Азғырдан шыққан атақты академик

«Құрмет» орденінің иегері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Өтеғали Қадырғалиұлы Шеденов туралы бір үзік сыр

Адам баласының дүниеге шыр етіп  келгенінен бастап,  азамат, тұлға болып қалыптасқанына дейін әсер ететін факторларға  тектілік пен ұлттық тәрбие, туған ел топырағының киесі мен өскен ортасы жататыны ғылымда әбден дәлелденген аксиома. Бұл – заңдылық.

Қазақ елінің әрбір  аймағы мен өлкесі қастерлі, әрі қасиетті, тарихы терең.  Сондай жерлердің бірі – Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында орналасқан Нарын-Азғыр өңірі. Бұл өлкеге кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңізші!  Арыға бармай-ақ, бергі замандарда «Жеті жұрт кетіп, жол салған» өңірдің тарихын  Нәрік ұлы ер Шора, Едіге би, Тоқтамыс хан, Алшағыр, Орақ батыр, Қарасай мен Қази, Бұрындық хан мен Қасым хан, Орманбет билер алтын әріптермен толтырса,  кешегі Махамбет пен Исатайдың тұлпарлары даланың шаңын шығарады,   ал Құрманғазы мен Динаның домбырасы кең даланы күйлерімен  тербетеді.

Балалық шағын соғыс өрті шарпыған, ата-ананың мейірімін соғыс өрті ұрлаған…

Біздің кейіпкеріміз аталған өңірдегі Батырбек ауылдық кеңесіне қарайтын Алғабас колхозы Ошаған ауылының тума­сы. Ол  – экономика ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттану академиясы­ның академигі, ҚР Әлеу­меттік ғылымдар академиясының акаде­мигі, Халықаралық Еуразия эконо­микалық академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлы­ғының лауреаты, Ш.Уәлиханов атын­дағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес Жоғары мектебінің профес­соры, әрі ардагері Өтеғали Қадырғалиұлы Шеденов.

Өтекеңнің  әкесі Қадырғали туған бауырлары – Молдағали, Қаженға­лимен бірге ел басына күн туғанда майданға атта­нады. 1942 жылдың күзінде Сталинград майданында  Мамай қорғаны түбінде қаза тауып, сол жерде жерле­неді. Анасы – Рысханым ауылдық мек­тептің мұғалімі. 1942 жылдың тамызы­нан 1943 жылдың ақпанына дейін майдан шебі Азғырдан екі жүздей шақырымдай болып, ауыл тұрғын­дары майданға жылы киімдер, азық-түлік­терді арбамен жеткізіп тұрыпты. Сондай бір  сапарда ат-арба тізбегі жау самолетінің бомба­лауына тап болып, анасы ауыр жара­қат алады да, көп ұзамай қайтыс болады.

Балалық шағын соғыс өрті шарпы­ған, ата-ананың мейірімін соғыс өрті ұрлаған  Өтеғали ағамызды туған наға­шы атасы Тоғ­жан ақсақал тәрбиелеп өсірді. Бастауыш сыныпты Алғабаста оқып, 1956 жылы орта мектепті Азғырдағы мектеп-интернатта жатып үздік бітіреді. Сол жылы ауылдан шық­қан  11 бала арман қуып, небір қиындық­тарды бастарынан өткере екі апта жол жүріп, пойызбен Алматыға келеді. Ауыл мектебінен алған үздік білімін тағы да дәлелдеп, ол ҚазМУ-дың Эко­номика факультетіне барлық сынақты «беске» тапсырып, студент атанады.

Студенттік жылдардың алғашқы күнде­рінде бірге оқитын группалас достары оған «профессор» деген  лақап есім берген екен.  Студент кездегі «профессор» Өтеғали Шеденов та осы жолдардан өтіп, үлкен ғылым жолын­дағы өз соқпағын қалыптас­тырады. Осы жолда  ұлағатты ұстаздары  – Ф.А.Же­ре­­бятьев, В.Н.Пуриц, В.В.Шилов, Н.И.Яннос, И.М.Бровер, С.А.Нейштадт, М.М.Разма­нов, С.Г.Голденьгерш және тағы басқалары студент Шеденовтан зор үміт күтетіндік­терін айтып, оны ғылыммен айналысуға бейімдейді,  университетті бітір­ген соң  аспиран­тураға түсуге кеңес береді. Әлемге таныл­ған ғалым-экономистер – акаде­мик Л.И.Абалкин, академик Н.А.Пет­­раков, А.И.Бирман, С.С.Васильев, А.Г.Григорьян, Ш.Я.Турецкий және  тағы басқалардан да дәріс алды.

1961 жылы Ө.Шеденов Мәскеудегі Г.В.Плеханов атындағы Халық шаруа­шылығы институтының  аспирантура­сына  құжаттар тапсырып, бір орынға төрт үміткер таласқан конкурста жеңіп шығып, аспиран­тураға қабылданады. Мәскеуде өткен жылдар ағамыздың өмір жолында терең із қалдырады. Мәскеуге ғылым соңынан қуып кел­гендіктен, бірінші бағыт, ол – канди­даттық диссерта­циясына қатыс­ты ізде­ністер мен жұмыстар болды. Ғылыми жетекшісі, профессор Анна Самойловна Иткина өте мәдениетті, парасатты тұлға болды. Шәкіртінен мейірімін аямай, оның нағыз ғалым болып қалыпта­суына бар күшімен көмектеседі.  Жас жігіттің бойын­дағы қабілет пен дайындықты, жігер мен жалынды байқаған ұстаз шәкіртіне дұрыс жол көрсетті.

Өтекеңнің мәскеулік ғалымдардың  ара­сында өте сағынышпен еске алатын тағы бір ұстазы  – кафедра меңгерушісі Михаил Викторович Бреев еді. 1964 жыл­дың күзінде  кандидаттық диссер­тациясын жазып бітіріп, ғылыми Кеңес алдында өте сәтті қорғап шыққан шәкір­ті  Өтеғали Қадырғалиұлына  Бреев  былай деп бата­сын береді,  әрі тілегін айтады: «Сен жеткен межеңе масат­танбай, таяу жылда доктор­лығыңды да қорғап ал! Әйтпесе, болмайды. Ал ғылыми жәрдемді менен күт».

 

Жан досым, үстем болсын мерейің…

Ағайымыздың өмір жолындағы мәс­кеу­лік кезеңнің екінші бір бағыты – сол жылдары етене  араласқан және әлі күнге дейін: «жан досым, үстем бол­сын мерейің» деп араласып келе жатқан «мәскеулік» достары. Өткен ғасырдың 50—60-жылдары Мәскеудегі көптеген жоғары оқу орында­рында  Қазақстан­нан барған  талантты қазақ жастары оқиды, ғылыми ізденістерін жүргізеді.   Олардың бәрі бүгінгі күндері елімізге белгілі үлкен ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері. Солардың ішінде Өтекеңнің ең жақын араласқан достары – академиктер Көпжасар Нәрібаев, Кенже­ғали Сағадиев, Нұрға­ли Мамыров еді. Бұл үш досы кейіннен Алматыдағы үш ең мықты ЖОО-ның ректорлары болып жемісті қызметтер атқарады. Одан кейін К.Бердалиев, Қ.Төл­таев, М.Кенжеғозин, Н.Алпамы­сова, Е.Асан­баев, О.Баймұратов, С.Абдуллина, М.Темір­баев, Р.Бекте­мірова, З.Жұмаділов, Ө.Кейсік­баев, А.Ормантаев, А.Тоғайбаев, А.Масақ­баев, Э.Ыбырашев, Б.Әжікеев, Г.Мұха­меджанов және тағы басқа да көптеген жас­тармен араласты. Мәскеудегі қазақ жаста­рының сол жыл­дар­дағы бір ерекшелігі – бір-біріне қолдау көрсету, жақсылық­тарына ортақтасу, әр түрлі шаралар ұйымдастыру және қатысу секіл­ді жұмыстар болды. Сол жылдар­дағы достық ағалар арасында әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Ғылым кандидаты дәрежесімен Алматыға келген Ө.Шеденов еңбек жолын 1965 жылы  Алматы ауыл шаруа­шылығы инсти­тутында бастап, өзінің алғырлығы­мен, ұйымдастырушы­лығымен бірден көзге түседі де, келесі жылдан бастап, Алматы қалалық Жоғары Экономика мектебіне шақыры­лады. Бір жыл оқу бөлімінің бастығы, ал келесі жылдан бастап оның ректоры болып жұмыс істей бастайды. 1969 жылы «Эконо­мика и планирование общес­твенного  пита­ния» моногра­фиясын жа­рық­қа шығарады. Жалпы саны 80-дей кітаптың авторына әр еңбегі ыстық қой. Дегенмен де, алғашқы монографияның орны ерекше.

Одан кейінгі жылдарда ағамыздың тасы өрге өрмелеп, ғылым саласы бойынша да, қызмет саласы бойынша жоғарылайды. Экономиканы жүргізудің  теориялық және практикалық мәселе­лерімен айналыса жүріп, 1977 жылы докторлық диссерта­циясын жазып бітіреді де, екі жылдан кейін доктор­лығын сәтті қорғап шығады. КСРО тұсында докторлық диссертацияны 50-ден асып, 60-қа таяғанда қорғау дәстүр­ге айналса, ағамыз докторлық диссерта­ция­сын 38 жасында жазып шығып, екі жыл­дық жүгірістерден кейін 40 жасын­да айды аспанға бір-ақ шығарады.

 

Сібір өзендерінің арнасын Қазақстан мен Орта Азияға бұру жобасын да қолға алған еді

1979 жылы ашылған Архитектура-құрылыс институтында саяси экономия кафедрасы құрылып, Өтекең сонда кафед­ра меңгерушісі қызметіне шақы­ры­лады. Мұндағы оқу-әдістемелік, тәрбиелік және ғылыми жұмыстарды ұйымдасты­румен  қатар, Қазақ КСР Ғылым акаде­миясын­дағы Өндіргіш күштерді зерттеу бойынша Кеңес төрағасының орынбасары, әлеумет­тік-экономикалық проблемалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Про­фессор Ө.Шеденовтың басшылығымен осы жыл­дары ел тағдыры үшін аса маңызды  – Қазақ­стан Республикасын интенцифика­ция жолымен дамыту жобасы жасалып, үкімет тарапына ұсы­нылады. Сондай-ақ, Сібір өзендерінің арнасын  Қазақстан мен Орта Азияға бұру жобасы да қолға алынып, аяқта­лып еді. Өкінішке орай, оны жүзеге асырудың мүмкіндігі болмай қалды.

Кейіпкеріміздің мәскеулік кезеңі­нің ерекше айтып өтер тағы бір бағыты – өмір­лік жары, балаларының анасы, немереле­рінің әжесі бола білген, ҚазМУ-дың Физи­ка факультетінің түлегі, мәскеулік аспи­рант қыз Бэла Ғабдолғалиқызы Ахметова­мен отбасын құруы. Ядролық физиканың қыр-сырымен  айналысқан  Бэла апай да өз уақытында кандидаттық диссертация­сын  қорғайды. Жас жұбайлар – қос ғылым кандидаты Мәскеудегі жұмыс­тары аяқтал­ған соң, елге қызмет етуге асығады. Туған  ел жас отбасын   қуана қарсы алады. Бэла апайымыз ғылы­ми жұмысын ҚазМУ-да одан әрі жалғас­тырып, зор ғылыми нәти­желерге қол жеткізеді. Соның нәтижесінде 1972 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл сыйлық, бұл табыс –  әде­биет саласындағы М.Әуезовтің, Ә.Нұр­пейісовтің табыстарымен бірдей еді. КСРО кезеңіндегі  Қазақстан ғылымының физика саласын­дағы зор табысы болып саналды. Тек Бэла апамыз өмірден осыдан он жыл бұрын ерте өткені көңіл қынжылтады. Ағамыз бен апайымыздан  Ілияс пен Назым атты ұл-қыз өрбіді. Ілияс Шеденов – бизнес сала­сында, ал Назым Шеденова әлеу­меттану ғылымының докторы, профес­сор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еңбек етеді. Олардың әрқайсысы жеке отбасы. Ұл-қызынан  ағамыз  немере  сүйіп отыр.

Өтекеңнің мәскеулік кезеңіндегі тағы бір ерекше атап өтетін бағыт –  қазақстан­дық жастар құрған  әйгілі «Жас тұлпар»  ұйымына мүшелік. Ұйымның жетекшісі Мұрат Әуезов болып, «жастұлпарлықтар» Мәскеуде көптеген мәдени-ағартушылық шаралар өткізеді. Кейіннен бұл ұйым мүшелері КГБ-ның назарына ілігеді де, ұйым жабылып, мүшелері қудалауға түседі. Қазақ жастары жаппай жауапқа тарты­ла бастайды, арнайы мекемеге шақы­рылып, сұрақтардың астында қалады. Олардың  арасында Өтекең де бар еді.

Акдемик ағамыз бүгінде 80 жасқа толса да, болдым, толдым деп отырған жоқ. Университетімізде өзінің дәрісін оқып, бос уақытында өлеңдерін жазып, жастарға тәрбие жұмыстарын жүргізіп келеді. Алыс­тағы Атыраудың Азғыр ауы­лынан шығып, Алматыда атақ-абыройға ие болған аға­мызды мерей­тойымен бүкіл ел құттықтап жатыр.

 

Б.КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымының докторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *