Алматылық «алыптар» – чемпион

«Достық» спорт кешенінде баскетболдан Қазақстан чем­пионатының аясында финал­дық кездесулер өтті. Ел бірін­шілігінде  екі үміткер «Алматы­лық Легион» мен «Қазығұрт» командалары қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсетті. Баскетбол­шылар барын  салып, бақ  сы­насты. Ойыншылардың жеңіске деген ынталары ал­ғашқы сәттерден-ақ байқалды. Деген­мен, бірінші кезеңді алма­тылықтар 36:17 есебімен сәтті аяқтады. Алайда, матчтың екінші жартысында шымкент­тіктер алаң қожайындарын қуып жетіп, есепті  теңестіре  алды, 36:36.

Ойынның соңына қарай екі команда арасындағы шиеленіс арта түсті. Баскетболшылар бірдей деңгейде бәстесті. Үшінші кезеңді алматылықтар қарсыластарын үш ұпай айырмасымен жеңді, есеп 58:55. Соңғы шешуші кезеңде басымдық бір командадан екіншісіне өтіп отыр­ғанымен, соңында «Алматылық Легион» спортшылары жиналып, қарсыластарын тізе бүктірді. Матч алматылықтардың  жеңісімен, 82:74 есебімен өз  мәресіне  жетті.  

– Ойын қиын берілді, соңғы ми­нутқа дейін басымдық қай командада екені белгісіз еді. Бұл көптен күткен жеңіс, алматылықтарды  құттықтай­мын, біз­ге қолдау көрсеткен бас­кетбол жан­күйерлеріне алғыс біл­діремін. Ойынның екінші жарты­сында кішкене қате­ліктер  жіберілді, оның үстіне  қарсы­ластар да мықты болды. Екі команда да барын салып  ойнады, сондықтан да ұпай айырмасы көп емес, – дейді «Алматылық Легион» командасының капитаны Всеволод Фадейкин.

Сонымен қатар, «Синегорье» мен астаналық «Тигр» командалары да кездесіп, үшінші орын үшін таласты. Матч нәтижесі бойынша 78:68 ұпаймен «Синегорье» баскетболшы­лары жеңіске жетті. Ал «Барс» пен «Атырау барыстары-2» бесінші орынды сарапқа салды. Бұл матчта «Барсы Атырау барыстары-2» қар­сыластарын 101:74 есебімен  ойсырата  ұтты.

Ел чемпионатында командалар турнир кестесінде осылайша жайғас­ты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Алматы қаласы  Дене шынықтыру және спорт басқармасының  және баскетбол федерациясының өкілдері марапаттады. Жеңімпаз команда­ларға кубок, медальдар  табысталды.

 

Айдана ӘДІЛБЕКОВА,

Алматы қаласы ДШжС басқармасының баспасөз қызметі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *