Қазағыма мың алғыс!

Тұңғыш Президент – Елбасының Жарлығымен осыдан төрт жыл бұрын белгіленген Алғыс айту күні кешегі сұрапыл күндері қазақ жерін, қазақ ұлтын пана тұтқан өзге ұлт өкілдерінің бір сәт болса да ойланып, осы бір азат күнге жеткізіп, туғанындай бауырына басқан елдің өкілдеріне ризашылығын білдіріп, мейірбандығына мейірімділік көрсету заңдылық деп бағалаймын.

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келетін бұл күні мен қатты толғанамын. Өйткені, мен қазақ халқының мейірімі мен жүрек жылуын үш жасымнан бастап күні бүгінге дейін көріп келе жатқандардың бірімін. Қазақ жерінің маған жаттығы жоқ, алайда, тағылымы мол, киелі де мейірімді мекен, құтты қонысым болған Оңтүстік Қазақстан өңірінің орны дара. Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Оңтүстік өңірінің басшылары менің ағаш бесікте жатып, кіндік қаным тамған Қап тауының баурайындағы Хаветтің топырағын бастырып, ауасын жұтып, суын ішіп, ата-анамның ізі қалған жерге баруыма мүмкіндік жасады. Бұл менің өңім түгіл түсіме енбеген, ойыма келмеген танымдық та тәрбиелік мәні бар, қоғамдық мәні бар жақсылық болды. Бұл сапар өткен ауыр күндерден хабардар етіп, тарихты танытып, санаға сәуле түсіріп, жан-дүниемді тебірентті. Туған жерді көру деген менің арманым болмаса да, ата-анамның өздерімен бірге кеткен армандарының бірі еді. Оңтүстік өңірдің азаматтары сол ата-анама арман болған дүниені баянды бағы өрлеген маған бұйыртып, аруақты риза етті. Күллі жұрттың көңілдеріне күн орнатқан оң да жемісті іс болды. Алыптарды өмірге әкелген киелі Оңтүстік өңірі зиялының кені, күні көкте күлімдеп, шапағатты шуағын төгіп тұратын Тұрардай тұлғаны өмірге әкелген, құт дарыған, Қыдыр қонған берекелі Түлкібасты мақтан тұтамын. Осы сапар барысында Хаветтегі жартылай тастан, жартылай топырақтан салынған үйлерді көріп, көкірегім қан жылады. Жол бойы күйзелген, күңіренген ел, күрсінген дала, түнерген тауды көрсем де, өмір жолы өте күрделі әрі қатерлі менің санамдағы қазақ деген жалғыз ұғым жүрегімді тербеп, Қазақстанға жер жетпейтіндігін, басқа жердің жүрегімді тербетпейтіндігін ұғындым. Отан – оттан да ыстық. Мен үшін бір ғана Отан, бір ғана жұрт бар, ол – қазақ жұрты екендігін, жүрегімде туған жерге емес, тұрған жерге деген махаббаттың басым екендігін сезіндім. Аялы жанарынан адам баласына деген жылылық пен мейірім оты ұшқындаған қазақты қадірлеп, қастерлеу адами парызымыз, азаматтық борышымыз деп бағалаймын. Сонау 1944 жылғы қиын-қыстау кезеңде Қазақстаннан жылы ұя тауып, қазақпен бас түйістіріп, жылға болып басталған өміріміз қазіргі күні арналы өзенге айналып, қазақ топырағында тату-тәтті өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің тірі қалғандарының ұрпағы өзеннің сағасына айналып, тамыр тартып, жапырақ жайып, бақытты өмір сүріп келеді. Бұл бейбітсүйгіш мемлекетте теңдікте, бірлікте, бөлінбей, жарылмай бір-бірімізді қолдап, тәуелсіздігімізді баянды етудің жемісі.

Тәуба, тәуелсіз елім, сол елдің Көшбасшысы, мәңгілік мұраттарға жетелеп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасымыз бар. Қазақ жұртын бүгінде дүйім дүние таниды. Қайда барсақ та, Қазақстан азаматы екендігіңді мақтан тұтасың. Менің туған жеріме барып, тәу етіп қайтуым да осы тәуелсіздігіміздің арқасы, осы тәуелсіз елде тұрып жатқан халықтардың тату-тәтті өмірі мен тіршілігінің жемісі. Қазаққа Жаратқан ие бар игіліктерді өзінің пейілі мен ниетіне қарай берген деп бағалаймын. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма тоғыз жылға жуықтады. Жер-Анамыздың бауыры бүтін, еліміздің іргесі тыныш. Мына қауіп-қатерлі, сын сағаттары көп уақытта тыныштықта өмір сүрудің өзі зор бақыт. Осындай елге, оның халқына алғыс айтпау азаматтығымызға сын болар еді. Алғыс айту күні шын мәнінде бізді бұрынғыдан да жақындастырып, бір-бірімізге деген мейірімімізді арттыра түсері хақ. Мен осы күнді пайдалана отырып, мені жалғызындай бауырына басып келе жатқан қазақ жұртына перзенттік алғысымды айтамын. Мені Асылы Осман деген дәрежеге жеткізіп, төріне шығарып, табанымнан сыз, арқамнан жел өткізбей, маңдайымнан сипап келе жатқан осы қазақ жұрты. Сондықтан да мен өле-өлгенше қазаққа қарыздармын деген сөзімнен жаңылмаймын. Қазақ – алысты жақындатып, аразды татуластыратын, үлкенді сыйлайтын ілтипатты, кішіге қамқор, адал, аңғал халық. Ешкімге тиіспеген, ал тиіскенге басын имеген батыр халық. Бізді осы күнге жеткізген қазағымның сол өр рухы.

Қазағымның ұлыларынан маған ұлылық бұйырмағанмен, ұлағаты бұйырды. Сол ұлағатын бойыма дарыта отырып, халім жеткенше, қазағымның жоғын жоқтап, тілегін ақтап өтемін. Осы бір Алғыс айту күні мен Көкте Аллаға, сол Алладан бір жас кіші қазақ халқына, оны басқарып отырған қазақ даласының самалы маңдайына, дәмі таңдайына тиген Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа, туған жеріме барып келуіме мүмкіндік жасап, жақсылыққа кенелткен Оңтүстік өңірдің басшысы болған Жансейіт Түймебаевқа, осы ұсынысты жасаған Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековке, аудан басшысының бір ауыз ұсынысын қолдаған мәслихат депутаттарына, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың саясатының беріктігін танытып, Грузияны таңдандырып, Ахысканы аралатып, Боржомиде жүрген қазағыммен қауыштырған «Айғақ» корпорациясының құрылтайшысы, қоғамдық кеңес мүшесі Дулат Әбіш бауырыма, оның ұжымына халқымның алдында бас иіп, рахметімді айтып, алғысымды білдіремін. Жұртым сүрінбей, жамандыққа ілінбей, жақсылық жандарына серік болсын. Алла Арыстың ағысын, тұлпардың шабысын берсін. Ал мен қайда жүрсем де бар күшімді Қазақстанның бағы мен бақыты, еркі мен еркіндігі жолында сарп етпекпін. Тірлігіміздің тірегі – татулықты ту етіп, төбеме көтеріп, қазағымның рухын биіктетемін. Қазағымды аялаймын анамдай, арқасүйер панамдай. Жасап, жаңара бер 130 ұлт пен ұлыстың ұрпағын бауырына басқан, азаматтық келісімді тұғыр етіп, түрлі мәдениеттер мен діндерді тоғыстырып, көп ұлттың татулығын ту етіп отырған зайырлы мемлекетім – Қазақстаным, Қазағым!

Асылы ОСМАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоғам қайраткері,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *