АРҒЫ БЕТ ПЕН БЕРГІ БЕТТІ ЖЫРЫМЕНЕН ЖАЛҒАҒАН

тағдыры ақын еткен Жәркен Бөдешұлы – 70 жаста

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, көрнекті ақын Жәркен Бөдешұлының 70 жасқа толуына орай «Арғы тауға – асумын, бергі тауға – белеспін» атты шығармашылық кешін респуб­ликалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жүргізді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай әріптестері атынан құттықтап, ақынның иығына шапан жапты. Ақын Жәркен Бөдешұлының шығармашылығы туралы Астанадан арнайы келген ақын Несіпбек Айтұлы баяндама жасады.

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы­ның орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев: «Жәркен Бөдешұлы он жылдан астам қауымдастықта еңбек етті. Оны Қалдарбек Найманбаев ағамыз алып келген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жұмыссыз­дық белең алған жылдары атамекенінде таланты ашыла түсті. Өлең жазуға ұзақ жылын арнап, тер төгіп жүрген ақын», – десе, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Алпысыншы жылдары Қытай елінде мәдени революция қаулап тұрған шақта отызшақты адам шекараның бергі жағына өткен. Солардың бірі осы Жәркен еді. Шека­раны заңсыз бұзып өттің деген желеумен Көкшетауға жер аударып, қой бақтырып қояды. Жәркен қой бағып әрі ой бағып жүрген екен. Қойны-қоншы өлеңнің қоймасы екен. Ол өзінің тақырыбын ала келді. Онысысы арғы бетте – наға­шым, бергі бетте – жиенім дегендей, бөлініп қалған қазақ тағдыры болды. Кіндік қаны тамған Жәйір тауына араға 20 жыл салып, қос құлынын ертіп барды. Мына іргеде тұрған Қаскелеңді сағындым деп өлең жазатын ақындар бар, Жәркеннің сағынышы мүлде бөлек», – деді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы ақынды құттықтап, темір тұлпардың кілтін табыс етті. Темірші-ұсталар Айберген мен Махмұт өздері жасаған айбалтаны сыйға тартты.

Қаламгерлер Темірхан Медетбек пен Қуаныш­бай Құрманғалиевтер ақын туралы ойларын ортаға салса, Бақыт Беделхан, Саят Қамшыгер, Тоқтарәлі Таңжарық бастаған жас толқын ақындар Жәркен Бөдешұлының өлеңдерін оқыды. Танымал әншілер Жәркен Бөдешұлының өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *