұрғын үй қожайындарының салғырттығынан қайғылы жағдай­лардың саны азаяр емес. Бұндай қайғылы оқи­ғалар Сіздің үйіңізде болмасын десеңіз­дер, келесі ережелерді сақтаңыздар:

– Жылыту пештерін жөндеу;

– Пештің құрылысы көлденең және тігінен 38 см.-ден кем болмауы керек;

– Әр пештің алдында көлемі 50-70 см.-ден кем болмайтын темір тақта болуы шарт;

– Шатырдың үстіндегі түтін шыға­тын құбырды уақытылы тазалап, әктеп тұру керек;

– Түтін шығатын құбырды күл мен ыстан тазалау керек;

– Керосин мен майшам құрал­дарын көпшілік жүретін дәліз бен баспалдақ аумағынан алыс сақтау;

– Үй ішіндегі электр жүйесін тексеріп, қажет болса, жөндеуден өткізу керек;

– Кішкентай балаларды үлкен­дердің қарауынсыз үйде қалдырмау.

Өрт болған жағдайда «101» нөміріне дереу қоңырау соғыңыз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *