АЗҒЫНДЫҚ АСҚЫНЫП БАРАДЫ

Мұны жою үшін не істеу керек?

aktau_pedofil

Серік ЖҰМАБАЕВ

Қазір қоғамда не болмай жатыр? Адам өлтіру, тонау, қарақшылық жасау, зорлау секілді қатыгездік әрекеттердің барлығы орын алуда. Тіпті үлкендерді қойып, жастардың арасында да болмашы нәрсе үшін бірін-бірі пышақтап кету, атып кету, асып кету секілді жантүршігерлік оқиғаларды да жиі еститін болдық.

Онымен қоса, педофил деген жауыз­дық та белең ала бастады. Соңғы екі-үш жылда қасиетті деп жүрген Түркістан қала­сының өзін­де аузынан ана сүті кеппеген үш жас жеткіншек қыз зор­ланды. Ол-ол ма, өткен жылы ғана Жам­был облысында 55 жастағы ересек кісі небәрі төрт жасар ұл баланы айуан­дықпен зорлап, өлі денені тоңазтқышқа тығып қойған. Ең сорақысы қылмыскер өз істегенін мойындап, «ішімдік ішіп алған­нан кейін не істеп, не қойғанымды біл­меймін, өзім түсінбей қалдым» деп ақтал­ған. Ал Ақтауда өткен аптада ғана адам деп айтуға ауыз бармайтын бір жауыз-педофил небәрі 6 жасар қызды ұрлап, зорлап кеткен. Полицейлер оны бірнеше сағаттан кейін қансырап жатқан жерінен тапқан. Дәрігерлердің айтуынша, енді жарты сағат кешіккенде, оның тірі қалуы екі талай болған.

Қарап отырсақ, мұндай азғындық әре­кеттер тек Жамбыл мен Түркістанда немесе Ақтауда ғана емес, Ақтөбеде, Тал­дықорғанда, Павлодарда, Қарағандыда, Шығыс Қазақстан облысында да орын алған. Бесіктен белі енді шыққан баланы айуандықпен зорлау – бұл қорлық, сүйек­ке түскен таңба. Ата-баба тари­хында болмаған мұндай хайуандық әрекеттер қайдан пайда болды? Қоғам неге осыншама бүлініп отыр? Мұны көпшілік ұлттық тәрбиені босаңсытып, экрандағы жауыздық фильм­дерді көп­теп көрсе­туімізден деп жатады. Еліміз­дің генетик-ғалымдары мұның алдын ертерек алмасақ, қазақтың ұлттық генети­калық жадын оятпасақ, ертеңгі күні үлкен қауіп туындауы мүмкін екендігін айтады.

Қазір әлемнің генетик-ғалымдары адам­зат­тың генетикалық кодында ауыт­қушылық пайда болғанын тілге тиек етіп жүр. Әртүрлі полигондардың кесірінен, «Байқоңыр» ғарыш айлағы секілді космодром­дардың, ауаға улы газдар бөліп шығаратын зауыттардың салда­рынан адамзаттың генетикалық құры­лымдары өзгеріп, денсаулығы мен мінез-құлқына әсер етуде.

Осы ретте генетик ғалымдар адамның кейбір қабілеттерінің, мысалы, музыкаға, шешен сөйлеуге, ақындыққа, матема­тикаға бейімділігі және т.б. қасиеттері тұқым қуалай­тындығын анық­таған. Айта­лық, музыкаға қабілеттілік әйгілі Бах­тардың әулетінде болған. Мұндай мысал­дарды өзіміздің қазақ дарындыларынан да келтіруге болады. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай әулетінен тараған ұрпақтардың ішінде ақындар, сазгерлер, шешен сөйлейтіндер көп болған. Олар: Құнан­байдың баласы, қазақтың жазба әдебие­тінің негізін салушы – Абай, немерелері — Шәкәрім, Әбдірахман, Мағауия, Ақылбай т.б. «Жоғарыдағы қатыгездік әрекеттер де ертеңгі күні қанымызға сіңіп, тұқым қуалауы ғажап емес. Біз кішкентай бала көрсек, «тпәй-тпәй, атасына тартыпты, ағасына тартыпты» деп, кейбір мінездерін, түр-сипатын отбасын­дағы үлкендерге ұқсатып жатамыз. Қазақтың «Бір ұл бар атаға жете туады, бір ұл бар атадан кете туады, бір ұл бар атадан өте туады» деген мақалы да тегіннен-тегін айтылмаған. Сон­дық­тан азғындықтың алдын алмасақ, әкеден екі есе асып түсетін жауыздық, қатыгездік жасайтын ұрпақ пайда болуы әбден мүмкін» дейді генетик ғалымдар. Біз бұлай жүре берсек, ұрпақ ауыса келе, бүкіл адамзат қауы­мы мутантқа айналып кетпей ме? Мутация адамның жүйке жүйесіне, миға әсер ететін­діктен, келешек ұрпақтың ақыл-ойы тежеліп, күштілер әлсізге әлек көрсетіп, қоғам заңы орман заңына айналмасына кім кепіл?

Бақытжан БЕКМАНОВ, генетик маман, биология ғылымының кандидаты, доцент:

Ұлттық тәрбиеден ұтарымыз көп

– Негізі, әке-шешенің кейбір қасиеттері балаға берілетіні рас. Интеллектуалдық қабілет ұрпақтан-ұрпаққа тұқым қуалайтындығы дәлелденген. Оған күмән жоқ. Мысалы, жастар 50 пайыз қабілетті ата-анасынан алса, 50 пайызын қоршаған ортаның әсерінен алады. Егер текті ұрпақтың тұяғын ұлттық бағытта тәрбиелеп, отаншылдыққа баули алсақ, ол баладан ешқашан қатыгездік шықпайды. Ең бастысы, тегімізді, генімізді таза ұстасақ, балаларымызды ұлттық тәрбиемен тәрбие­лесек, онда біздің ұтарымыз көп. Бұл — мәселе­нің жақсы жақтары ғана. Дәл осы секілді қатыгездік, ашуланшақтық, кедір-бұдыр мінез де тұқым қуалайды. Енді жақсы қабілет ата­дан балаға берілгенде, неге нашар мінез тұқым қуаламасқа? Ол да — атадан балаға берілетін белгілердің бірі. Оны бөліп-жарудың керегі жоқ. Бірақ бұл жерде қоршаған ортаның да көп әсері барын ұмытпағанымыз жөн. Мәсе­лен, ашу­ланшақтық, күйгелектік баланың генінде болса, алайда сыртқы орта оған жайлы, жақсы болып тұрса, онда ол мінездер ешқа­шан сыртқа шықпайды. Ал сыртқы ортада күйбең тіршілік, ұрыс-керіс көп болса, онда нашар мінездер де активтеніп, өз ықпалын көрсете бастайды. Нәтижесінде адам бойында қатыгездік, жауыздық пайда бола бастайды. Бізде, өкінішке орай, ауру түр­лерінің тұқым қуалайтындығын ғана зерт­тейміз де, ал атадан балаға берілетін мінез­дердің ішкі факторла­рына көп жағ­дайда үңілмей жатамыз. Сондық­тан ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қабілеттерді де жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттейтін уақыт жетті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының зерттеуі бойынша, өткен ғасырдың 60-жылдарының басында қазақ ұлты «адамзат­тың геномы» атанған, яғни ең таза қан қазақтарда болған. Бұл жеті атаға дейін қыз алыспау саясатының үлкен жемісі еді. Кеңес заманында елімізге арақ-шарап ағылды. Осы­лайша, қазақ ұлты сау басына сақина тілеп алды. Дәрі­герлердің айтуынша, біздің қазақ­тарда алкоголь-дегидрогеназ деген фермент жоқ екен. Еуропа халық­тары, Испания, Франция, Германия, Италия, әрі-беріден соң көрші Ресейдің халықтары алкоголь­ды ішімдіктерді ежелден ішіп келеді. Құдды, ұлттық сусындары тәрізді. Сон­дықтан да олардың қанда­рында алкоголь-дегидрогеназ деген фермент көп. Әлгі фермент олардың қандарына түскен алкогольдың уытымен күреседі. Ал бізде мұндай фермент болма­ғандықтан, біздің ішімдіктен табатын ауруымыз да, түрлі қылмыс та осыдан болып шығады. Осылардың себебінен де генетикалық құрылымымыз бұзылған. «Қазақта бұрын-соңды қант диабеті деген болмаған. Қазір көбейді. Негізінен, бұл ауру генетикалық құрылымы бұзылған халықтарда көп болады», – дейді дәрігер-мамандар.

Жалпы, мұны ретке келтіру үшін не істеу керек? Қатыгездікті қанға сіңірмей, адамзат қауымын апаттан аман алып қалу үшін қандай әрекеттер жасаған жөн?

Әбдімәлік ӘБДІРАХМАН, ислам­танушы:   

Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты қайта жаңғыр­туымыз керек

– Ол үшін қазақ рухының генетикалық жады, ұлттық коды мен дүниетанымын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын қайта жаңғыр­туымыз керек. Сондай-ақ ата-анамен қатар, педагог­тер қауымы да баланың тілегін Құдайдан сұрағаны абзал. Себебі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадисін­де баласының тілеуін тілеген ата-ана дұғаларының қабыл болатын­дығы айтылған. Педагогтер де Жаратқаннан балалар үшін тілек тілегені дұрыс. Кезінде тұтастай бір қоғамды жамандықтан тыйып, жақсылыққа тәрбиелеген хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздан алар үлгіміз көп. Пайғамбарымыздың өмірін, бала тәрбиесіндегі ісін көпшілікке насихат­тауы­мыз қажет. Сонда ғана қоғамды қаты­гездіктен сақтап қаламыз.

Біздің міндет — ой тастау, ал оның жүзеге асуы құзырлы органдар мен әр адамның өзіне байланысты. Қалай десек те, қатыгездіктің қанға сіңбей, бүкіл адам­зат қауымын апатқа ұшы­ратпай тұрғанда, мұның алдын алатын кез жетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *