«АЛМАТЫ БАРЫСЫ» АНЫҚТАЛДЫ

Жеңімпаз бен жүлдегер Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан Барысына» қатысады

Шаһарымызда 8 мамыр күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақ күресінен «Алматы Барысы» дәстүрлі турнирі өтті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсі­мінде «Қазақ күресі» федерациясының тұңғыш президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Ерғали Мұхитдинұлы және Алматы қаласы спорт басқармасы басшысының орын­ба­сары Еркебұлан Кенжеболатов сөз сөйлеп, көпшілікті кезекті спорт мереке­сімен құттықтап, палуандарға сәттілік тіледі. «Алматы Барысы» атағына таласуға шаһардың сегіз ауданынан  жиырма төрт апайтөс палуан келіпті.

– Бүгінгі жарысымызда 8 ауданнан ең мықты 24 палуан қатысып, «Алматы Барысы» атағын сарапқа салады. Ұйымдастырушылар мен демеушілер осынау дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткізіп, төрешілер әділ болатынына сенім мол. Палуандардың да дайындықтары жақсы. Айтып кетсек, боз кілемге спортшылардың арасындағы ең жас болса да,  салмағы  140 кг. түйе палуан Ғазиз Оңғарбай шығады, – деді «Алматы Барысы—2019»  бас хатшысы Болатбек Ибрагимов.

Нағыз алыптар айқасқа түскен бәсекеде іріктеу кезеңінде сүрінбей өткен төрт палуан жартылай финалға жолдама алды. Төрт алып — Руслан Абдразақов, Дәурен Нұралинов, Сахан Әбдіқасым және Ерасыл Жанатаев боз кілемде жақ­сы белдесулер көрсетті. Үшінші орын, «Қола белбеу» үшін болған  белдесуде Ерасыл Жанатаев (Медеу ауданы)  қарсыласы Сахан Әбдіқасым­нан басым болды.

Бірінші орын,  «Алматы Барысы»  атағы үшін күресуге кілемге Руслан Абдразақов (Медеу ауданы) пен Дәурен Нұралинов (Наурызбай ауданы) шықты. Белдесу барысында палуандар берілген уақыттың соңына дейін күш сынасып, жартылай жеңіс әдісімен Руслан Абдра­зақов жеңіске қол жеткізіп, «Алтын белбеуді» иеленді. Ал Дәурен Нұралинов «Күміс белбеу» иегері атанды. 2018  жылғы «Алматы Барысы» турнирінің финалында да  дәл осы екі палуан кездескен болатын. Ол кезде Дәурен Нұралинов қарсыласынан басым түскен болатын. Бірінші және екінші орын алған палуандар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан Барысы» республи­калық турнирінде Алматы қаласының намысын қорғайды.

Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақ күресінен Әлем Кубогінің қола жүлдегері, тұңғыш  «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұл жарыстың құрметті қонағы болып, турнирдің жоғары деңгейде өткенін  атап өтті. Қазіргі таңда Қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқа­нын, шет елдерде семинарлар өткізіліп, бүгінде палуандардың мықтылары ірік­теліп, Польшада өтетін Еуропа чемпио­натына дайындық жүріп жатқанын айтты.

Жарыстың ұйымдастырушылары – «Алматы Спорты» мен Алматы қаласы­ның әкімдігі. Демеушісі – «Samal» ауыз суы.

Турнирде  Ерболат Құдайбергенов, «HASSAK» этно-фольклорлық ансамблі және «JORGA» бишілер тобы өнер көрсетті.

 

Нұр ҚАЙЫР.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *