Ардагерлерге берілетін бірреттік төлем теңестіріледі

Алдағы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған жоспарлар аясында елімізде барлығы 67 іс-шара қарастырылған екен. Оның ішінде әскери парад та бар көрінеді.

Соған орай, таяуда елордадағы Үкімет үйінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын Қазақстанда атап өту және оған дайындықты ұйымдастыруға орай Ведомствоаралық комиссияның кеңауқымды отырысы болып өтті. Онда ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов атқарылатын тиісті шаралар Жоспарының жобасы туралы ақпаратты ұсынды.

Атап айтқанда, онда Ұлы Жеңістің мерейтойлық шарасына мынадай іс-шаралар өткізу жоспарланған:

  • әскери шеру өткізу;
  • ҰОС жылдары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерілмей қалған қабірлерін және жерленбей қалған қалдықтарын анықтау бойынша іздеу жұмыстарын жүргізу;
  • ардагерлердің ТМД елдері аумағында өткізілетін шараларға қатысуы;
  • ардагерлерге әлеуметтік көмектер көрсету;
  • мерейтойлық медальдар тапсыру, мәдени-бұқаралық шаралар өткізу.

Қысқасы, Жоспар жобасында барлығы 67 іс-шара қарастырылған екен. Осы

орайда, Бердібек Сапарбаев әрбір облыста Жеңістің мерейтойлық жылын атап өтуге байланысты дайындықтар жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру қажеттігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктер мен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесімен бірлесе Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ҰОС ардагерлері мен мүгедектерге бірреттік төлемдер белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл ретте Б.Сапарбаев: «ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, тарихи миссияны орындап, фашизмді жеңуге үлес қосқан барша қазақстандықтарды ардақтау – жалпымемлекеттік ауқымдағы шара. Сондықтан біз барлық күш-жігерімізді оларды жан-жақты қолдауға бағыттауымыз қажет. Әрі ешбір ардагер назардан тыс, қамқорлықсыз қалмауы тиіс», – деп атап көрсетті.

Осылай кеңесті қорытындылаған вице-премьер жиын соңында Жеңістің мерейтойлық жылын атап өту бойынша барлық шаралар еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамның ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатына бағытталуына және жас ұрпақ бойында ұлтжандылық сезімді нығайтуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close